сиырды өрiске айдауға жарамай жатып алушы едi, кеше қарасам қаздаң-қаздаң етiп, екi шелекпен су әкетiп барады. Менi көрдi де жалбақтап амандасып жатыр. «Құлан таза сауығып, су таситын болғаныңды байғұс кемпiрiң көрмей кеттi-ау,» – деп армандаған болдым әдейi. «Сөйттi ғой, сөйттi ғой»,– деп тұнжыраған болады. «Ана кемпiрiңдi айттырып алдың ба, алып қашып келдiң бе?» – десем, «Әй, Салиха-ай, сенiң әзiлiң әлi қалмапты ғой», – деп кеңкiлдеп күледi тағы. Омырауына медальдарын тағып апты. Медаль тақпаса құбырдан су ақпай қала ма екен, а?!
СЫЗҒАНОВА (күлiп). Ой, апа-ай! өзiңiз көп нәрсенi көрiп кепсiз ғой.
САЛИХА. Иә, көп нәрсенi көрiп келдiм. Ең қызығы сол –менiң әлгi жаман үйiм өкiметке өтiп кетiптi. «Әй, бұ қалай?» – деп бастығына барсам, «Сiз мұнда талай жылдан берi тұрмайсыз» – дейдi. «Е, солай болса, солай шығар. Бiрақ, ақша бiрдеңе бермейсiңдер ме?» – десем, «оны үйiңiзге көшiп кiрген кiсiмен сөйлесiп, өздерiңiз жеке келiсiңiздер»,– дедi. Әлгi қутыңдаған шалмен сөйлессем. «Мен Отан соғысының ардагерiмiн. Пәтер ақы төлетуге ешкiмнiң хақысы жоқ»,–дейдi. Бәрiнiң тiрлiктерi шетiнен заңды. Сонымен қайттым. Бәрi қағаздарын дұрыстап алған.
СЫЗҒАНОВА (күйеуiнiң жанынан әрi-берi өтiп). Япыр-ай, ә, қызық болған екен. Мынау бiр қызық оқиға болған екен!..
СЫЗҒАНОВ.Иә! Шынында да, қызық жәй екен!..
САЛИХА. Оу, құда! Ана тауық қашанғы күтедi сiздi, барып бауыздамайсыз ба?
СЫЗҒАНОВ (әрi-берi жүрiп). Одан бұрын… одан бұрын бiр нәрсенi келiсiп алсақ па деп едiм…
СЫЗҒАНОВА. Иә… Сiздер… сiздер келiсе берiңiздер. Мен… Мен… басқа бөлмеге бара тұрайын.
САЛИХА (екеуiне кезек қарап). Сендерге… Сiздерге не болған бұл? Екеуiңiз тағы ұрсысып қалғансыздар ма? Жо-оқ, оған ұқсамайды. Иә, ненi келiсiп алғыңыз келiп едi? (Сызғанова шығып кетедi).
СЫЗҒАНОВ (абдырап). Расын айтсам… Егер турасын айтатын болсам… Менiң әйелiм – Төреханның қарындасы. Әр түрлi себептермен осы кезге шейiн араласа алмағанымыз болмаса, ол… ол Төреханның… (Мүдiрiп қалады).
САЛИХА. Иә-иә?.. Айтсаңызшы? Ол Төреханның?..
СЫЗҒАНОВ. Ол Төреханның… мұрагерi. (Салиха жан-жағына қарап, не айтарын бiлмей тұрып қалады).
САЛИХА. Дұрыс!.. Ол Төренiң мұрагерi. Иә, мұрагерi… Сонан соң?
СЫЗҒАНОВ. Мұрагер ретiнде растайтын заңды қағаздардың бәрi оның қолында.
САЛИХА. Заңды қағаздар? Ол қандай заңды қағаздар? Төренiң қарындасы болса, ол ешқандай қағазсыз-ақ мұрагер. Оған кiм таласып жатыр?
СЫЗҒАНОВ. Сонда да болса… Қолда қағаздың болғаны артық емес қой.
САЛИХА. Ал, мейлi, бәрi сондай-ақ болсын. Ендi не демексiңдер?
СЫЗҒАНОВ. Ол қағаз… ол қағаз бойынша бұл үйдiң қазiргi иесi… Төреханның қарындасы!.. (Ендi алқына, тез сөйлеп). Ол қағаз бойынша мұрагер үйдi басқа бiреулерге жалға беруге, сатуға да қақысы бар.
САЛИХА. Сонда… сонда мен ше? Мен кiммiң?
СЫЗҒАНОВ. Қорықпаңыз, бiз сiздi далаға тастамаймыз. (Салиха тәлтiректеп оның қасына
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24