САДАТ. Күйеуге шығасың ба?
ПЕРИЗАТ. Маған лайық жігіт әлі туған жоқ. Сапар Каримович! Сапар Каримович! Бері шығыңыз. Көзге түспей-ақ қояйықшы деп едік, енді аянатын ештеңе қалған жоқ. Бақ ішінен Каримов шығады. Перизат оның қолынан ұстап, Садатқа таныстырады. — (Каримовке) Менің үлкен ағам Садат!
САДАТ (тұтығып). Бұ кісі… күйеу бала бола ма?
ПЕРИЗАТ. Ұялсаң етті! Енді менің ең жақын адамым осы кісі болмақ. Ал, жолыңнан қалма. Біз де қазір кетеміз.
САДАТ (кенет селт етіп). Айтпақшы, Самат үй ішін тінтіпті дедің бе?
ПЕРИЗАТ. Иә.
САДАТ. Бәлкім, қағазды сен білмей тұрғанда тауып әкеткен шығар. Әйтпесе ол кете қоймас еді ғой.
ПЕРИЗАТ. Білмеймін.
САДАТ. Ах, найсап! Ол жүгіре басып шығып кетеді.
ПЕРИЗАТ. Неткен адамдар! Бәрі де бірін-бірі жеп қоюға әзір!.. Бұлардың арасында өмір сүру қандай қиын… Сапар аға, сіз жетпіс жыл бойы қалай шыдап келгенсіз? Каримов бұл сұрақтан тосылып, кібіртіктеп қалады.
КАРИМОВ. Басқа түссе баспақшыл деген. Шыдайсың, өйткені бізде басқа өмір жоқ, осыған амалсыз көнуге тура келеді. Және біздің кездегідей емес, қазір адамдар құнығып кетті. Алған сайын ала түссем екен дейді.
ПЕРИЗАТ. Неге?
КАРИМОВ. Өйткені бізге аштық өтіп кеткен. Джек Лондонның бір әңгімесі бар, сонда аштықтан әзер аман қалған біреу тойынған соң қолына түскен бір үзім нанға дейін жинай беретін ауруға ұшыраған. Біз де сондаймыз.
ПЕРИЗАТ. Бала кезімізде есейгенше қалай асықтық десеңші! Өмір деген ертегідей боп елестеуші еді. Тек өзің жақсы болсаң болды, қалғанының бәрі түк емес, мақсатың алдыңнан күлімдеп шығып келетіндей көрінетін. Сол өмірге тез жетуге талпындық. Оған тек есейсең, мектепті бітірсең жетіп баратындай көрініп, әрбір таңның атуын шыдамсыздана күткен сәттеріміз де болды. Жігіттер де шетінен сұңқар боп елестейтін. Сол сұңқарымыз бір күні ұшып келеді, ол бізді алысқа-алысқа, ғажайып бір дүниеге алып барады деп ойлайтынбыз. Ал енді… бәрі басқаша екен. Жақсы адамдардың бәрі кемеге отырып басқа жаққа жүзіп кеткен секілді. Мен қазір мектепті бітіргеніме, есейгеніме өкіне бастаған тәріздімін. Ал, өз құрбыларымның ішінде қиыншылыққа ең мойымайтын, ертеңгі күнге ылғи да үмітпен қарайтын жалғыз мен едім. Олар мені тіпті «бұрандалы оптимист» деп атайтын.
КАРИМОВ. Әлі де мойыма. Жақсы адамдар бар, неге болмасын. Мына жарық дүние сол жақсылардың арқасында үзіліп қалмай жалғасып келеді. Жер бетінде сіз сияқты періштелер бар кезде мына өмір жаман болушы ма еді?
ПЕРИЗАТ. Жоқ, мен кәдімгі адаммын. Адам болғанда да ешқашан жолы болмайтын көп байғұстардың бірімін.
КАРИМОВ. Сіз өзіңізді неге олай төмендетесіз?! (Ашуланып). Екінші олай сөйлеуші болмаңыз. Олай сөйлеуге мен тыйым салам!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31