Енді ғана ғашық болайын деп келе жатырсыз ба? Ха-ха-ха!..
САТАНОВ. Енді… бұл деген… оңай процесс емес қой.
ПЕРИЗАТ (оны түсінген адамдай). Иә-иә, бұл онай процесс емес, бұл өте қиын процесс! Домна пешінде руданың металға айналуынан да өткен қиын процесс! Мен сізді түсінемін!..
САТАНОВ. Асқақ қыздардың асқақ сөзі ақылды еркектердің өзінің тілін матап тастайтыны бар.
ПЕРИЗАТ. Иә, солай! Бірақ, сіз жап-жақсы сөйлеп отырсыз.
САТАНОВ сарказмды түсініп, мүдіріп қалады.
САТАНОВ. Шын айтам, сіз әдемі қызсыз. Өте! Асқақтық пен асаулық сізге керемет жарасады. Сіздің неге күйеуге шықпай жүргеніңізді айтайын ба?
ПЕРИЗАТ. Соны айтыңызшы!
САТАНОВ. Сіз тым биікте тұрсыз. Биіктеп ұшатын сұңқарлар аз. Сонан соң қаптап жүрген көп қарға сыбағасын төменнен іліп соған қанағат қыла береді. Сіз сол биікте қала бересіз.
ПЕРИЗАТ. Рахмет, келе салып көп нәрсеге көзімді ашып тастадыңыз ғой. Егер сіздің жаныңызда бір ай жүрсем данышпан боп шығатын шығармын, сірә.
САТАНОВ. О-о, қандай ғажап! Перизат менің қасымда бір ай жүрсе! Маған одан басқа бақыттың керегі болар ма екен?
ПЕРИЗАТ. Бір айдан кейін екі ай.
САТАНОВ. Ол бақытқа әсте мен төзе алмаспын!
ПЕРИЗАТ. Содан соң үш ай. Бір жыл. Сөйтіп сөйтіп кеп, аэропорттан бір-ақ шықсам, ә? Сіз басқа қызбен аулақта алқынып жүргенде мен бала-шағаммен вокзалда отырсам, жолыңызды тосып. Жоқ, маған ондай бақыттың керегі жоқ!
САТАНОВ. Япырма-ау (сағатына жалт қарап) ол әлі отыр ма екен?
ПЕРИЗАТ. Енді оны үйге барған соң сұрайсыз ғой.
САТАНОВ. Есі дұрыс адам осы уаққа дейін отырмас…
ПЕРИЗАТ. Шығарып салғаныңызға көп рахмет! Енді үйіңізге асыққаныңыз дұрыс болар.
САТАНОВ (ойланып). Перизат. Әлгінде сіз сұңқар туралы армандаймын дедіңіз, ә?
ПЕРИЗАТ. Ол барлық әйел затының арманы. Бірақ, амал қанша, өмір сүру керек болған соң байғұс әйелдер жапалақтармен де жарасып кете барады.
САТАНОВ. Артық айтсам кешіріңіз… сол сұңқардың бірі мен боламын…
ПЕРИЗАТ (оған ұзақ қарап болған соң). Иә, ұқсайсыз. Мен неге байқамағам? Сұңқар деген сіздей-ақ болар!
САТАНОВ. Рахмет, Перизат! Сізден осындай сөзді есітудің өзі бақыт қой!
ПЕРИЗАТ. Бірақ… көрмейсіз бе, мен былтырға дейін сұңқарды жақсы көріп келгем. Неге екені белгісіз, биылғы 1-январдан бастап бүркітті жақсы көре бастадым.
САТАНОВ. Енді, сұңқар мен бүркіттің екеуі де жаман құс емес қой. Ал, оқу жағынан қам жеме. Бәрін өзім жайғастырам.
ПЕРИЗАТ. Жоқ, мен өзім түсем. Онсыз қызығы жоқ!
САТАНОВ. Үйде қазір жалғыз өзім дедіңіз бе?
ПЕРИЗАТ (күдіктеніп). Иә… Бірақ, кешке қарай ағаларым келіп тұрады…
САТАНОВ (үй жаққа қарап койып). Мойныңыздағы алқа ма, сағат па? (ол ұстап көрмек болады).
ПЕРИЗАТ (оның қолын қағып). Мұны өзімнен басқа адамның ұстауына болмайды!
САТАНОВ. Неге?
ПЕРИЗАТ (бірден шамданып). Сол! Болмайды деген соң болмайды!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31