ПЕРИЗАТ. Сіз тыйым салғанмен шындық солай болса амал не? Мен… мен… менің мынау үйге ешқандай қатысым жоқ. (Каримов оған еңсесін көтере қарап қалады). Иә. Мен — бөтен адаммын. Бағана Садаттың сөзін естіген шығарсыз.
КАРИМОВ. Иә, естігем… Бірақ, сұрауға батылым жетпей, естімеген боп тұрғаным ғой.
ПЕРИЗАТ. Естісеңіз сол!
КАРИМОВ. Сонда, бұлар саған кім?
ПЕРИЗАТ. Ешкім де емес. Бөтен адамдар.
КАРИМОВ. Әке-шешем бар, олар оқуға енді жібермейді дегендерің…
ПЕРИЗАТ. Олардың бәрі ойдан шығарып жүрген нәрселерім ғой. Қиялым! Менің ешкімім де жоқ. Әке-шешемнің кім екенін де білмеймін.
КАРИМОВ. Олар… ерте қайтыс болған ба?
ПЕРИЗАТ. Жоқ! Шешем мені бір үйдің жанына әкеп тастап кетіпті. Содан осы кемпір тауып алып бауырына басқан екен. Анамнан қалған жалғыз белгі мынау ғана (ол мойнындағы алқаны ашып, ішінен тілдей қағаз алады). «Фамилиясы — Самрұқова, аты — Перизат, ұлты — қазақ. 1963 жылы 12 июльде, таңғы сағат 6-да дүниеге келген». Міне, менің бүкіл сәбилік өмірбаяным осы ғана. Бәлкім, бұл менің анамның өз қолымен жазған жазуы шығар!.. Менің осында екенімді сырттай біліп, осы үйдің маңына бір келетін шығар деп мен оны жиырма төрт жыл бойы күтудемін. Енді келмес!.. Перизаттың көзінен жас сорғалап кетеді. Каримов көпке дейін сөйлей алмай, көзілдірігін қайта-қайта сүртумен болады.
КАРИМОВ. Бүгін — сіздің туған күніңіз екен ғой!
ПЕРИЗАТ. Мен туған күнімді өлердей жек көремін!
КАРИМОВ. Өтінемін, олай демеңізші. Жақында таң атады. (сағатына қарап). Үш сағаттан соң сіздің өмірге келген сәтіңіз басталады. Біз бүгін оны дүрілдетіп тұрып тойлайтын боламыз! Қалай дегенде де бұл өмір ғой, Перизат! Толып жатқан иттіктеріне қарамастан өмір сүру деген қызық нәрсе!
ПЕРИЗАТ (жылап тұрып күледі). Ал, оны қайда тойлаймыз, Әулие кісі?
КАРИМОВ. Тауда! Медеуде! Ресторанда! Бүгін біздің жолымыз болатын күн, Перизат!
ПЕРИЗАТ. Мен ондай жерлерде ешқашан болып көрген жоқпын. Барғым да келмейді.
КАРИМОВ. Онда, қайда барсақ екен? Ім-м… достардың үйіне!.. Бірақ, ондай дос жоқ-ау!..
ПЕРИЗАТ. Ал, сіздің үйде ше? Сіз менің әкем боласыз ғой.
КАРИМОВ (сәл тосылып). Менің… менің үйім жоқ. Мен… мен де әлгі жердемін!..
ПЕРИЗАТ. Әлгі жерде? Қалайша? Жо-жоқ! Мүмкін емес, мүмкін емес!
КАРИМОВ. Сен оған күйінбе. (Оның шашынан сипайды). Қайта қуан. Жеке жүргеннен гөрі екі жетімнің бірге жүргені жақсы. (Пауза). Айтпақшы бағанағы аңызды этюд етіп қайтадан жасауымыз керек қой. Солай емес пе? Әрине солай!.. Мен тіпті, келген мақсатымды да ұмытып кетіппін ғой.
ПЕРИЗАТ (ағашқа сүйеніп тұрып, селқос үнмен). Енді соның керегі бар ма екен, Сапар аға? Ол жолдың басы осы болса, ендігі жағы қалай болмақ? Мен қойдым. Олармен таласқым келмейді. Бәрін солар иемдене-ақ қойсын. Қайсыбірімен алысып, қайсыбірімен таласарсың. Ұзап барып, кенет сілкініп,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31