рас деп, справка салып жiберiңiздершi. Әйтпесе, кәмәндiрiм сенетiн емес», – деп ыржиып күлiп жүр. Жүзiн анықтап көре алмадым, даланы тұман басып тұр-ау деймiн. Түрi бiрде Төренiң жас кезiнiң, ендi бiрде, құданың құдiретi, түнеугүнi үйге бiр жiгiт пәтер сұрап келiп едi, соған ұқсайтын сияқты. Мен оған дауыстап. «Жарайды. Үйде Төренiң қарындасы бар, үй басқармасына күнде барып жүр, справканы сол салып жiбередi»,–деп жатырмын. (Сызғанова әрi шошынып, әрi таңданып Салихаға қарайды).
СЫЗҒАНОВА. Қызық екен!.. Көп ойлайсыз, содан шығар.
* * *
Сол көрiнiс. Анықтап қараған көзге болмаса байқалмайтын болмашы ғана өзгерiс бар. Ол – Сызғанованың күйеуiнiң босаға жақта iлулi тұрған проводниктер киетiн шинелi. Үйде Ер кiсi жүр. Ол үй iшiнiң заттарын, қабырғаларды ұстап, өзiнше сөйлеп қояды.
СЫЗҒАНОВ. Отыз мың! Егер сарайды, үйдiң iшi-сыртын қатырып тұрып жөндеп сатса, қырыққа барып қалуы мүмкiн. Бұл деген көп ақша ғой! (Сырттан Сызғанова кiредi. Жүзi абыржулы. Киiм iлгiшке пальтосын iлiп, орамалын басынан жүре шешiп, оны кереуетке ызалана лақтырып жiбередi де, өзi төсектiң бiр шетiне отырады. Сызғанованың абыржулы екенiн көрген күйеуi оған ләм демей, столға барып отырып, әлдеқалай бiр қағаздарды шұқылай бастайды. Бәлкiм, үйдiң ақшасын есептеп отыруы).
СЫЗҒАНОВА. Осы жүрiстен әбден қажыдым! Милиция, домоуправление, милиция! Не болса да ертерек бiтсе екен!
СЫЗҒАНОВ. Күйгелектенбе! Мен де ана жақта қарап жатқан жоқпын ғой. Саған мұрагер деген документ алу үшiн де қанша жүйкем тозды.
СЫЗҒАНОВА. Шынымды айтсам бар ғой, iс тереңдеген сайын бойымды ұят кемiрiп бара жатқан сияқты. Бұл жайды апайдың өзiне қалай айтамыз? Ол бәрiнен бейхабар.
СЫЗҒАНОВ. Ол жағын маған қоя бер.
СЫЗҒАНОВА (оған көз тоқтата қарап). Әрине, сен айтасың.
СЫЗҒАНОВ. Кемпiрдiң өзi қайда жүр?
СЫЗҒАНОВА. Бүгiн күн жұма ғой.
СЫЗҒАНОВ. Онда не болушы едi?
СЫЗҒАНОВА. Ол кiсi жұма сайын Төреханның басына барып қайтады. Бiр танысымның үйiне барып, сол жақтан мазар басына соғармын деп кеше кеткен, әлi жоқ.
СЫЗҒАНОВ. Оның паспорты мұнда тiркелмеген дедiң, ә! Жақсы болған екен. Мен содан қорқып келiп едiм.
СЫЗҒАНОВА. Шынында, сен қатыгез екенсiң.
СЫЗҒАНОВ (ызалы, бiрақ бiлдiрмей). Оған қашан көзiң жеттi!
СЫЗҒАНОВА. Осында келгелi.
СЫЗҒАНОВ. Не, Кемпiр азғырып қойған ба?
СЫЗҒАНОВА. Азғырмақ түгiлi оның еш нәрсемен iсi жоқ. Тiптi, бiздiң арам ойымыздан да бейхабар.
СЫЗҒАНОВ. Сен өзiң бiр айдың iшiнде боркемiк боп кетiпсiң ғой. Немересi шынымен бар ма екен, жоқ па екен, анықтадың ба?
СЫЗҒАНОВА. Бiлмедiм. Қазбалап сұрай беруден қысылдым.
СЫЗҒАНОВ. Көршiлерi қалай дейдi?
СЫЗҒАНОВА. Олар да анығын бiлмейдi.
СЫЗҒАНОВ. Мейлi. Ол соншалықты маңызды нәрсе емес. Тек, артық дау-дамайдың керегi жоқ дегенiм ғой.
СЫЗҒАНОВА. Осыны қояйықшы-а! Аштан өлiп, көштен қалып бара жатқамыз жоқ қой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24