САРСЕНОВА. Ол Асан Асановичтің нағашысының жиені.
КАРИМОВ. Биылғы курс немене, тек Асан Асановичтар династиясын оқыта ма?
САРСЕНОВА (кәдімгідей салиқалы жауап беріп). О не дегеніңіз, биыл ғана емес, былтыр да, алдыңғы жылы да, оның алдыңғы жылы да, о кісінің жақын-туыстары бізге түскен.
КАРИМОВ. Онда келесі жылғы қабылдауды түгелдей со кісінің туыстарына арнайық та. Басқа жұрттың басын босқа қатырып қайтеміз?
САРСЕНОВА. Ашуыңыз орынды, Сапар Каримович, бірақ, біздің институт, қала берді сіздің өз басыңыз одан инедей де зиян шегіп отырған жоқ.
КАРИМОВ. Қалайша?
САРСЕНОВА. Бұл баланың бізде оқығаны институтқа тиімді. Асан Асановичтің қамқорлығында боламыз. Ол институттың ремонты дейсің бе, бала бақшасы дейсің бе, санаторийлерге жолдама дейсің бе, банкіден айлықты дер кезінде бергізіп тұру дейсің бе, бәріне сол ғой көмектесетін.
КАРИМОВ. Қалайша? Заңды бұзып қалай көмектеседі?
САРСЕНОВА. Е-е, сіз бұл мәселе жөнінде әлі баласыз, Сапар Каримович! Асановичтің бізде жақын-туыстары оқымасыншы, қалай болар екен. (күліп) Ашығын айтсам, оның жақындарын біздің ректор жыл сайын өзі сұрап алып отырады! Міне, гәп қайда! Есесіне, күнделікті тіршілікте институт үйі қиындық дегенді атымен білмейді. Іргеміздегі педагогикалық институттың жөндеу көрмегеніне жиырма жыл, жаз болса санаторийлерге жолдама іздеп дуана боп кетеді. Айлықтарын да жүргені уақытында ала алмай. Мына біздің Сатанов екеш Сатановқа дейін әйелі мен баласын ертіп биылғы жазда Қара тенізге барып қайтты. Местком арқылы!
САТАНОВ. Мен неге «екеш» боламын! Немене, мен жұрттың қорымын ба? Мен — ғылым кандидатымын!
САРСЕНОВА (күліп). Ұйқымыз ашылып, сергіп қалдық қой. Қымыз ішесің бе тағы, Сапар Каримович!
КАРИМОВ. Жоқ, алды разы болсын! Күні бойы маужыратып адамды сыртқа жүгірте береді екен. Бітті ме?
САРСЕНОВА. Бітті ғой деймін. (лаборанткаға). Болдық па?
ЛАБОРАНТКА. Иә, болды (есік сыртына қарап). Ешкім жоқ. Бәрі қағаздарын жинастыра бастады.
САРСЕНОВА. Мына қымызды қайтеміз?
КАРИМОВ. Қалсын. Маған жақпайды екен.
САРСЕНОВА. Сатанов, жассың ғой, бидонымен машинаңа сала сал, үйге барғанда ішесің (қуланып) Немесе… тағы біреулермен…
САТАНОВ. Сонан соң тағы шықпақсыз ғой, «Сатанов екеш Сатановқа дейін Совминнің қымызын ішетін болды» деп. Бәрі күледі. Сатанов екі бидон қымызды алып шыға бергенде, есік асығыс ашылып, ішке бір қыз алқын-жұлқын кіріп келеді. Қолында үлкен сөмкесі бар. Оның аты Перизат.
ПЕРИЗАТ. Ой, кешігіп қалмағаным дұрыс бопты! Мен… мен сіздерді кетіп қалған шығар деп қорқып ем… Бәрі оған қарап аңырып қалған. — Түһ, қырсық болғанда… автобусымыздың екі бірдей балоны тарс-тарс жарылып… ал кеп тұр, ал кеп тұр! Өтіп бара жатқан бір де бір машина тоқтамайды. Жұрт деген қандай қайырымсыз боп кеткен!
КАРИМОВ. Жарқыным, жұрттың қайырымды-қайырымсыз болғанының сіз бен бізге тап қазір қажеті жоқ. Өзіңіз кім боласыз?
ПЕРИЗАТ. Мен бе? Мен – Перизатпын. Перизат. Пері және зат деген сөздердің қосындысы.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31