М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

СЫЗҒАНОВА. Ах, солай ма! Солай ма! Мен сенiң ертелi-кеш осыны бiр айтатыныңды сезiп ем… (Сызғанова кереуетке құлап, егiлiп жылап жiбередi).

СЫЗҒАНОВ (паузадан соң). Болды. Ендi көз жасыңды етектеп төккенiңмен пайдасы жоқ. Көтер басыңды! (Сызғанова әлденеден жасқанғандай ақырын басын көтередi). Ертерек үйдi сатудың қамына кiрiсу керек. Мен сыртқа шығып жұртпен сөйлесейiн, хабарландыру iлейiн. (Сызғанов басқа бөлмеге кетедi. Сызғанова екi алақанына иегiн қойып, ойға шомып қалған. Есiк ашылып, Салиха үйге сөйлей кiредi).

САЛИХА. Итке әлi тамақ берiлмеген бе, iшi қабысып қалыпты ғой (пальтосын шешiп, киiм iлгiшке iледi. Шинельдi көредi).

СЫЗҒАНОВА (көңiлденген боп). Апа, Ресей жақтан құдаңыз келдi!

САЛИХА. Көрдiм ғой.

СЫЗҒАНОВА. Қашан көрдiңiз?

САЛИХА (шинельдi нұсқап). Тұр ғой, әне!

СЫЗҒАНОВА (күледi). Мен қазiр оны сiзбен таныстырайын. Жолдас коммерсант! Жолдас коммерсант! Сызғанов! (Iштен ақ көйлек киiп, галстук тағып алған Сызғанов шығады. Бiр қарағанда өзiмiз күнде көрiп жүрген жөнi түзу, көрген-бiлгенi, адамгершiлiгi, мәдениеттi кiсiден бiрде-бiр кемiстiгi жоқ).

СЫЗҒАНОВ (шамданып). Немене, менiң өз атым құрып қап па едi? Не боп қалды?!

СЫЗҒАНОВА (iзетпен Салиханы көрсетiп). Амандаспайсың ба?

СЫЗҒАНОВ (бiрден өзгерiп). О-о, апа! Сәлеметсiз бе? Байқамай қаппын. Кешiрiңiз! (келiп қол алып амандасады. Салиха да амандасады. Бiрақ, онымен танысқанына онша қуанышты емес екенi беп-белгiлi). Көңiл көрген жерде деген. Қайғыңызға ортақпын! Кезiнде келе алмадық. Ол жағын… (Сызғановаға қарайды) айтып түсiндiрген шығар.

САЛИХА. Рақмет! Ол жағын айтып түсiндiрген… Сiздi сырқат деп едi…

СЫЗҒАНОВ. Сауыққан бетте осылай қарай домаладым ғой. Қалай, өзiңiздiң денсаулығыңыз жақсы ма? Қыстан қысылмай отырсыз ба?

САЛИХА. Шүкiр… Отырмыз ғой…

СЫЗҒАНОВ. Жұма сайын Төренiң басына барады деп естiгем. Менiң де бiр күн кеш келiп қалғанымды қараңызшы…

САЛИХА. Оқасы жоқ. Төре сiзге өкпелемейдi. Басына барғаныңызбен ол сiздi танымайды да. Көптен берi осында жүрген әйелiңiз де жете алмай жатыр ғой.

СЫЗҒАНОВ (кейiп). Япыр-ау, соны айтсаңызшы! Ол кiсiнi неге жалғыз жiбердiң деп жаңа бiраз ұрысып алғанмын. Қабағының ашылмай тұрғаны сондықтан болуы керек.

САЛИХА. Қой, мен үшiн ұрысысып қайтесiңдер. (Сызғановты бастан-аяқ бiр қарап алып). Төренiң аяқ киiмi дәл келедi дегенге… Төре сияқты екен десем…

СЫЗҒАНОВ. Көңiлiңiзге олқы соғып қалдым ба, апа?

САЛИХА. Бәсе!.. Бiздiң Төренiң орны бөлек қой…

СЫЗҒАНОВ. Әрине, әрине! Ол сiздiң өз балаңыздай болып кеткен ғой.

САЛИХА (оған жақындай қарайды. Сонан соң орындыққа барып отырып салмақты үнмен). Айтыңдаршы, сендер менi шынымен iздеп келдiңдер ме? (Сызғаноа пен Сызғанова ә дегенде жауап бере алмай мүдiрiп қалады). Неге үндемейсiңдер? Менiң кәрi жүрегiм бiр бәленi сезетiн сияқты.

СЫЗҒАНОВА (дiрiлдеп, астарлап). Ол қартайғандық шығар, апа!

САЛИХА. Олай емес пе деп қорқам. Менiң жүрегiм қуанышқа қателескен, бiрақ қорқынышқа қателесiп көрмеп едi. Бәлкiм… бәлкiм…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24