алма лактырылады. Олардың екі-үшеуі бұлардың алдына кеп жарылады да, алма шіріктері киімдеріне шашырайды.
КАРИМОВ. Сараңын көрдің бе өзінің? Жақсы алмасын емес, шіріген алмасын лақтырып жатыр (өзінің де, Перизаттың да үстіне жабысқан алма шіріктерін орамалымен тазалайды). Шарбақ сыртындағы дауыс тынышталады. Самат дәл бұлардың қасына кеп шүмектетеді. Сонан соң сөмкесіне тез-тез алмалардан толтырып салып алады да, жүгіре басып шығып кетеді. Перизат өзін-өзі ұстай алмай қорлана жылайды.
КАРИМОВ. Ол сау сияқты. Онымен неге сөйлеспедіңіз?
ПЕРИЗАТ. Не жайлы?
КАРИМОВ. Ім… тым құрыса әжеңіз жайлы.
ПЕРИЗАТ. Ә-ә… Есімнен шығып кетіпті-ау. Бұл жайлы енді сұрамаңызшы!.. Өтінемін…
КАРИМОВ (таңданып). Жарайды. Саған ұнамаса сұрамай-ақ қояйын. Осы кезде қақпаны әлдекім тарсылдатып ала жөнеледі. Перизат үрейленіп, Каримовке тығылады.
ПЕРИЗАТ. Мен қақпаны ашудан қорқып тұрмын.
КАРИМОВ. Сізге не болды?.. Жарайды мен барайын.
ПЕРИЗАТ. Жоқ! Сізге біреу-міреудің тілі тиіп жүрер. Перизат жасқана басып келіп жанығып тұрған қақпаны ашады. Ішке отыздардағы жігіт алқынып кіріп келеді. Бұл — Саматтың ағасы Садат. Перизат қорқып кейін шегінеді.
ПЕРИЗАТ. Уф, сіз екенсіз ғой!..
САДАТ. Мұнда Самат келді ме?
ПЕРИЗАТ. Келді.
САДАТ. Ах, оңбаған! Алдымды орап кеткен екен-ау! Кеткеніне көп болды ма?
ПЕРИЗАТ. Иә, біраз болды. – Сіздерге бүгін не болған? Тыныштық па?
САДАТ. Ол сенен не сұрады?
ПЕРИЗАТ. Ештеңе де! Мен сыртта жүргенімде келіпті. Үйдің астаң-кестеңін шығарып әлденелерді іздеп жүргенін сыртта тұрып көрдім. Түрі қорқынышты екен, қасына баруға бата алмадым.
САДАТ. Демек, ол қағаз әлі сенде ғой?
ПЕРИЗАТ. Қандай қағаз? Садат (оның білегінен қыса ұстап). Білмегенси қалуын, әкел бермен қағазды!
ПЕРИЗАТ. Түсінсем бұйырмасын, менде ешқандай да қағаз жоқ. Әжемді Ыстық көлге алып кеткелі бері далаға шыққан жоқпын.
САДАТ. Қайдағы Ыстық көл?
ПЕРИЗАТ. Кеше Самат солай деді ғой.
САДАТ. А-а… Ол солай деп пе еді?.. Ім.. м… Ыстық көлде орын болмайтын болған соң алысқа ұзатпайық дедік.
ПЕРИЗАТ. Енді ол кісі қайда?
САДАТ. Қаланың бір жерінде.
ПЕРИЗАТ. Ауруханаға түсіп қалды ма?
САДАТ. Жоқ. Кәрілердің үйіне өткіздік. Пауза.
ПЕРИЗАТ. Не-ме-не? Кәрілердің үйіне?
САДАТ. Сен бұл тірлікке араласпа! Ол кісі мынау үйді саған қалдырамын деп өсиет қағаз жазыпты. Бізге өзі солай деді. Қағазды маған қайтар. Өзің ойласаңшы, түптеп келгенде бұл үйге сенің ешқандай қатысың жоқ қой. Перизат теңселіп тұрып қалады.
ПЕРИЗАТ. Мен осы сөзді күтіп жүр едім. Ақыры айтып тындыңдар! Менде ешқандай қағаз жоқ. Таң атқан соң бұл үйден кетем…
САДАТ. Қайда?
ПЕРИЗАТ. Басымның ауған жағына.
САДАТ. Саған ол шынымен қағаз берген жоқ па? Перизат басын шайқайды.
САДАТ. Қырсық кемпір! Екеумізге ерегісіп әдейі айтқан боп шықты ғой. Сен кешір мені… Сен ешқайда да кетпейсің. Бәрібір баратын жерің де жоқ қой.
ПЕРИЗАТ. Бұрын қалай түк білмей келгемін? Әлде, бет пердені ашатын оқиға болмай келді ме? Сен ойлағандай емес, менің баратын жерім көп.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31