тартып қалғанда трактор тарылдай жөнеледі.
ПЕРИЗАТ. Пер-р-р-р-р-р!.. Тр-р-р-р… Пер-рр-р-р…
САТАНОВ. Жаным-ау ол қашанғы тырылдай береді, жүрмей ме?
ПЕРИЗАТ. Қазір, екінші моторды іске қосу керек.
САТАНОВ (санын ұрып). Уф! Әлі екінші моторы бар ма?
ПЕРИЗАТ. Әлбетте. Екінші моторсыз трактор қалай жүрмек? Ол трактордың екінші дизель-моторын іске қосып, соның ыңғайына қарай даусын өзгерте бастайды. Дүр-дүр-дүр- ДҮР-Р-Р-Р- ДҮР-Р-Р- ДҮР-Р-Р- Лық-лық!.. Трактор лықылдап орнынан қозғала алмайды.
КАРИМОВ (Беріле күліп). Көгершінім-ау, бұл өзі жүретін трактор ма, жүрмейтін трактор ма?
ПЕРИЗАТ. Жүрмейтін трактор. Оталғанына қуануымыз керек. Дүр-р-р… Оның өзінде сіздер асықтырған соң оталды. Дүр-р-р…
КАРИМОВ. Сонда бұл неге жүрмейді?
ПЕРИЗАТ. Өйткені екі свечасы жоқ.
КАРИМОВ. Неге?
ПЕРИЗАТ. Ұрлап кеткен… Дүр-р-рр.
САТАНОВ. Енді осылай дүрілдеп тұра бере ме?
ПЕРИЗАТ. Тұра береді.
КАРИМОВ. Қашанға дейін?
ПЕРИЗАТ. Екі свечаны басқа біреуден ұрлап әкеп салғанға дейін.
САТАНОВ. Сонда немене, бір-бірлеріңнен екі свеча ұрлау мода ма?
ПЕРИЗАТ. Мода емес, әдеп сақтау.
САТАНОВ. Әдеп сақтау?
ПЕРИЗАТ. Иә, әдеп сақтау. Екі свечадан артық ұрлау біздің колхозда көргенсіздік боп саналады. Каримов ынта-шынтасымен беріле күледі. Сарсенова да езу тартады. Тек Сатанов қана сағатына қарап дегбірсізденіп тұр.
КАРИМОВ. Болды! Болды! Трактор жүрді делік, рульдегі әдемі қыз қыр асып кетті делік. Басқа не көрсетесің?
ПЕРИЗАТ. Тракторды өшірейін бе?
КАРИМОВ. Әрине.
ПЕРИЗАТ. О-о, көрсететін нәрсе көп. Жалмауыз кемпір, қақпас шал, алжыған шал, арамза жігіт, ақылды қыз, адуын әже, ел аңыздары… Толып жатыр.
САТАНОВ (жұртқа). Мына алжыған шал соның бәрін көрсет демесе болғаны.
КАРИМОВ. Ал, бастай бер. Сатанов қолын сілтеп орындыққа кеп отырады.
ПЕРИЗАТ. Неден бастайын. Алжыған шалдан ба?
КАРИМОВ. Жоқ… Әлгі адуын кемпірді көрейікші.
ПЕРИЗАТ. Мен қазір! (ол сөмкесін алып, киінуге шығып кетеді).
САТАНОВ (Сарсеноваға). Бұл не бұл? Институт па әлде жындыхана ма?
САРСЕНОВА. Болары болды, енді сәл шыдай тұрайық. Есік қағылады. Дөрекі де қатты. Бұлар бір-біріне қарасады. «Рұқсат» деген сөзді күтпестен ішке бір кемпір кіріп келеді.
КЕМПІР. Ігзем жүріп жатқан жер осы жер ме?
САТАНОВ (теріс айналып). Ал, енді бізге жетпегені кемпір еді!..
САРСЕНОВА. Сіз неге рұқсатсыз кіресіз?
КЕМПІР. Қайдан білейін, ешкім үндемеген соң…
САТАНОВ. Сапар Каримович, бәлкім бұ кісіге де этюд орындатып көрерсіз. Документіңізді тапсырып па едіңіз өзі?
КЕМПІР. Өйтіп келеке қылмай-ақ қойыңыз. Немене, сендерде оқып жатқандар шетінен кереметтер дейсіңдер ме?
КАРИМОВ. Сіз келген шаруаңызды айтыңыз.
САТАНОВ. Туһ! Әрбір қаңғып жүрген адаммен тәжікелесе берсек біздің неміз қалады? Апай, шығыңыз. Бұл жерге кіруге болмайды!
КЕМПІР. Неге кіруге болмайды? Мен қыз жоғалтып кеп отырмын.
САТАНОВ. Қыз жоғалтсаңыз оны неге тек біз отырған жерден іздеуіңіз керек?
КЕМПІР. Өйткені ол осында кіріп кеткен. Актриса болам деп қоймайды. Бәрі бір-біріне қарайды.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31