АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

Не ол қыз туысы, не… (қалтасын қағып) мына жаққа бірнәрсе ытқытқан. Я болмаса… актерлік факультетке әдемі қыздар көп келеді… Қазір шалдар құтырды ғой. Әйтпесе, өз бетімен бес алатын абитуриент бар дегенге өз басым қырық жыл қырғын болса да сенбеймін. Каримовтың семья жағдайы қалай еді?

САРСЕНОВА. Кемпірі аурушаң болатын. Ана жылдары көп көрген азабы ақыры алып тынды ғой. Қазір жалғыз. Бір қыз, екі ұлы бар. Екі ұлының екеуі де үлкен бастық, бірақ әкелерімен араласпайтын көрінеді. Ол Колымаға айдалған соң екі ұлының екеуі де фамилияларын өзгертіп алған көрінеді. Ал қызы Мәскеуде оқып жүргенде орысқа тұрмысқа шыққан, қазір Ярославльде ме, Смоленскіде ме, ішкі Ресейдің бір қаласында. Тұрмысқа шыққалы әкем бар екен деп ат ізін салып бір іздеп келген емес.

АЙБАСОВ. Европалық қатыгездіктің Азияға ауыз салуы шығар.

САРСЕНОВА. Қателессем кешірерсіз, егер адамдарды бауырмалдықтан айыратын болса, ондай цивилизацияның да керегі шамалы-ау! Үңгірде де жаман өмір сүрмеген көрінеміз ғой. Сонда да ертеден қара кешке дейін ойлайтынымыз сол баяғы баспана қамы, бала қамы, құлқын қамы, болатын. Сол уайымымыз бәрібір азайған да жоқ, көбейген де жоқ.

АЙБАСОВ. М-м, да!.. (күліп). Онда, шешініп тастап үңгірге кетейік. Бірақ, әлгі әулие шал мен данышпан қыз бізді таппай қалады ғой.

САРСЕНОВА. Ә-ә, солай екен-ау! (екеуі де күледі). Қой, онда ешқайда бармай-ақ қояйық.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Қала сыртындағы жеке үй. Есік алдындағы шағын сәкіде Перизат отыр. Сатанов одан қол созым жерде түрегеп тұр.

САТАНОВ. Тұратын жерлеріңіз тамаша екен! Қаладағы қалың түтіннің ішінде не бар? Мынау деген жұмақ қой! Ауасын айтсаңшы! Қандай ғажап!

ПЕРИЗАТ. Қатты қызығып отырсаңыз қаладағы үйіңізді айырбастаңыз. Тіпті, ауасымен қосып берейік.

САТАНОВ (күліп). Мұнда көптен тұрасыздар ма?

ПЕРИЗАТ. Алты жыл болды. Қазығұрттың бауырынан көшіп келгенбіз.

САТАНОВ. Қазығұрт, Қазығұрт!.. Бұрын естіген сияқтымын.

ПЕРИЗАТ. Шымкенттің ар жағында сондай тау бар. Ғажап тау! «Қазығұрттың басында кеме қалған Ол әулие болмаса неге қалған», деген Қазығұрт сол.

САТАНОВ. Мұнда кімдермен бірге тұрасыз?

ПЕРИЗАТ. Екі ағам бар. Олар қалада. Жиі келіп тұрады. Әжем бар еді, алдыңғы күні екі ағам машинамен Ыстық көлге алып кетті. Ол кісі көптен сырқат болатын.

САТАНОВ. Бір жерде жұмыс істейсіз бе?

ПЕРИЗАТ. О-о, сіз мені нағыз тергеуге алдыңыз ғой. Әрине, қазір қарап жүруге бола ма?

САТАНОВ. Айып болмаса…

ПЕРИЗАТ. Оның несі айып? Осында көркемөнерпаздар театры бар. Мен сонда белді актрисамын! Күндіз жұмыс істеймін. Әні, ана-ау тұрған қызыл шатырлы ақ үйді көріп тұрсыз ба? Мен сондамын. Онда қандай

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31