Екі бөлімді, екі суретті драма
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Ректор
2-ректор
Профессор
Ректордьщ әкесінің інісі
Ректордың әйелі
Ректордың секретары
Шал
Ректордың баласы
Доцент
Студент
Ортадағы кісі
Шеткі кісі
Портфельді кісі
Горононың бастығы «Заошник»
Қабылдау комиссиясының жауапты секретары
Қабылдау күтіп отырған студенттер және басқалар.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Ертеңгі кез. Астаналық бір жоғары оқу орнының ректорының кең кабинеті. Жағалай қойылған орындықтар, кітап толы екі сөре, бұрышта киім ілгіш, сейф тұр. Төрдегі столда жасы қырықтардан асқан ректор отыр. Телефон шырылдайды.
РЕКТОР. Иә, мен тыңдап тұрмын. Ә-ә, сен бе едің? ГорОНО-ның бастығына ма? Оған кіруге уақытым болмайды-ау, бүгін қабылдау күнім ғой. Кісілер көп. Ертең барармын. Енді қайт дейсің, күнде ертеңмен бір ай өтсе, тағы бір күн шыдарсың. Жо-жо, болмайды. Барып шығу керек, телефонмен сөйлескен ыңғайсыз болар. Бүгін барып шықпасақ, кеш қалмаспыз. Ақша ма? Бар… бар шығар. Туһ, сен де қоймайды екенсің. (Үстіндегі киіміне қарап қойып күледі.) Ә-ә, рас, бүгін басқа костюм киген екенмін-ау… Сонда да қалтасынан бірдеңе табылып қалар. (Қалталарына қол сұғып қарап шығады. Ештеңе таба алмайды). Бар екен, бар, түскі тамағыма жететін ақша табылды… Таксимен-ақ бара салсаңшы… Жарайды. Шофер жаңа заправкаға кетіп қалып еді, келсе саған жіберермін. Ауруханаға барып келе салысымен маған хабарын айт, жарай ма? Дәрігерлермен сөйлес. Сөйт. (Трубканы орнына қояды). Ректордың секретары отырған алдыңғы бөлме көрінеді. Кезек күтіп он шақты адам отыр. Олардың ішінде таяқ ұстаған Шал да бар, студенттер мен абитуриенттер де бар. Бір жерде тәуірлеу қызмет істейтін болу керек, толықша келген біреуі әрі-бері жүр. «Ректор» деген жазуы бар үлкен былғары есікке қарап қойып, сағатына үңіледі.
КІСІ. Сағат оннан он бес минут өтті, енді қашан қабылдайды? (Секретарь қызға қарап). Сіз кіріп шығыңызшы, бүгін қабылдамайтын болса ертең келейік. Бәріміздің де жұмысымыз бар.
СЕКРЕТАРЬ (машинкасын тақылдатуын қоя тұрып). Ол мәселеге мен араласа алмаймын. Он бес минутқа шыдамай барасыз ба? Қоңырау дыбысы естіледі. Секретарь қыз лып етіп көтеріліп, ректорға кіріп кетеді де, лезде қайтып шығады.
СЕКРЕТАРЬ (әлгі сумка көтерген кісіге қарап). Сіздің ренжіп қалғаныңызды сезген болуы керек. Кіре беріңіз. Есіктің қасында баласы екеуі отырған Шал Секретарь мен толықша кісіге кезек қарайды.
ШАЛ. Айналайындар-ау, мен бірінші едім гой. Сайлауға дауыс беретіндей құлқын сәріден келгем. Бәрі шетінен дөкей, кимелеп кіріп кете береді. Өткен жолы да «ақсақал, бір минөт, бір минөт» деп құдайдың кешін қылып еді, түге.
КІСІ. Отағасы, даурықпаңыз.Бұл – мекеме! Біз асықсақ тығыз шаруамыз бар, үкімет адамымыз.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27