М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

СЫЗҒАНОВА. Мына қызықты қара! (Жағын ұстап). Бұл жолғы шапалағың бар ғой… Сонау бiр кездегi шапалағыңа керемет ұқсап кеттi. Есiңде ме? Қыстың күнi, сиыр қора… шөптiң үстi… Қыңсылаған кiшкене күшiктер…

СЫЗҒАНОВ (қалшиып тұрып қалады). Сен мұны неге еске салып тұрсың?

СЫЗҒАНОВА. Жәй. Неге екенiн қайдам, сол сәттiң есiме түсiп кеткенi.

СЫЗҒАНОВ. Кешiр… Ашу үстiнде… өзiң де күлмейтiн кезде күлесiң…

СЫЗҒАНОВА. Сен кешiрiм сұрамаушы едiң ғой… Бұл жаққа келгелi сен де өзгергенбiсiң?

СЫЗҒАНОВ. Ту-у, қойшы ендi, өтiнемiн! Екеумiз бiр аулақта жүрiп бiр-бiрiмiздi сынамайықшы. Айтысуға, бiр-бiрiмiздiң мiнiмiздi көрсетуге басқа кезде де мүмкiндiк болады ғой.

СЫЗҒАНОВА. Бiлмеймiн. Әйтеуiр Салиха апайды көргелi берi өткен өмiрiм елес берiп, мазамды алып бiттi.

СЫЗҒАНОВ. Көп жүрiп шаршағандықтан ғой. Мына шаруаны бiтiрген соң үйге барып тынығасың.

СЫЗҒАНОВА. Иә, үйге барып тынығамын!.. (Терезенiң алдына барып, перденi ысырып сыртқа қарайды). Жақсылап тұрып тынығамын. Осының бәрiне, сен емес, мен кiнәлi болуым керек. Мен…

СЫЗҒАНОВ. Бiз ешқандай да қылмыс жасағалы отырған жоқпыз, неменеге күрсiне бересiң? Бәрi де заңды!

СЫЗҒАНОВА. Иә, бәрi де заңды. Заң бiздiң жақта… Келе жатыр!

СЫЗҒАНОВ. Кiм?

СЫЗҒАНОВА. Кемпiр.

СЫЗҒАНОВ. Келсiн. (Тынымсызданып ары-берi жүредi).

СЫЗҒАНОВА. Қазiр амандасып боламыз сонан соң өзiң айтасың. Мен қастарыңда болмаймын.

СЫЗҒАНОВ. Жарайды. (Сырттан құрқылдаған тауықтың даусы естiледi де, артынша Салиха кiрiп келедi).

САЛИХА. Iнкүбатрдiң тауығы емес, мекиен басып шығарған тауық! Ал, амансыңдар ма?

СЫЗҒАНОВА. Сәлеметсiз бе, апа!

СЫЗҒАНОВ. Жақсы барып қайттыңыз ба?

САЛИХА. Шүкiр! Ауыз үйде бос жүр. Бiр жаққа шығып кетiп қалар. Мә! (Оған пышақ бередi).

СЫЗҒАНОВ. Мұны қайтем?

САЛИХА. Соймайсың ба, барып ана тауықты? Бұл үйде сiзден басқа еркек жоқ екенiн бiлесiз ғой.

СЫЗҒАНОВ. Ә-ә. (Күлiп). Қазiр, қазiр! Сiзбен жөндеп амандасып болайын… Ол жақтағылар аман ба екен?

САЛИХА (шешiнiп, пеш жанына барады). Ескi көзтаныстар болмаса ол жақта қайбiр екi туып бiр қалғаным бар дейсiң? Баяғы өткен өмiр есiңе түсiп қоймаған соң, аңсарың ауып барасың ғой, әйтеуiр. Көне көздер жыл өткен сайын азайып барады. Бармағаныма үш-төрт ай боп едi, бақырауық шал мен бұртташ кемпiр қайтыс боп кетiптi. Өстiп-өстiп кете бередi ғой бәрi де.

СЫЗҒАНОВА. Мен де түнi бойы осыны ойлап шықтым. апа!

САЛИХА. Саған не жоқ! Сен шындап кетсең тағы бiр байға тие аласың! (Сызғанова мен Сызғанов күледi).

СЫЗҒАНОВ. Мен ше, апа?

САЛИХА. Өй, еркектi қойшы! Оларға тоқтау бар ма? Еркек кешке өлетiнiн бiлсе де, түсте үйленiп жатады. (Сызғанова мен Сызғанов тағы күледi). Айтпақшы, бiздiң ана жаман үйге бiр шалды кiргiзiптi. Кемпiрi қайтыс болып, басқа бiр кемпiрге үйленген соң балаларынан бөлек шығыпты. Өй, әдiрем қал-ау дедiм iшiмнен. (Күледi). Бұрынғы кемпiрiмен тұрғанда күрк-күрк жөтелiп,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24