барады).
САЛИХА. Далаға тастамаймыз?
СЫЗҒАНОВ (сыбырлап). Иә…
САЛИХА. Далаға тастамайды! Далаға тастамайды. (Алақанымен бетiн басады). Иә, бұлар менi далаға тастамайды! Қандай мейiрiмдi жандар! (жылайды). Бұл үйдi салған мен емес, мен бейнетiн көрген жоқпын, бұл үйде менiң қызым да, Төре де тұрған жоқ. Мен бүгiн ғана айдаладан келдiм! Ал бұлар менi далаға тастамайды! (Дел-сал боп диванға барып отырады).
СЫЗҒАНОВ. Сiз ендi бiзбен бiрге боласыз, апа! Үйдi сатсақ… өзiмiзбен бiрге ала кетермiз… сатпасақ осында тұра берерсiз… (Салиха орнынан тұрып, оған жайлап жақындайды). Құдағи-ау, сiзге, сiзге не болған?!
САЛИХА. Мынау… мынау мен тоқыған шұлық қой! Бұл шұлықты сенiң киюге қақың жо-оқ! Мұны саған кигiзген кiм? Шеш, шеш жылдам! (Салиха оның аяғына жабысады).
СЫЗҒАНОВ. Құдағи-ау, не болды? (Диванға құлайды). Бiр шұлыққа бола! Ақшасын төлейiн. Үш есе артық төлейiн!
САЛИХА. Бұл алтынға да сатылмайды. Бұл – Төреханның шұлығы!
СЫЗҒАНОВ. Ендi… ендi ол бәрiбiр келмейдi ғой.
САЛИХА. Келедi! Келмесе де сандықта соның тiлеуiн тiлеп жата бередi. (Салиха шұлықты шешiп алып, қарыстап өлшеп көредi). Кеңiтiп жiберiпсiң! Неге кидiң? Неге кеңiтiп жiбергенсiң?!
СЫЗҒАНОВ. Қап! Сорлы басым, қайдан ғана кие қойып едiм? (жалаң аяқ дедектеп барып, етiгiнен өз шұлығын алып киедi).
САЛИХА (шұлықты әрi-берi қарап). Ендi мұны қайнату керек! Бiлiп едiм! Мен жоқта Төренiң шұлығын киiп қояр ма екен деп қорқып ем өзiм де!.. Келген бетте көздерiңнен танып ем… (Салиха шылапшынға су құйып, отқа қойып жатады. Есiк қағылады. Сызғанов есiктi ашқанда, үйге Бейтаныс адам кiредi).
БЕЙТАНЫС. Сәләматсыздар ма?
СЫЗҒАНОВ. Сәләматсыз… Сiзге кiм керек?
САЛИХА. Қайнату керек! Әбден қайнату керек!
БЕЙТАНЫС. Мен үй сатылады деген соң келiп едiм…
СЫЗҒАНОВ. Ә-ә!.. Иә-иә! (Салиха жаққа қарап қойып). Сатылатыны рас едi… Iм-м… отырыңыз, мында отырыңыз.
БЕЙТАНЫС. Рақмет! Мен ыңғайсыз кезде келiп қалған жоқпын ба? (Отырады).
СЫЗҒАНОВ. Оқасы жоқ, үй iшiнiң жай ғана кiрбiңi ғой. Оған көңiл аудармаңыз.
САЛИХА. Мына келген кiм? Мен танымайтын адам бұл жерде неге отыр? (Салиха Бейтанысқа жақындайды. Бейтаныс орнынан тұрады). Сiз неғып жүрген адамсыз?
БЕЙТАНЫС (екеуiне кезек қарап). Мен… мен… үй сатылады деген соң.
САЛИХА. Үй сатылады деген соң? Оны сiзге кiм айтты?
БЕЙТАНЫС. Ешкiм айтқан жоқ. Мiне, мына хабарландыруды оқып…
САЛИХА. Хабарландыру?! Оны жазған кiм? (Сызғановқа бұрылып). Сiз емес пе? (Осы сәттен бастап ақыры болары болып, бетi ашылған Сызғанов әрекетке ашық кiрiседi).
СЫЗҒАНОВ (ендi ештеңеден тайынбас адамдай өзiн-өзi жинап). Иә! Мен едiм!
САЛИХА. Оған дәтiңiз қалай барды?!
СЫЗҒАНОВ. Бұл үй заң бойынша ендi бiздiкi!.. Бiздiң паспорттарымыз да тiркеулi. Қазiр, қазiр көрсетейiн. (Үй кiтабын алып келедi). Мiне! Көрiңiздер! (Бейтанысқа). Көрiңiз…
БЕЙТАНЫС. Жоқ! Бұл үйде кiм тiркелген, кiм тiркелмеген, онда менiң шаруам қанша?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24