СЫЗҒАНОВА. Иә-иә.. Бүгiн жұма. Төреханның басына баратын күн… Қап!..
САЛИХА. Тағы не боп қалды, ойбай!
СЫЗҒАНОВА. Бүгiн милиция шақырып қойып едi. (Кiтапты көрсетедi). Мынаны апаруым керек.
САЛИХА. Бар, бар! Әруақ асықпайды ғой. Өлген ағадан тiрi мiлиса артық. Бар! (Салиха шығып кетедi. Сызғанова бiр орында тұрып қалады. Жарық сөнедi. Жарық қайта жанғанда Салиха мен Сызғанова көрiнедi. Сызғанова пешке көмiр салып жатыр. Пеш жанындағы кiшкене орындықта Салиха әлдене тоқып отыр). Мiне, Төренiң қырқын да бердiк. Оның қайтыс болғанына да қырық күн боп қалды. Зулап бара жатқан өмiр-ай, десеңшi!
СЫЗҒАНОВА. Бұл шұлықты кiмге тоқып отырсыз?
САЛИХА. Бiлмеймiн. Қарап отырғанша қалғып отырайын демекшi далбаса да, әйтеуiр. Далада қалмас, бiреу-мiреу киер.
СЫЗҒАНОВА. Шаршайсыз дегенiм ғой.
САЛИХА. Тыныққанда не iстеймiн? Не үшiн тынығам? Қызым мен Төренiң алдында кетпей, не бiтiрем деп артында қалдым?
СЫЗҒАНОВА. Қамықпаңыз, апа! Бiз қасыңыздамыз ғой. (Кенет көңiлденiп). Айтпақшы, апа деймiн, кеше Орынбормен телефон арқылы сөйлестiм…
САЛИХА. Сәләмат болсын.
СЫЗҒАНОВА. Күйеуiммен емес, жұмыс орныммен. Мен жұмыс iстеп жүрген мекеменiң бастығы айтады… Штат қысқарып жатыр дейдi. Штат!.. Мен атқарып жүрген қызмет бар ғой, сол керек болмай қалыпты. Басқа жерден жұмыс қарайластыра бер дейдi. Ал, ыңғайы келсе, сол барған жерiңде де қала беруiңе рұқсат дегендi айтады. Осыннан жұмыс қарастырсам қалай болар екен?
САЛИХА. Әнеугүнi маған айта алмай жүргенiң осы емес пе?
СЫЗҒАНОВА. Жоқ, бұл емес!
САЛИХА. Ал, ана проводник күйеуiңдi қайтесiң?
СЫЗҒАНОВА. Ол жақында келедi ғой, сонда ақылдасамын.
САЛИХА (селқос). Мейлiң! Тағы жабылып қалмайтын болсын…
СЫЗҒАНОВА. Жұмысқа орналасу үшiн осы үйге пропискаға отыру керек екен.
САЛИХА. Отыр…
СЫЗҒАНОВА. О-ой, оның бiр машақаты көп жұмыс. Сығаламайтын тесiгiң, кiрмейтiн есiгiң қалмайды.
САЛИХА. Қалдырма.
СЫЗҒАНОВА (Салиханың немқұрайды сөйлесiп отырғанына назар аударып). Сiз шаршап отырсыз ба, апа, жатсаңызшы.
САЛИХА (шұлықтың басын қарыстап өлшейдi). Бiр қарыс та үш сүйем. Төреге ылғи бiр қарыс та үш сүйем тоқушы ем.
СЫЗҒАНОВА. Сiздiң құдаңыз да бiр қарыс, үш сүйем шұлық киедi.
САЛИХА. Әлгi саудагерiң бе?
СЫЗҒАНОВА. Иә-иә!
САЛИХА. Оның да аяғы бар ма едi!..
СЫЗҒАНОВА. О-о, оның аяғы көп! Мың аяғы бар. Ол поезбен бүкiл елдi шарлап шығады! (Поездың жүрiсiн салып күледi). Мiне былай. Гу-гу-ук! Дүк-дүгi-дүк! Дүк-дүгi-дүк! Дүк-дүгi-дүк!.. (Салиха көңiлденiп езу тартады). Апа, немереңiзден әлi хат келген жоқ па?
САЛИХА. Қай немере? Ә-ә? Әлi жазған жоқ!.. Түнде түс көрдiм. Түсiмде. «Әже, мен сiзге көп хат жазып қойдым. Кейiн барғанда ала барам», – дейдi. Қарағым-ау, барғанда ала барамың не, поштамен салып жiбермейсiң бе?»– десем. «Әже, мен әскерде жүр екенмiн десем, әлi туылмаппын да ғой. Кеше кәмәндiрiм. – Майданов, сен әлi туылған жоқсың»,– дейдi. – Әже, «оның туылғаны
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24