М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

Он пәшкi! САЛИХА. Он пәшкi! Үндi шәйi. (Басын шайқап күледi). Сырты үндi, iшi грүзiн емес пе? Өткен жолы маған бiреу сондай шәй әкеп берген.

СЫЗҒАНОВ. Жоқ, апа! Сырты да, iшi де үндi.

САЛИХА. Онда iшсек iшейiк. Шешiнiңiз, құда, үндi шәйiн iшiңiз! (Сызғанов амалсыз шешiнедi. Бәрi шәй iшуге отырады. Сызғанова шәй құяды. Үнсiздiк. Үндi шәйiн әкелгенiне, онысы, сөз жоқ Салихаға ұнап отыр деген өз ойына сенген Сызғанов Салиха жаққа жайлап қарап қояды. Салиха қасақана ернiн тымырайтады). Грүзiн ғой, деймiн. Екiншi сорт! (Сызғанов орнынан тұрады). Құда, сiзге не болды?

СЫЗҒАНОВ. Базар жаққа барып қайтуым керек едi. Сiздер асықпай шәй iше берiңiздер. (Орнынан Салиха тұрады).

СЫЗҒАНОВА. Апа, сiз қайда барасыз?

САЛИХА. Автостансаға.

СЫЗҒАНОВА. Онда… онда не бар?

САЛИХА. Колхозға барып келейiн. Құда кеп қалған екен. Соятын тауық әкелейiн. (Киiм iлгiштен пальтосын алып киедi. Сызғанов оған киiнуге көмектеседi). Рақмет! Арғы күнi келем. Маған ренжiп кетiп қалып жүрмеңдер. Ит аш қалады!

СЫЗҒАНОВА. Жоқ, сiз келгенше кетпеймiз.

СЫЗҒАНОВ. Кетпеймiз… Үш-төрт күн боламын дедiм ғой жаңа.

САЛИХА. Онда бiрге шығайық, құда. Жүрiңiз! Анау ыдысты ала шығыңыз. Иттiң тамағын бере кетейiк.

 

ЕКIНШI БӨЛIМ

Пеш алдында алақанымен жағын таянып, ойға шомған Сызғанова отыр. Екi қолын артына ұстап Сызғанов әрлi-берлi жүр. Сызғанованың тұсына келгенде аз ғана аялдап, басын шайқап қойып, қайта қозғалады.

СЫЗҒАНОВ. Әйелдердiң табан астынан ақылды бола қалатындары-ай осы!

СЫЗҒАНОВА. Әйелдердiң данышпандығынан қандай қорлық көрдiң?

СЫЗҒАНОВ. Кешегiң кешегi! Ал, бүгiнгiң не? Бiтiп тұрған iстi бүлдiрдiң де жiбердiң.

СЫЗҒАНОВА. А-а, солай ма! Бұл қалада екi жүз мың халық тұрады. Тағы да келер.

СЫЗҒАНОВ. Жаным-ау, бiз ерiгiп жүрген адамдар емеспiз ғой. Iс бiр жақты болған соң қайтуымыз керек (алақанын соғып, басын шайқап). Қарашы-ей, мұның қырсығын! Қырық бес мың деп алушының өзi айтты ғой! өзi! Ал сен келдiң де болмайды деп оны қуып шыққандай қылдың? Ендi бұл үйдi ат басындай алтынға сатпақ па едiң? (Сызғанова жақтырмай орнынан тұрып, шәйнектен суық шәй құйып iшедi).

СЫЗҒАНОВА. Жарайды! Ендi келгенде мен араласпаймын. Өзiң саудалай бер.

СЫЗҒАНОВ. Бәлкiм, сенiң басқа ойлағаның бар шығар? Онда ашық айт! Осында келгелi берi сен мүлде өзгергенсiң!

СЫЗҒАНОВА. Өзiң ойлашы, кемпiр бұл жайлы әлi ештеңе де бiлмейдi. Бiз оған қалай айтамыз?

СЫЗҒАНОВ. Ол жағын өз мойныма алам дедiм ғой, оны неге қайталай бересiң!

СЫЗҒАНОВА. Бәлкiм, ол жынданып кететiн шығар… Алдыңгүнi ғана қыдырып кеткен, бүгiн қайтып келсе… үй оныкi емес. Бiздiкi. (СЫЗҒАНОВА күледi). Бiз оны сатқалы жатырмыз!

СЫЗҒАНОВ (жүгiрiп кеп оның иығынан сiлкiлейдi). Ей, саған не болды? (Сызғанова күле бередi). Тоқтат деймiн! Тоқтат күлкiңдi (Сызғанованы шапалақпен салып жiбередi. Сызғанова күлкiсiн тыйып, оған көз алмай тұрып қалады).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24