ПЕРИЗАТ (оның сөзін естімегендей). Сіздің көзіңіз бен саусақтарыңызда әулиеліктің нышандары бар.
КАРИМОВ (кеңкілдей күліп). Ой, сіз де айтасыз-ау, Перизат, бізде жүрген қайдағы әулиелік!
ПЕРИЗАТ. Менің әжем айтатын, күнәсі жоқ адамдардың салмағы да жеңіл болады деп. Қане, орныңыздан тұрыңызшы. Сатанов төбеден төніп тұрған алмалардан үзіп алып, орамалымен сүртіп жей бастайды.
КАРИМОВ (қалбалақтап). Көгершінім-ау, сіз не істемексіз сонда?
ПЕРИЗАТ. Қазір, міне! Каримов қарсылық көрсетіп үлгірем дегенше, Перизат оны көтереді де қайта түсіреді. Профессор екі қолын ербеңдетіп, күлкіден қақалып-шашалып әзер сөйлейді.
КАРИМОВ. Япыр-ау… жетпіске келген мен білмейтін нәрсені… сіз… сіз қайдан біліп жүрсіз?
ПЕРИЗАТ. Сіз бір қап мақтадай жеп-жеңіл екенсіз. Сіз — әулиесіз!
САТАНОВ (алманың кәшегін алысқа лақтырып). Әулиенің жақын жерден табылғаны жақсы болды ғой. Бұл біздің коллектив үшін үлкен абырой!
ПЕРИЗАТ. Алманың қалдығын бақтың түбіне қарай неге лақтырасыз?
САТАНОВ. Оны лақтырмай тұрып айту керек еді. (Каримовке). Сіз өстіп еметейіңіз езіліп отыра бересіз бе, әлде қалаға қайтасыз ба?
ПЕРИЗАТ. Көк түтін қаптаған қалада не бар? Бұ кісі осында бола тұрады. (Әдейі) Өйткені бұ кісіге таза ауа өте пайдалы!
САТАНОВ. Иә-иә, бізге жақпайды, бұ кісіге жағады.
КАРИМОВ. Ертеңге дейін сіз екеуміз үлкен бір этюд дайындауымыз керек. Ертең – шешуші күн. Бұл тек біздің бізге жеңіс әкелетін күн емес, сіздің болашағыңыздың алғашқы күні. Үлкен актрисаның өмірге келген күні! ПЕРИЗАТ. О-о, сіз тым асырып жіберген жоқсыз ба?
САТАНОВ. Әйелдердің бір осалдығы — алдап тұрғаныңды көріп-біліп тұрса да арбала салады.
КАРИМОВ. Егер сіз қарсы болмасаңыз… Әлгі номерді дайындаған кезде қасыңызда болсам оған қарсы емессіз бе? Сатанов көзін ежірейтіп, шалбарының қалтасына қолын салып, ысқыра әндетеді. Ара-арасында сөзін де айтьт қояды. Лайди, Лайди, Лайди Лайдай, Ты музыка Сильней играй… (бірнеше рет қайталайды).
КАРИМОВ. Сатанов! Сізге бүгін не болған? Ол жауап қатпайды.
ПЕРИЗАТ (естірте). Егер шаршамасаңыз еркіңіз білсін. Мен сізге өзіміздің сахнаға дайындаған «Анасын аңсаған қыз» деген шағын әңгімені ойнап берер едім. Ол — туған анасының кім екенін білмейтін бейшара қыздың өмір бойы сол анасын күтуі туралы әңгіме. Сатанов олардың сөзін елең кылмайды, бірақ, ысқырығын бәсеңдетіп, биікте тұрған алманы алмақ болады. Ол алманы алу үшін секіреді, ағашпен ұрады. Сонан соң бөшкені төңкеріп, соған шығады. Оның бұл әрекетіне Каримов пен Перизат әрине, қарап тұрмай, өз беттерінше сөйлей берулері керек.
КАРИМОВ. Ректорға ұнамай қап жүрмесін. Саясатқа тиіспеші. Бір қоғамның болашағы қаршадай абитуриентке қарап тұрған жоқ шығар. Есіңде болсын, дүниеде талантсыздарды таңқалдыру қиын. Аянбай кірісейік. Олар, әрине, маналы бері бір орында тұрған жоқ, бақ ішін аралап жүр, арасында сәкіге отырып демалып та алады. Қазір олар кішкене арықтан аттады. Каримов Перизаттың қолынан ұстап, оның аттауына көмектесті.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31