М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

(Олар отырады).

КОМИССИЯНЫҢ  ЕКIНШI МҮШЕСI (иығын қозғап). Түсiнбедiм. Бiз жұмыс бабындағы адамбыз. Қанша уақыт кетсе де бiзге бәрiбiр.

СЫЗҒАНОВ. Ендеше, ертең лотерея билетiңiз машина ұтады.

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI (қуанып). Мұныңыз жақсы сөз! (Қағаздарды қарауын жалғастырып). Байқауымызша, сiздер ерiгiп отырған болуларыңыз керек.

СЫЗҒАНОВА (терiс айналып). Иә, ерiгiп отырмыз! Апа, шұлықты неге жинап жатырсыз? Ол әлi кепкен жоқ қой.

САЛИХА (комиссия мүшелерiне қарап). Кептiрем деп отырғанда тағы бiреу киiп кете ме!..

КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСI (Сызғановқа). Анаңыз ба?

СЫЗҒАНОВ. Жоқ. Құдағи… Iм-м… Әйелiмнiң ағасының… Жалпы. қайын енем…

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI. Бiр үйде тұрса да бiреу киiп кетер деп кеппеген шұлықты жинап жатыр! Сiзге қиын-ақ тиiп жүрген шығар?

СЫЗҒАНОВ. Ештеңе емес!.. Шыдаймыз ғой…

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Иә, шыдамды екенсiз.

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI. Мен қазақтардың осындай бауырмалдылығына қатты сүйсiнемiн. Олар үлкендердi өле-өлгенше сыйлап өтедi! (Сызғанов оларға бiр қарап, ойланып тұрып қалады. Комиссия мүшелерi қағаздарға шұқшияды).

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Жолдастар! Қажеттi документтермен толық танысып шықтық. Алдын ала жасаған қорытындымыз мына төмендегiдей. Бұл үйде тұратындар әйелi (осында тiркелген), күйеуi (әзiрше жұмыс бабымен басқа қалада), үш баласы. Жан басына тоғыз шаршы метрден есептегенде сiздерге қырық бес шаршы метр коммуналды үйден пәтер тиедi.

САЛИХА. Сөйтiп, мына үй бұзылатын болды ма?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Иә. Қаулы бойынша.

САЛИХА. Маған қандай үй бермексiңдер?

КОМИССИЯ МҮШЕСI (бiр-бiрiне қарап). Сiзге… Сiздiң мұнда ешқандай документтерiңiз жоқ… Ештеңе берiлмейдi… (Салиха қарқылдап күлiп, бөлменiң қараңғы түкпiрiне қарай кетедi).

КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРI. Сау болыңыз (Екi әйелге). Сау болыңыздар! Қосымша қағаздарыңыз болса кейiнiрек әкелерсiз!

САЛИХА (қайта келiп). Тағы да қағаз! Қағаз!.. Сiрiңке тигiзсең лап етiп, күлi ғана қалатын қағаз! (Комиссия мүшелерi Салиханың сөзiне назар аударып тоқтап қалады). Сол қағаз менiң ескi жаман үйiмдi бiреуге алып бердi. Онда соғыс ардагерi жас кемпiрмен отыр. Оған ақы төле деп айтуға менiң қақым жоқ! Өйткенi, ол соғысқа барып келген. Ал, мен үйде отырдым! Майданға күйеуiмдi, екi ұлымды бердiм де, үйде қалдым! Кешегi майданда бар баласы мен бар қызығынан айрылған аналарды соғыс ардагерi емес деп кiм айтпақ?! Колхозда тұратын еңкейген кәрi кемпiр бар. Соғыста күйеуi мен төрт баласы бiрдей қаза болған. Соған қарамастан күнi кешеге дейiн қайыспай еңбек еттi. Сол кемпiрдi Кеңестер Одағының Батыры емес деп кiм айта алады? Кiм?! Бұл үйдi салған – анау тұрған жiгiт едi. (Комиссия мүшелерi Сызғановқа қарайды). Жо-оқ! Ол емес, анау төрде iлулi тұрған адам. (Портретке жақындайды). Жiгiттiң төресi едi ғой. Үйленген соң бiр жылдан кейiн-ақ әйелi қайтыс болды. Әйелi – менiң қызым болатын.

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Түсiнсем бұйырмасын. Сонда бұл үй кiмнiң атында?

СЫЗҒАНОВА. Қағаз жүзiнде менiң атымда, ал iс жүзiнде үй кемпiрдiкi!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24