«Алдыңғылардың әңгімесі» бағдарламасының бүгінгі кейіпкері – жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков.Жазушы бүгінгі қазақ театрларының кемшілігін айтты. Өзі сабақ беретін Жургенов атындағы өнер академиясының студенттерінің деңгейін сөз етті. Қаламдастары туралы шығарған анекдоттары да сұхбаттан тыс қалған жоқ.
– Аға, сізге хабарласқанымда мені қызықтырған және ойландырған екі нәрсе айттыңыз. Соның қызықтырғаны: бір шығарма жазып біттім, бітіргеніме көп болған жоқ. Тынығып алайын дедіңіз. Қандай дүние жазып біттіңіз?
– Өмірге келгендегі негізгі мақсатым жазу шығар. Соған көзім жеткендей болды. Бұрын жазушымын деп айтуға ыңғайсызданатынмын. Менен де басқа жазушылыққа бет бұрған азаматтар бар. Жазушылыққа талпынып жүрген жастар бар. Бізге қарағанда кейінгі ұрпақ прагматиктер. Ақысын бермесең, ештеңе істемейтін жастар келе жатыр. Дұрыс та жасайды. Ал біздің буын жазбай отыра алмайды. Өйткені ойланбай отыра алмайды. Ойының түп негізі неде? Қай тақырыпқа барса да, тарихи тақырыпқа барса да бүгінгі күннің проблемасын іздейді. Бүгінгі проблема болса, көсеп, оттың көзін жалындатып тұрып жазуға тырысады.
Карантиннің пайдасын көрген сияқтымын. Біраз нәрсе жазып тастаппын. Екі пьеса бітірдім. Біреуі – Рахметолла Райымқұлов ағамыздың «Түйелі адам» повесі бойынша «Мақшардағы махаббат» пьеса жаздым. Драма. Оны жазған себебім, Талдықорған театрының ұсынысы болды. Рахаңның шығармасы жайлы пьеса жазып әкеліпті. Қарап тұрсам, драматургияның иісі де жоқ. Бәрін айта берген. Рахаңның бірнеше шығармаларын қосып жіберген. Кәмпескеден бастап, колхоздастыру, коммунистік партиясының рөлі, «Ленин партиясы қазақ халқын құтқарады» деген сөз де жүр ішінде. Комсомол жүр, соғыс басталған, кейіпкердің үстінен іс қозғалды ма, быт-шыт. Бәрін айта берген. Бәрін айтқан соң, компазицияның сәні, мазмұнның мәні кетеді. Содан кейін отырып, он жеті пунктен қалай жазу керегін жасап бергенмін. «Бәрін айтпаңдар, біреуін ғана алыңдар. «Түйелі адам» деген повесі бар. Содан сахналық шығарма шығаруға болады» дедім. Содан кейін олар жата кеп жабысты. «Сізден басқа ешкім жаза алмайды. Өзіңіз жазып беріңіз» деді. Рахаң үшін жазып берейін деп ойладым. 24 жасымда әскерде жүріп «Гауһартасты» жазып келгенімде «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі екен ол кісі. Ол кезде ешкімді танымаймын. Алып бардым, бердім. «Жарайды, тастап кет» деді. Ол кезде мен сияқты жастар толып жатыр ғой. Бықпырт. Ол кезде М. Әуезовтен басқа классиктеріміздің бәрі дін аман. Роман жазса. Бес-алты нөмерге бір-ақ кетеді. «Жұлдыз» жалғыз журнал, солардан босамайды. Қазіргідей газет-журнал көп емес ол кезде. Бізді жариялайтын – «Лениншіл жас». «Социалистік Қазақстан» әңгіме баспайды. «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкендерден артылмайды. Анда-санда болмаса, жастарды көп бермейді. Сөйтіп жүргенде, Рахаң іздепті. Бардым. Ол кезде адам табу қиын. Барсам, орнына тұрып, бетіамнен сүйді. «Айналайын, құттықтаймын. Кермет повесть жазыпсың, көзіме жас алдым. Бұны енді Сырбайға беремін. Ол кісі