ПЕРИЗАТ. Сапар Каримович! Менің өмірім әлі басталған жоқ. Бірақ, қаншама қиянат көрдім. Бұдан әрі не болмақ? Осылай жалғаса бере ме?
КАРИМОВ (толқып). Жоқ! Енді сенің жолың ашылады. Ашылуға тиіс! Сол күн ертеңнен басталады. Ертеңнен!..
ПЕРИЗАТ. Мен біртүрлі толқып тұрмын. Жүрегім лүпілдеп барады!.. Ана қараңыз! Сатанов ағаштың бұтағын сындырып жатыр! Сатанов алмасы мол бір бұтақты сындырып алады да, бөшкеден секіріп түсіп, олардың қасына келеді.
САТАНОВ. Жақсы көрген нәрсесін үйге алып кеткісі кеп тұратын қазақтың қасиеті-ай! Осы аурудан қашан құтылар екенбіз. Мынадай бір бұтаққа тығылысып біткен керемет апортты көргенде әйелім бүгінгі кінәмді кешіретін шығар, ә? Перизат, егер сіз менің әйелім болсаңыз кешірер ме едіңіз? Перизат әдейі жасалып тұрған мынадай дөкірлікке төзе алмай, ләм деместен бетін басып, үйге қарай жүгіре жөнеледі.
КАРИМОВ. Біреудің бағында бұлай еркінсуіңіз барып тұрған жүгенсіздік қой!
САТАНОВ. Жетпістен асқанда жас қыздан дәмелі болу қалай бағаланбақ? Қыз соңынан мен жүгірсем бір басқа, менің үмітім бар, семьямды бұзып барып үйленсем де жұрт түбі кеп түсінеді. Ал, сіз не ойлап жүрсіз? Каримов оның қолындағы алмалы бұтақты жұлып алып сәкінің үстіне апарып қояды.
КАРИМОВ. Оны түсінуге сіздің санаңыз жетер ме екен?
САТАНОВ. О-о, сіз өзіңізді өзгеден ылғи да биік қойып үйренгенсіз, профессор! Ол қолын қағып, қалтасынан сигарет алады. — Егер құранды оқыған болсаңыз, онда адамнан адамның айырмашылығы жоқ деген сөз бар. Сатанов қалтасынан зажигалка алады. Зажигалка Айбасовтың зажигалкасынан аумайды. Сатанов темекі тұтатып жатқанда Каримов оны байқап, таңқалғаннан сілейіп тұрып қалады.
КАРИМОВ. Қандай ұқсастық!
САТАНОВ. Сіз нені айтып тұрсыз, профессор?
КАРИМОВ. Мен мұндай оттықты Айбасовтан көріп едім.
САТАНОВ (темекі түтінін қолымен қуып). Ә-ә, оттықты айтып тұрсыз ба? О кісі былтыр Канадаға барғанда осындай оттықтың онын сатып алыпты. Сегізі үйінде тұр. Біреуін маған сыйлаған болатын. Ол зажигалканы қолына алып, аспанға лақтырып, қайта қағып, ағаштарды көздейді. — Бах! Бах! Бах! Біздің ауыл шөл далада еді. Бәріміз моторлы құдықтың суымен күн көретінбіз. Тіпті, бақшаны да сол сумен суарушы едік. Жиналып қалған көлшік суға түске жақын бұлдырықтар келетін. Біз құдық түбінде жатып алып, қона берген бұлдырықтарды тарсылдатып атушы едік. Бах, бах, бах!» Олар томпылдап түсіп жатады. Тірі қалғандары ұшып кетеді де, сәлден соң қайтадан келеді. Өйткені, бұл маңда басқа тамшы су жоқ болатын. Біз тағы атамыз. Ғажап!
КАРИМОВ (сыбырлағандай тістеніп). Құдай үшін, қайтыңызшы қалаға. Менің жүрегім нашар, сізбен тайталаса алмаймын. Өтінемін!..
САТАНОВ. Жарайды. (Зажигалкасын салмақтап). Құданың құдіреті, мен ғой өмір бойы қару емес, қалам ұстап келемін. Бірақ, мына зажигалканы қолға алғанда саусақтарың біртүрлі рахаттанып, шүріппесін басқың келеді де тұрады. Бұл, менімше, еркек атаулының бәріне
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31