АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

САТАНОВ. Иә, өзіңізге ұқсаған арсын-күрсін бір қыз осында жүр. Қазір келеді. Бәсе, ондай қыздың шешесі сізден басқаша болуы да мүмкін емес шығар. Жақсы келдіңіз, одан қалай құтылуды білмей отыр едік.

КЕМПІР. Осы институттың табалдырығын тоздырғанына төрт-бес жыл болды. «Басқа институтқа бар, тамақ жағын жағала, қай заманда да тамақ номері бірінші проблема болғанын қоймайды» деп құдайдың зарын қылсам да тыңдамай қойды. Сахнаға шығам, ойын ойнаймын деп жатпай-тұрмай дайындалып жатқаны. Биыл түспесең төбе шашыңды біртіндеп жұламын дегем. Ол келіскен. Өзінен бірдеңе шығатын түрі бар ма? Олар үндемейді.

САРСЕНОВА. Белгісіз, апа! Оның үстіне биыл документ те тапсырмапты. Біз оны жай әшейін көре салайық деп отырмыз.

САТАНОВ. Босқа басын қатырмай күйеуге берсеңізші. Қазір қазаққа бала ауадай қажет. Ауылда жұмыс істейтін адам жоқ.

КЕМПІР. Ойбай, қалай-қалай сөйлейсің өзің? Немене, менің қызым ауылға арнап жұмысшы тууы керек пе? Сендердің әйелдерің не бітіреді. Тусын солар.

САРСЕНОВА. Өзіңіздің балаңыз көп пе?

КЕМПІР. Быжып жатыр. Сендердегі қызым – ең кенжем. Он бір балам бар, жиырма үш немерем бар.

САТАНОВ. Оның бәрін қалай асырадыңыз?

КЕМПІР. Өскен соң бірін-бірі сүйреп кетеді. Әрине, қиын. Қазір бәрі қымбаттап кетті. Кәпірәтив деген шықты да өрісімізді тарылтып кетті. Бүгін таңертең мен балаларымды ертең ертемен тұрғызып алдым да, былай дедім. — Бүгін сендерді ерте оятып, сапқа тұрғызған себебім — елімізде кооператив дегеннің кең тарауына байланысты боп тұр. Бұл сістема ашылғалы бері киім-кешектен бастап ұлтараққа дейін солардың қолына көшті. Бұрын он тиын тұратын ұлтарақ қазір бір сом болды. Жылқының, сиырдың, қойдың, шошқаның етінен жасалған «Дружба» деген қолбасаның бір килосы бұрынғы бір шібіштің құнымен теңелді. Еліміздегі бұл өзгеріс біздің семьяның қаражатына әсерін тигізбеуі мүмкін емес. Сондықтан, бүгіннен бастап мынадай қатал тәртіп орнатамын. Бұрын кино, театр дегендерге жылына екі рет барып тұрушы едіңдер. Енді оның біреуін қысқартасыңдар. Және сонша ақша төлеп барған соң сеанс жүріп жатқанда жан-жақтарыңа алаңдамай, киноны мүлт жібермей таза көруге тиіссіңдер. Машиналарыңды көрінген жерге мінуге тыим саламын. Базарға өздерің жаяу барыңдар. Ал, тығыз шаруамен машиналарынды жүргізе қалсаңдар, көшеде біреу-міреу алдарынды кесе өтіп бара жатса да сигнал баса бермендер. Одан аккумолятор отырып қалады. Сонан соң үйдегі хрусталь, фарфор, шыны ыдыстары алынбайтын жерге тығып қойыңдар да, орнына пластмасса алыңдар. Пластмасса — қазіргі кездегі экономикалық саясатта ең тиімді де төзімді материал. Бұрынғы қазақшылықты тоқтатасыңдар. Жатар орынға ет жеу зиянды. Міне, менің қолымда «здоровье—» жорналының он жылдық тігіндісінен жиналған «тамақтың организмге зияны» деген тақырыпта үш жүзге жуық мақалалар мен заметкалар бар. Кешке келген соң сол материалдармен өз беттеріңше мұқият танысып шығуларың керек. Апта сайын моншаға баруды доғарып, екі жетіде бір рет баруды әдетке айналдырған абзал.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31