АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

қызмет істейтінімді білудің сізге қажеті жоқ.

САТАНОВ. А-а, солай деңіз! Бәсе, бұл қыз сахнадағы еркіндікті қалай меңгерген десем.

ПЕРИЗАТ (орнынан тұрып). Тағы не сұрайсыз? Күйеуге тиген жоқпын, тиемін деп ойламаймын. Жігітім де жоқ.

САТАНОВ. Неге-е?

ПЕРИЗАТ. Оны қайтем? Күйеу деген аяққа оралғы болатын бәле емес пе? Қайда бардың, қайда тұрдың — бәріне есеп беруің керек.

САТАНОВ. Несі бар? Әйел бақыты да сонда ғой.

ПЕРИЗАТ. Есеп беруде ме? Кейбіреулер үшін сонда шығар, мен үшін мүлдем онда емес. Менің табиғатым еркіндікті қалайды. Ал, күйеуге тию — бұрын-соңды көріп-білмеген адамға тәуелді болу деген сөз.

САТАНОВ. Дегенде…

ПЕРИЗАТ. Дегенде, дегенде!… Немене — дегенде? Ал, шындап келгенде — қазір жөні түзу жігіт жоқ. Сырттай қарағанда бәрі сыпайы, бәрі мәдениетті, бәрі керемет. Ал, сөйлесе кетсең!.. Ф-у-у. Ай дала!

САТАНОВ. Не?

ПЕРИЗАТ. Бос жатқан жер! Игерілмеген тың! Ай дала. Көз тартатын бұдыр жоқ.

САТАНОВ. Бәрі солай ма?

ПЕРИЗАТ. Бәрі деуге де болады. Күні-түні ойыңнан шықпайтын, ақыл-есіңді матап, тіршілігіңді тұтқындайтын, бар болмысымен еркіңді алып, өзіне бас идіретін тұлғаны көргем жоқ. Ал, мен байғұс сондай адамды армандаймын. Осы кезге шейін тоғыз жігітпен жүрдім…

САТАНОВ. Тоғыз жігітпен?Масқ…

ПЕРИЗАТ. Несі масқара? Жүргенде қалай. Жай, киноға барасың. Екі рет барған соң… (күліп) бәрі бір қалыптан шыққандай оңаша пәтерге шақырады.

САТАНОВ. Онда тұрған не бар?

ПЕРИЗАТ. Онда тұрған ештеңе жоқ, ә? Көрер едім қыз болсаңыз. Айтпақшы, бәрі де солай — «онда тұрған не бар» деп мүләйімси қалады. Сол тоғыз жігіттің жақсы қасиеттерін бір адамға жинап берген болса, онда күйеуге шығу туралы ойлануға болар еді.

САТАНОВ. Сонда, жұрттың бәрі қор боп жүргені-ау.

ПЕРИЗАТ. Бәлкім, мен тым жоғары талап қоятын шығармын. Жақында менің бір қүрбым тұрмысқа шықты. Екеуіміз ылғи бірге жүруші едік. Айтпаған сөзіміз, ақтармаған сырымыз қалмаған. Әлгі қыз қалай күйеуге шықты, солай өзгеріп сала берді. Мені менсінбейтінді шығарды. Нақ бір мен ажарсыздығымнан, ақылсыздығымнан күйеуге тимей жүргендеймін. Ойбай-ау, мен оның ілмиген қисық аяқ күйеуіне өлсем де тұрмысқа шықпас едім ғой. Егер жер бетіндегі еркек атаулы түгел құрып жалғыз сол қалсыншы, сонда да оның қасына барып отырмақ едім. Ал, ол маған кеп тұмсығын шүйіреді. Ой, бейшаралар! Өздері қарға-құзғын боп туғаннан кейін жұрттың бәрін солай деп ойлайды ғой шамасы!

САТАНОВ. Мынандай оймен сіз өмір бойы жалғыз өтесіз.

ПЕРИЗАТ. Оған өкінбеймін. Тұлпар кездессе — күңі болуға дайынмын, ал жабыға жалымды ұстатуға арланамын. Сұңқардың жемін құзғын жегенмен, құзғынның жемін сұңқар шоқымайды!

САТАНОВ. Иә, жақсы айттыңыз, Перизат! Сіз ғажап қызсыз. Мен… мен құдай ұрып сізге ғашық болайын деп келе жатырмын.

ПЕРИЗАТ (ішек-сілесі қата күліп). Сіз манадан бері не бітіріп отырғансыз?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31