Төренiң жинаған ақшасы бар, қалдырған мүлкi бар деп, содан дәметiп жүрген шығарсыңдар. Әсiресе, сiз… (Сызғановқа бұрылады). Төреханның артында көк тиын да қалған жоқ! Бар дүние-мүлкi мынау. (Шкафты көрсетедi). Алам десең қарсы емеспiн. Сонан соң тiрi көз боп есiк алдында итi қалды.
СЫЗҒАНОВ. Апасы-ау, сiзге не болған? (Иығын қозғап, ештеңеге түсiнбей таңданған боп). Мейманды осылай қарсы ала ма екен? Есiгiне құлып салмайтын, келген қонағының атын да сұрамайтын ел едiк қой. Амандаспай жатып мұныңыз қалай?
САЛИХА (ойлы түрде).Иә, келген қонақтың атын сұрамайтынымыз рас едi!.. Рас болатын. Кiм болса да құшақ жая қарсы алып, төрiмiзде тайраңдатып қойдық. Ендi сұраймыз… Бәлкiм, оған қонақтың өзi кiнәлi шығар? Қайсыбiр қонақтың қара ниетi адалды арам еткен шығар. Сонан соң шыққан болар бiр-бiрiмiзге сенбеу? Пашпұрт тексеру… жамбас ақы алу… (Үй iшiнде арлы-берлi жүрiп кетедi). Қонақтың пашпұртын тексеру… жамбас ақы алу… Неге келдiң деп сұрау…
СЫЗҒАНОВ (әйелiне сыбырлап). Мына кiсi не деп тұр? Есi ауыса бастағаннан сау ма?
СЫЗҒАНОВА. Ол есiнен ауысса бiз қуануымыз керек! Бiз қуануға тиiспiз! (Дауыстап). Қуануға!
СЫЗҒАНОВ. Қарыстыр жағыңды! (Кiлт қайта сабасына түсiп). Жаным-ау, саған не болды, сабыр етсеңшi!
САЛИХА. Қуануға! Қуануға дейсiң бе? (Сызғановаға жақындап). Ол қандай қуаныш. Немене, менiң немеремнен хабар бар ма? Төренiң, Төреханның баласы! Екi баламнан, қызымнан қалған жалғыз немере! (Сызғанова не деп жауап берерiн бiлмей алысқа көз тастаған күйi тұра бередi). Бiлем. Одан хабар жоқ. Ол әлi… ол әлi хат жазбаған ғой… жазған хатын жiбермеген ғой. (Әйелдi құшақтайды).
СЫЗҒАНОВ. Немере? Төреханның баласы (Сызғановаға қарап). Сен не былықтырып жүрсiң?
СЫЗҒАНОВА. Есiңдi жый! Дәл қазiр сенiң дауыс көтеруге қақың жоқ!
СЫЗҒАНОВ. Солай ма! Сен өзiңше «ақ жолға» түспек болған екенсiң! (Шинелiн киiп шығуға беттейдi). Сөйтiп, менi масқараламақсың ғой. Немене, мен сонда қарақан басым үшiн ғана… (Сызғанова «Жетер!» дегендей қолын жоғары көтередi. Бұл қимыл киелi қимылдай көрiнiп, Сызғанов кiлт тоқтайды).
СЫЗҒАНОВА. Пенделiктi бiр сәтке қоя тұршы! Тым болмаса тап қазiр!
САЛИХА (бойын түзеп).Орынсыз жерде айғай туғыздым ба, қалай? (Басын ұстап). Маған ренжiмеңдер. Кейде өстiп қалатын әдетiм бар. Артта қалған өмiрдiң тастап кеткен бiр белгiсi ғой. (Сызғановқа жақындап). Иә, құда! Амансың ба!
СЫЗҒАНОВ (оқшырайып). Иә, аманбыз!..
САЛИХА. Мен де аман-есенмiн. Көрiп тұрған шығарсыз. Сiз, неге киiнiп алғансыз? Маған өкпелеп қайтқалы тұрған жоқсыз ба?
СЫЗҒАНОВ (сасқалақтап). Ж-жо-оқ!.. Әлi… бiр жетi… үш-төрт күндей болам.
САЛИХА (күлiп). Бұрынғы қонақтар келген үйi жақтырмаса қайтып кетушi едi… Иә, қазiр қонақ өзгерген. Момын үйдiң қонағы қожа болатын заман туды.
СЫЗҒАНОВА. Апа, келiңiз. Мында отырыңызшы. Мен шәй демдеп қойғам. Құдаңыз Орынбордан үндi шәйiн әкелiптi.
СЫЗҒАНОВ. Иә, үндi шәйiн әкелдiм!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24