М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

( Сызғанов оның аузын басып, қылғындыра бастайды. Салиха шырылдап араға түседi.)

СЫЗҒАНОВА. Үшiншi машинаға… үшiншi машинаға тай-тай маталар мен жәшiктер тиелдi. Көшiп келген соң көрдiм, олар магазиннiң дүниелерi екен. Магазиннiң өртелуiне, әкеме жала жабылуына осы дүниелер себеп болмады ма екен деген күдiк сонда барып алғаш рет оянды.

СЫЗҒАНОВ. Сол күдiкпен осы кезге шейiн қасымда жатып келдiң бе?

СЫЗҒАНОВА. Жатып келдiм. Сол күдiкпен сәби де көтердiм!

СЫЗҒАНОВ. Арамдық жасаған адам қауiптi емес, арамдығын iшке сақтап келген адам қауiптi!

СЫЗҒАНОВА. Менiң барлық жазығым – амалсыздығымда едi.

СЫЗҒАНОВ. Қалай десең де бұл арада менiң кiнәм жоқ!

САЛИХА. Не дейдi! Жазықсыз адамды айдатып жiберген кiсi алдымда тұр. Ол кiнәлi емес! Кәмелетке толмаған жас баланы бiреу былғап жатыр. Ол кiнәлi емес. Бiреуге жазықсыздан-жазықсыз жала жабылады. Оған да ешкiм кiнәлi емес! Сонда кiм кiнәлi?! Кiм?! (Пауза). «Мен!» дейтiн бiреуiң бар ма, жоқ па?

СЫЗҒАНОВА. Мен!

САЛИХА. Сен?! Сен неге кiнәлi боласың?

СЫЗҒАНОВА. Бәлкiм, ол маған қызыққан соң әкеме қастық жасаған шығар.

САЛИХА. Байғұс бала! Жазықтылар үндемеген соң түнгi көбелектей жалпылдап кеп отқа түсiп тұрғаның ғой.

СЫЗҒАНОВА (өзiне-өзi). Өмiр деген неткен қызық! Төрехан екеумiз бiр анадан тудық, бiрақ, бұл кемпiр оның туған анасындай. Ол менен гөрi Төреханға әлдеқайда жақын! Менен – туған қарындасынан! Адамды сүю үшiн, адамды қастерлеу үшiн, онымен бауыр басып кету үшiн кейде бiрге туудың өзi шарт емес қой деймiн! (Сызғанова қағаздарды орап, сандыққа сала бастайды).

САЛИХА. Салма ол қағаздарды сандыққа! Ол сандықта Төренiң киiмдерi жатыр! Былғайсыңдар! (Сызғанов селт етiп, Салихаға жалт қарайды. Сызғанова да селт етiп, салып қойған қағаздарды қайтып алады. Ит үрiп, есiк қағылады. Сызғанов тағы шошып кетедi. Сызғанова барып есiктi ашады. Iшке орта жастағы бiр әйел мен бiр еркек кiредi).

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Сәләматсыздар ма?(Үйдегiлер амандасады).Бiз арнайы комиссияның мүшелерi едiк.

СЫЗҒАНОВ. Ол қандай комиссия тағы?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Қала әкiмшiлiгiнiң жанынан құрылған комиссия.

СЫЗҒАНОВ. Иә? Бiзге не айтпақсыңдар?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Қаланың бас жоспары бойынша осы көшенiң бойындағы бiрнеше үй бұзылуға жататын болды. Соның iшiнде сiздер тұрған үй де бар. (Үйдегiлер аңырайып, бiр-бiрiне қарайды). – Егер рұқсат болса, үйдiң документтерiмен таныссақ деп едiк.

СЫЗҒАНОВ (сәл абдырай күлiп). Е-е… ол болады… Оған мархабат! (Сызғановаға қарап). Таныстыр қағаздармен. (Сызғанова қолында ұстап тұрған қағаздарды комиссия мүшелерiне әкеп бере қояды).

СЫЗҒАНОВА. Мiне, көрiңiздер!

КОМИССИЯ МҮШЕСI (таңданып).Бiздiң келетiнiмiздi күтiп отырғансыздар ма? Бәрi дап-дайын ғой.

СЫЗҒАНОВ. Тосын хабарды алдын ала сезетiн қасиетiмiз бар. Жолдарыңыз болады екен.

КОМИССИЯ МҮШЕСI (күлiп, әрi түсiнбей). Жолымыз қай жағынан болар екен?

СЫЗҒАНОВ. Демек, бұл жерде көп аялдамайсыздар деген сөз. Отырыңыздар

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24