АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

САТАНОВ. Түсінікті! Ол үшін айғайламауға да болады ғой. Ал, мына жерден ше? Сатанов оның белінен құшақтап, өзіне тартады. Перизат оның дөрекі құшағынан сытылып шығады.

ПЕРИЗАТ. Бұл не? Үйде ешкім жоқ деген соң есіру ме? Мұныңыз… мұныңыз не?.. Ол ұяттан жарыла жаздап үйге қарай жүгіре жөнеліп еді, сыртқы калиткадан Каримов кіріп келеді. Бұлардьщ екеуі екі жерде таңданып тұрып қалады. — Сапар Каримович?! Бұл сіз бе?

КАРИМОВ. Әрине, мен! Ойда жоқта мазалағаным үшін кешірім өтінемін. Ә-ә, доцент жолдас, сіз әлі осында екенсіз ғой. Қалай, әйеліңіз бен бала-шағаңыз ренжімеп пе екен?

САТАНОВ (ызамен). Сіздің осындай қамқор мінезіңізге әрқашан ризамын, Сапар Каримович! Олар түк те ренжімепті. Ал, өзіңіз бұл маңайда адасып жүргеннен саумысыз? Каримов Перизаттың жанына келіп тоқтайды.

ПЕРИЗАТ. Япыр-ау, өң бе, түс пе? Сіз қайдан жүрсіз?

КАРИМОВ. Таңертең ректорда болуымыз керек, көгершінім! (Сатановқа) Сіз де!

САТАНОВ. Тыныштық па?

КАРИМОВ. О-о, ол ұзақ әңгіме. Қысқасы, ертең Перизаттың тағдыры шешілмек.

САТАНОВ (күдіктеніп). Сіз тек соны ғана айтқалы келдіңіз бе?

КАРИМОВ. Бұл аз ба?

САТАНОВ. Сіздің жасыңызда бұл ұят қой, Сапар Каримович!

КАРИМОВ. Түсінбедім, жарқыным?

САТАНОВ. Сонау жақтан әуре боп аңдып келгеніңізді айтам! Біздің оңаша отырғанымызды көрдіңіз, енді қайта беруіңізге болады. Каримовке бұл сөз ауыр тиеді. Ол сөйлей алмай тұрып қалады.

ПЕРИЗАТ (Сатановқа). Сіздің олай деп айтуға қандай хақыныз бар? (Кресло қойып). Сапар Каримович, мұнда отырыңызшы! Каримовты Перизат сүйемелдеп жеңіл креслоға отырғызады. — Сізге бәлкім салқын шай керек шығар. Бізде суытылған көк шай бар. Тоқсан бесінші…

КАРИМОВ. Рахмет, әуре болмаңыз! (Сатановқа қарап). Біреуге жасалған қиянат сол бойы қиянат боп қайта беретін болса, адамдар баяғыда-ақ хайуанға айналып кетер еді. Осы ғұмырымның ішінде маған қаншама қиянат жасалды. Қазір солардың құрығанда жартысын жамандықпен қайтара аламын. Бірақ, менің мақсатым ол емес. Менің мақсатым — жамандықты жақсылықпен ату. Жамандықтың өлетін жері — жақсылардың кеудесі. (Перизатқа). Қолыңызды беріңізші маған. Перизат ыңғайсызданып тұрады да, қолын созады. — Қандай әдемі! Егер жас жігіт болсам бүкіл дүниенің жартысын сіздің осы бір ғана алақаныңызға айырбастай салар едім.

САТАНОВ. Ақыры жомарттық танытқан соң бөліп жармай дүниені түгел бере салмайсыз ба?

КАРИМОВ. Несі бар, олай айтуға да болады.

САТАНОВ. Бізді аямайсыз ба, Сапар Каримович! Айырбасталатын дүниенің ішінде семьямызбен, бүкіл институтымызбен кетеміз-ау. Одан да Перизаттың қолын тезірек босатыңызшы, сонда аман жүрерміз әйтеуір. Және бұл қай қылығыңыз? Ұят емес пе? Каримов абдырап Перизаттың қолын босата береді.

ПЕРИЗАТ. Жоқ, ұят емес! Сапар Каримович, менің қолымнан қайтадан ұстаңызшы. (Каримов оған таңдана қарап қолынан қайта ұстайды). Екі қолымнан да. Каримов оның алдына тізерлей кетіп екі қолынан ұстайды. — Сіздің қолыңыз қандай жұмсақ!

САТАНОВ. Әрине жұмсақ!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31