ете қалғанда қалаға кешке шейін жете алмаспын деп едім. Қайта, соңына болса да үлгіргеніме рахмет деңіздер.
КАРИМОВ (шарасыз кейіппен). Рахмет, көсегеңіз көгерсін!
САТАНОВ. Слушайте, менің аэропортқа баруым керек, не шығыңыздар, немесе жол беріңіздер!
ПЕРИЗАТ (иіскеп). Бидоныңызда қымыз бар екен ғой. (Тағы иіскейді). Иә, қымыз. Су қосылған.
САТАНОВ. Қайдағы су? Бұл совминнің буфетінен!
ПЕРИЗАТ. Буфет совминдікі, ал, сатушы барлық жердегідей өзіміздің адам.
САРСЕНОВА. Сіңілім, жарар енді, тым көп біледі екенсің, есіктен былай кетіңіз!
ПЕРИЗАТ (Каримовке күлімсірей қарап, ерке үнмен). Сапар Каримович, мен шындығымды айтып тұрмын, мені аяй көріңізші. Осы кезге шейін не ары, не бері боп та бітетін кезім болды ғой! Документте тұрған не бар? Егер сіздерге ұнасам ертең-ақ тапсыруға болады. Сол үшін тағы келесі жылға қап жүремін бе? Сіз бірдеңе деңізші! Анау орындыққа барып отырыңызшы. Каримов әдемі қыздың ерке үніне шырмалып, екі ойлы боп мүдіріп қалады.
САРСЕНОВА. Бірнеше жыл бойы түсе алмаған қыздан енді кеп бірдеңе шығады дегенге сенбеймін. Есімде… былтыры шығармадан құлап кеткенсіз. Солай ма?
ПЕРИЗАТ. Тап солай! Менің жолым ауыр. Алдыңғы жылы бір жас мұғаліммен ерегесіп қалғанмын. Барлық сұраққа тоқталмай жауап бердім. Бір кезде ол. «театр деген не?» деп сұрайды. Сондай да сұрақ бола ма екен?… Білмеймін дедім қырсығып. «Білмесең барып біліп келерсің» деді. Содан шығып кете бардым.
КАРИМОВ. Сіз… сонда… төртінші жыл қатарынан келіп тұрсыз ба?
ПЕРИЗАТ. Иә, төртінші жыл.
САРСЕНОВА. Биыл тағы қайтқалы тұрсыз.
ПЕРИЗАТ. Келесі жылы тағы келем. Әке-шешем кісендеп қойса шынжырымды сүйретіп келем, байлап қойса шылбырымды үзіп келем.
КАРИМОВ (оған сүйсіне қарап). Тоқта, тоқта! Немене, немене? Қайталап айтыңызшы.
ПЕРИЗАТ. Кісендеп қойса шынжырымды сүйретіп келем, байлап қойса шылбырымды үзіп келем!
КАРИМОВ. Сатанов, бидоныңызды жерге қойсаңызшы, ашып кетпес, жартысы су екен ғой, бәрібір.
ПЕРИЗАТ. Керісінше, су қосылған қымыз тез ашиды. Сонан соң адам сыртқа көп шыға беретін болады. Сарсенова мен Сатанов мырс етіп күліп жіберді.
САТАНОВ. Бәсе-с!..
КАРИМОВ. Орынсыз күлкіні қоя тұрыңыздар! (қызға). Ал, бізді немен қуантасыз? Қандай этюдтарыңыз бар? Ең әуелі соны көріп алайық. Сатанов бидонын есік алдында қалдырып, өзі столға жайғасады.
САТАНОВ. Сапар Каримович, сіз емтихан алуға келіскен адам сияқтысыз ғой?
КАРИМОВ. Көрейік. Бес минуттан ештеңеміз кетпес.
ПЕРИЗАТ. Көсегеңіз көгерсін!
САТАНОВ. Қап, мына бір қыздың қырсығын-ай! Бұлар басы ауған жақта қаңғырып жүреді, ал мен әйелімді күтіп алуға кешігіп баруым керек. (сағатына қарап) Самолеттің қонатын уақытысы да болды!
ПЕРИЗАТ. Мен қаңғырып жүрген жоқпын, абайлап сөйлеңіз! Ничего, самолет аспанда күте тұрады.
САТАНОВ. Мәссаған безгелде-ек! Мына абитуриент қыз мұғаліммен қалай сөйлеседі, ә! (Каримов пен Сәрсеноваға). Бәрін басындырып алған сіздер, сіздердің де-мо-кра-тия-ларыңыз! Бүйте берсек бір күні емтиханды абитуриенттің үйіне барып алатын шығармыз.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31