жарығы Сызғановқа түсiп, қайта жоғалады) Оның қарамағында сатушы болатын. Бiр күнi кенет магазин өртендi. Әдейi өртедi деп әкемдi ұстап алып кеттi. Өз мерзiмiн өтеген соң қайтып келетiн бе едi, бiрақ бұл өртке саяси мән берiлдi. Оның қайтып келмей бiржолата кетуi кейбiр кiсiлерге тиiмдi болса керек. Бүкiл ауыл бiзден iргесiн аулақ салды. Әкемiз бар кезде «Майданов» дегендер көп едi, тiптi, Майданов болғаны үшiн мақтанатын да. Айналасы екi-үш айдың iшiнде бiздiң үйдегi үш адамнан өзге бiрде бiр Майданов қалмады. Тiптi, кейбiр туыстар бiзге жаны ашыған боп «фамилияларыңды өзгертiңдер», – дедi. Төрехан оларды үйден қуып шықты. Ертесiне милиция кеп Төреханды да алып кеттi. Бiз мүлде жалғыз қалдық. Екi күйiкке шыдай алмай апам төсек тартып жатып қалды.
СЫЗҒАНОВ. Сол кезде сендерге қол ұшын бергенiмдi ұмытпассың!
СЫЗҒАНОВА. Иә. Оны ұмытпаймын. Бүкiл ауыл болып бiзден терiс айналғанда сен келiп көмек бердiң. Хабарсыз кеткен әкемiздi еске алып, бiзбен бiрге қайғырдың. Оныңа рақмет. Бiрнеше күннен кейiн сен әкемнiң орнына тағайындалып, жастығыма қарамай менi жұмысқа алдың. Арада бiр ай өтпей жатып магазин ұрланды. Бiр жетi өткен соң ұрланған заттар бiздiң үйдiң сарайынан табылды. Бiз ол сарайды күзден берi ашпаған едiк. Кiнәлi емес екенiмдi дәлелдей алмадым. Менi соттайтын болды.
СЫЗҒАНОВ. Менiң сол кездегi жақсылығымды да есiңнен шығармағайсың.
СЫЗҒАНОВА. Иә, ұмытпаймын. Әрi-берi шапқылап жүрiп, ол менi құтқарып қалды. Оған риза болғаным сондай.«Сiздiң алдыңызда өмiр бойы борыштармын!» – дедiм. Бiр күнi ол қас қарайған кезде бiздiң үйге келдi. Апам ауруханада болатын. Оның түсi өзгерiп кетiптi. Үйге кiрген бетте шамды өшiрдi де, менiң белiмнен құшақтады. «Есiңде ме, сiзге өмiр бойы борыштармын»,– деп едiң ғой, сол борышыңды өтейтiн кезiң келдi», – дедi. Мен сытылып шығып, сарайға қашып кiрдiм. Үйiлген шөптiң үстiнде жақында күшiктеген итiмiз жатыр едi, соның қасына кеп жасырындым. Бәрiбiр ол менi тауып алды. – Жақсылықты бiлмейтiн есуас! – деп, шапалақпен салып-салып жiбердi. Мен суық сарайдың iшiндегi шөптiң үстiнде, қыңсылаған күшiктердiң қасында… борышымды өтедiм. (жылайды)… Он алты жасымда әйел болып, он жетiге жетер-жетпесте ана болдым. Мен ана болған жылы өз анам дүние салды.
СЫЗҒАНОВ. Егер мен найсап болсам, саған үйленбей кете берер едiм ғой.
СЫЗҒАНОВА (ызалы, бiрақ өзiн-өзi ұстап). Оныңа да рақмет! Сен адамгершiлiк танытып – маған үйлендiң! Бәрi де заңды боп шыға келдi! Мен паспорт бойынша он тоғыздағы әйел болдым.
СЫЗҒАНОВ. Болды ғой, қойшы ендi!
СЫЗҒАНОВА. Жоқ! Ең бастысы алда! Сол жылы бiз табан астынан Орынборға көшетiн болдық!..
СЫЗҒАНОВ. Тоқтат! Тоқтат!..
СЫЗҒАНОВА. Орынбор жақта ешқандай туысымыз жоқ болса да көшетiн болдық.
СЫЗҒАНОВ. Қоясың ба, жоқ па? Доғар ендi!
СЫЗҒАНОВА. Түнде көштiк! Екi машинаға жүк тиелдi де, үшiншi машинаға…
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24