САЛИХА. Сау бол!.. Айтпақшы, бiздiң көшенiң аты қандай едi?
ЖIГIТ. (таңдана күлiмсiреп). Паустовский.
САЛИХА. Ә-ә, иә… иә. Пауыстов, Пауыстов… Жарайды, жүре бер! (Жiгiт шығып кетедi). Иман жүздi бала екен. Бетiн бекер қайтардым-ау, байғұстың. Мына боранды түнде қайда бармақ ендi?! (Есiктiң iлгегiн қайта ашып, оның соңынан айғайлайды). Әй, бала-ай! Әй-у! Дию ма, перi ме, табан астында қайда кетiп қалды! Жiбi түзу ерлi-зайыпты адам болса пәтерге жiберемiн деп өзiм де көшеге қағаз iлгелi отыр едiм. Мына боран болмағанда бүгiн барып iлiп те келетiн ем ғой. Бекер болды-ау, ә! (САЛИХА есiктi iлiп, пеш үстiндегi шәугiмге су құя бергенде ит абалап, есiк қайта тақылдайды). Әлгi бала болды ғой деймiн. Ендi жөндеп сөйлесейiн. (Ол есiктi ашқанда, iшке елуге кеп қалған, пысық, қағылездеу Сызғанова кiредi. Үстiнде құндыз жағалы пальто, басында қара түлкiден тiгiлген бөрiк бар. Оның киiмдерi қымбат болғанмен өзiне үйлеспейтiнi, талғамының төмендiгi көрiнiп тұр).
СЫЗҒАНОВА. Бұл –Төреханның үйi ме?
САЛИХА. Төрехан? Ә-ә, иә-иә. Төренiң үйi.
СЫЗҒАНОВА. Сiз – Салиха апайсыз ғой?
САЛИХА. Иә.
СЫЗҒАНОВА ақтап, орамалымен көзiн сүртедi. Дауыс шығарып жылаған болады, бiрақ онысы жасанды екенi көрiнiп тұр.
СЫЗҒАНОВА (орындыққа отырған соң). Бұл тiршiлiкте қол тиген бе? Төренiң қайтыс болғанын тым кеш естiдiк. (Жылайды). Жетiсiне үлгiре алмадық, сонан соң, қырқына жетейiн деп екi өкпемдi қолыма алып, келiп отырғаным ғой. (Манадан берi, бiр жағы, үрейленiп, екiншiден, «Бұл кiм болды?»–деп, оған таңдана қарап отырған САЛИХА дауыстап жiбередi).
САЛИХА. Құдай-ау… Сен… сен Орынбор жақтағы Төренiң қарындасымысың?
СЫЗҒАНОВА. Иә, апа, иә (Жылайды).
САЛИХА. Ойбұ-ұй, қара басып танымай қаппын. Көрмегелi де талай заман өттi ғой. Осы үйдiң адамы болсам да, аға сенiкi, ағаңның иманын берсiн (Оны кеп құшақтайды).
СЫЗҒАНОВА. Қызыңыз қайтыс болғанда да келе алмадық. Жан-жақтан айыпты боп жатырмыз.
САЛИХА. Е-е, адамның қолы тiрiде тие ме? Айып бар ма сендерге, жер шалғай. Тiрi тiршiлiгiн жасайды… Тек, ана… Төренi айтам да…
СЫЗҒАНОВА. Иә, Төреханды неге айттыңыз?
САЛИХА. Ауырып көп жатты ғой… Соғыс салған жарақат сол бойы жазылмады. Қатты ауырды. Сол кезде маған. «Апа-ай, сiздi қинадым-ау! Артымнан iздеп келер туған-туысым жоқ едi, сiз туған анамнан артық болдыңыз»,– дегенде ет-бауырым езiлiп жыладым ғой (Жылайды).
СЫЗҒАНОВА. Қойыңыз, қойыңыз, апа!
САЛИХА. Бiз оны Төре деушi едiк. Жаңа Төрехан дегенде түсiнбей қалғаным сондықтан. Әй, қарағым-ай, осы уаққа шейiн бiр келмегенiң! (Мұрнын тартады). Бауыры емес пе едiң! Адамдар тас жүрек боп бара ма, немене бұл?!
СЫЗҒАНОВА. Ана күйеуiм де сырқат боп… Қайтемiн… Бұл жолы да келе алмай қаламын ба деп қорқып ем. Төре қайтыс болған соң… Сiздiң жалғыз қалғаныңыз есiме түскенде… түнемеге кiрпiгiм iлiнбей шығатын болды. Сонан соң
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24