ПЕРИЗАТ. Несі бар, ол да жаман емес. Шіркін-ай, сондай заман қашан келер екен! Мұғалім есікті қағып. «Сізден емтихан қабылдауға рұқсат па екен, жолдас абитуриент?» деп майысып тұрса ғой. Сол кезде мен. «Бүгін кірпігімді қимылдатпай демалатын күнім, ертең түсте келе қойыңыз, бәлкім, сонда сәті түсер. Тек сұрақтарыңыз қысқа ғана болсын!» — деп жауап берсем.
САТАНОВ (ызаға булығып). Ал, сізден қазір емтихан қабылдауға рұқсат па екен, бикеш?
ПЕРИЗАТ. Рұқсат!
САТАНОВ. Рахмет! Мұндай мейірбан боларсыз ба!.. (өзгелерге). Ал, отырыңыздар, аса мәртебелі Абитуриенттің бізге мейір-шапағаты түсіп, емтихан қабылдауға өз аузынан рұқсат берді. Жасқанбай, жалтақтамай мына орындықтарға жайғасыңыздар! (Олар отырады). Жетістіңіздер, мұғалім мырзалар! (қызға). Ал, көрсетіңіз өнеріңізді!
КАРИМОВ (оған деген сүйінішін жасыра алмай). Мынандай мінезбен оқуға түсе алмауыңыз… Әрине… заңды. Қазіргі жұрт сыпайылықты өзгеден ғана талап етеді… Ал, қуантыңыз бізді.
САРСЕНОВА. Япырмай, жылда құлап кетіп жүрген бір абитуриентке бола!… Сапар Каримович, сіз қабылдау емтиханының шартын өрескел бұзып отырсыз!
КАРИМОВ (сәл ызаланып). Ештеңе емес, Сарсенова жолдас! Мен талант ұшқынын көріп тұрмын. Ал, заңды бұзбаса, талант талант бола алмайды. (қызға) Дайынсыз ба?
ПЕРИЗАТ. Дайынмын! Талай жылдан бері! Не көрсетейін, былтырғыдай тағы да трактор айдайын ба, әлде, ақ қағазға қарап жынды адам секілді қарқылдап күлейін бе?
КАРИМОВ. Былтыр солай етіп пе едіңіз?
ПЕРИЗАТ. Үш жыл бойы!
КАРИМОВ. Неге?
ПЕРИЗАТ. Негесі несі? Трактор айда дейді — мен айдаймын, қағазға қарап күл дейді, мен күлем. Бар болғаны сол.
КАРИМОВ. Қызық екен! Ал мен… трактор рулінде отырған өжет және… әдемі қызды ешқашан көрген емеспін… Қане, көрсетіңізші.
САРСЕНОВА. Сапар Каримович!.. (Сарсенова оның құлағына әлдене деп сыбырлайды).
КАРИМОВ. Ештеңе емес, көп уақыт кетпейді.
САТАНОВ. Қап!.. Әйелім мен бала-шағам аэропортта қаңтарылып тұр-ау!..
ПЕРИЗАТ. Мен сіздерге біздің колхоздың тракторын көрсетейін.
САТАНОВ. Тек тезірек, жарқыным, тезірек! Перизат бір-екі жеңіл өзгерістермен тракторшы қыздың кейіпіне келе қалады. Қолына шнур алып, тракторды оталдыруға кіріседі. Пускачты ұзақ айналдырады.
ПЕРИЗАТ. Бұл бірінші моторы. Ах, найсап! Бұл трактордың бірінші моторы оталып болам дегенше түс ауатын болды ғой. (Тағы айналдырады). Бір, екі, үш! Ах, сайтан! Бір, екі, үш! Пускач ысылдап барып тоқтайды. Пускачтың дауысына шейін айнытпай салғанына Каримов аса разы кейіппен қарап қалған. — Біздің колхоздың тракторларын оталдыру үшін буксирге алатын тағы бір трактор керек. Бір! (тартады). Екі! (тағы тартады). Үш! (оталмайды). Уф! Бір болмақ түгілі мың десең де бүлк ететін түрі жоқ.
САТАНОВ. Тезірек, жарқыным, тезірек!
ПЕРИЗАТ. Оталмай жатса қайтпекпін?
САТАНОВ. Жарайды, оталды делік. Ары қарай?
ПЕРИЗАТ (тракторге). Эй, көрдің бе, жұрт асығып отыр, аэропортқа баруы керек. Бол қане! Ол шнурды
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31