АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

Бір рет үйде су жылытып түсесіңдер. Бәріңе суды өзім құямын. Ұялатын ештеңе жоқ, бәрің менен тарағансыңдар. Таза ауа жұту үшін қаланың сыртына шығу деген ескі әдетті тоқтатасыңдар. Әр қайсың он бес минуттан аулада жүріп қайтуды әдетке айналдырыңдар. Сендердің организмдеріңе жететін ауа осы ауладан да табылады. Ең соңғы айтарым — күн сайын тіс жуу дегенді доғаруларың керек. Күнде жуа берген соң тістің эмалы кетіп, көп ауру содан басталмақ. Менің рұқсатымсыз тіс жуатын пастаны ешкім өз бетінше алмайтын болсын. Және бұрынғыдай пастаны тіс щеткасының ұзына бойына түгел жақпай, жартылай ғана жағатын боласыңдар. Бұдан былай күнде таңертең әр қайсыңа пастаны өз қолыммен салып беріп отыратын боламын. Ал, ризасыңдар ма осыған? Сапта тұрғандар. — Ризамыз! — деп шу ете түсті. — Риза болсаңдар да, болмасаңдар да сол! Енді тараңдар! — дедім. Перизат этюдін бітіріп, кимешегін шешеді. Оларға иіліп тағзым етеді.

САТАНОВ (орнынан ұшып тұрып). Браво! Браво! (Сарсенова да қол шапалактайды).

ПЕРИЗАТ (көңілі кілт төмендеп). Сапар Каримович, немене, сізге ұнамады ма?

КАРИМОВ. Орындауында мін жоқ! Бірақ тым өткір ме қалай?

САТАНОВ. Сіз неге олай дейсіз? Өткір болғаны дұрыс! Мұнда тек қана образ емес, уақыт тынысы, заман лебі жатыр. Бұл этюд бізге қатты ұнап отыр. (Сарсеноваға қарап) Сізге де солай шығар деп ойлаймын?

САРСЕНОВА. Ім… м… Жалпы, жаман емес. Зерно бар.

САТАНОВ (жақтырмай). Зерно! Зерно емес, өзек бар, қала берді өнер бар! (Перизатқа) Мен сізді машинамен шығарып салуға уәде беремін.

КАРИМОВ. Әй. Жастар-ай, жастар-ай! Жылт еткен нәрсе көрсеңдер эпитетті аямайсыңдар-ау. Алқынбау керек, қамшы тимей жатып алып қашпау керек. Жақсы нәрсе сен екеуміз алақайлап айғайламасақ та жарып шығады. (Перизатқа) Солай ма көгершінім?

ПЕРИЗАТ. Мен өмірді енді бастап келемін, сондықтан білмеймін.

КАРИМОВ (жанындағыларға). Қалай, осы жетер деймін. Келісесіздер ме?

САТАНОВ. Жоқ! Келіспеймін, Менің тағы бір этюд көргім келіп тұр!

САРСЕНОВА. Оу, сен аэропортқа асығып отыр едің ғой!

САТАНОВ. Алматының самолеттерінің уақытылы келгенін көргем жоқ. Қарындас… імм… (ол оның аты-жөнін еске түсіре алмай мүдіріп қалады).

ПЕРИЗАТ (жұлып алғандай). Перизат Самрукова.

САТАНОВ. Иә, Перизат! Енді қандай этюд орындағыңыз келеді? Егер, әрине (Каримовке қарап койып) Сапар Каримович қарсы болмаса. Каримов келісім бергендей бас изейді.

САРСЕНОВА. Жолдастар, бізді ректор күтіп отыр. Емтиханның аяғы не боп кетті өзі.

ПЕРИЗАТ. «Қазығұрт аңызы». «Анасын аңсаған қыз» атты спектакльден үзінді.

САТАНОВ. Миниатюралық театр! Ғажап емес пе? Қане, бастаңыз!

ПЕРИЗАТ. Бастайын. Баяғы бір заманда, дін-мұсылман аманда, Қаратау өңірінде Қазығұрт деген батыр бопты. Ол талай қанды соғысты бастан кешірсе де батырлығын еліне ешқашан міндет етпеген екен. Ел шетіне жау тисе олардың бетін қайтарып тастап, ауыл шетіндегі шағын ғана лашығында кішкене іні-қарындастарының 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31