АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

тән қасиет болуы керек. Ол шығуға беттейді. Үй жанынан өтіп бара жатып терезеден айғайлайды. — Самрукова! Е-ей, Самрукова! Мен сіздерді оңаша қалдырып барам, шыға беріңіз! Сөйтіңіз де, келесі жылға дейін сау болыңыз. Ол кетеді. Машинаның от алып, жүргені естіледі. Перизат шығады. Оның жылағаны байқальт тұр. Каримов оған қарсы жүреді.

КАРИМОВ. Жер бетінде осындай адамдардың өмір сүріп жатқандығы үшін сізден кешірім сұраймын, жарқыным!

ПЕРИЗАТ. Ол «келесі жылға дейін сау болыңыз» деді-ау.

КАРИМОВ. Оны көңіліңізге алмаңыз. Ашынған адам кейде Аллаға да жұдырық көрсетеді.

ПЕРИЗАТ. Олар неге ашынады?

КАРИМОВ. Өйткені, олар өзгенің тарыдай да табысын көре алмайды. Сонан соң ашынады. (пауза).

ПЕРИЗАТ. Бәлкім, олар өмірден көп қорлық көрген шығар?

КАРИМОВ. Жо-жоқ! Өмірден қорлық көргендердің бәрі қатыгез бола бермейді. Мәселен, мына мені…

ПЕРИЗАТ (кенет ашынып). Иә, дұрыс айтасыз! Олардың бәрі бірдей қатыгез емес! Каримов оған жалт қарайды. — Қатыгез емес!.. Егер мысал керек болса мына тұрған мен…

КАРИМОВ. Көгершінім-ау, сізге не болды? Сіз әліге дейін әлгі жігіттің сөзін ұмыта алмай тұрғаннан саумысыз?

ПЕРИЗАТ (сабасына түсіп). Ә-ә… менде адаммын ғой… Кешіріңіз! (ол басын ұстап, креслоға отырады).

КАРИМОВ (оған пиджагін шешіп жабады). Күн батып кетті, салқын тиіп қалмасын, (оның қолын ұстайды). О-о, тоңып қапсыз ғой. (Оның қолын уқалайды).

ПЕРИЗАТ. Сапар аға (Каримов селт етеді), сіз жұмбақ адамсыз… Сатановтың жайы түсінікті, ал, сізге не керек?

КАРИМОВ (сәл таңданып). Бұл сұрақты сіз маған қойып тұрсыз ба? Маған? Ә-ә… бәлкім, дұрыс та шығар, таңданатын не бар… Мен… маған не керек? Ештеңе де. Жарқ ете қалған бір таланттың өшпегені керек. Жанбай жатып оның қиянат құрбаны болмағаны, керек, Перизат секілді періште қыздың перілердің тырнағында кетпегені керек. Сұңқардың сыбағасын қарға-құзғындардың шоқымағаны керек…

ПЕРИЗАТ. Сұңқар!.. Сұңқар!.. Біз оларды көп айтамыз, көп армандаймыз. Бірақ, олар жоқ, көретініміз қара қарғалар ғана. Сапар аға, айтыңызшы, олар неге аз?

КАРИМОВ. Сұңқар — текті құс. Ал, текті нәрсе аз болар. Өйткені, олардың жамандықпен ісі жоқ. Өзіне жасалған қиянатты көріп тұрса да ол оны жамандық деп қабылдамайды. Олардың аз болатын себебі де сондықтан.

ПЕРИЗАТ. Ал, сіз… бақыттысыз ба? Каримов кеңкілдеп ұзақ күледі.

КАРИМОВ. Менде жүрген қайдағы бақыт!

ПЕРИЗАТ. Сіз докторсыз, профессорсыз, атағыңыз елге тараған, кең сарайдай үйіңіз бар…

КАРИМОВ. Иә, кең сарайдай үйім бар!.. (мырс етіп күледі). Бақыт деген сонда ма екен? Үй ішінен әлдекімнің қараңдаған тұлғасы көрінеді.

ПЕРИЗАТ (шошып). Сапар аға, біздің үйде біреу жүрген секілді.

КАРИМОВ. Қойшы, ешкім кіретіндей болған жоқ қой.

ПЕРИЗАТ. Әне, көрдіңіз бе, мен жататын бөлмеге қарай өтті. Ой, мен қорқып барамын!

КАРИМОВ. Сатанов бағана кетіп қалды. Қайтып оралса машинасының даусын есітер едік қой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31