күйеуге айттым. «өлмей тiрлiк бiтпейдi… Қызы өлгенде бармадық, ағамыз Төрехан қайтыс болғанда бармадық, анасындай боп кетiп едi, қырқына барып сiзге көңiл айтайын»,– деп жүрдiм де кеттiм.
САЛИХА. Көсегең көгерсiн. Анасындай болсам болған да шығармын. Бiрiмiзден бiрiмiз жаманшылық көрген жоқпыз. Ал, шешiн, жоғары шық! Мен қазан асайын! (СЫЗҒАНОВA шешiнiп, отқа қолын жылытып, жылы алақанымен бетiн сипайды).
СЫЗҒАНОВА. Қазақтың қысы Сiбiрдiң қысынан бiр де бiр кем емес қой. Таксиден түскеннен кейiн де үйге әзер жеттiм.
САЛИХА. Аспанға бәле-бәтердiң бәрiн ұшырып-ұшырып, ақыры ауа райын бұзып тынды ғой. (Бұл сөздi Салиханың соншалықты сенiмдi айтқанына Сызғанова күлдi).
СЫЗҒАНОВА. (үйдi аралап, әр затты ұстап қарайды). Ертең не бүрсiгүнi заттарымды әкелемiн. Бүгiн құр қолмын. Бұл үйге қанша жыл болды?
САЛИХА. Соғыс аяқталған соң төрт жылдан кейiн салынып бiттi ғой.
СЫЗҒАНОВА. Яғни, қырық тоғызыншы жыл (Санайды). Елу тоғыз, он, алпыс тоғыз – жиырма, жетпiс бес –жиырма алты. Жиырма алты жыл бопты-ау, ә! Бұл үй салынып бiткен кезде мен жиырма жетiде екенмiн.
САЛИХА. Ол кезде сенi тым жас болған екен десем… (Сызғанова сұраулы пiшiнде қарайды).Төренi iздемегендерiңдi айтам.
СЫЗҒАНОВА. Шәт-шәлекей боп кеттiк қой. Өзге туыстар Төреханға суық болды, әйтеуiр. Оның да мiнезi бiр беткей, көңiлi бiр қалса қайтып жiбiмеушi едi ғой. Туыстарға өкпелеп кеттi дегендi есiтушi едiм.
САЛИХА. Қайдам! Тас бауыр мiнезiн көрген жоқпыз, бiзге жер бетiндегi ең мейiрiмдi адам сол боп көрiндi. Менiң есiмде солай болып қала беретiн сияқты.
СЫЗҒАНОВА. (мұндай естелiктi есiтуден ол жасқанатын секiлдi). Апа, тамаққа әуре болмай-ақ қойыңыз. Шай iшiп жата кетейiк. Ертең де күн бар ғой. (Сырттан ит қыңсылайды).
САЛИХА. Қазiр, қазiр! Қарның ашып бара ма? (Ол табаққа әлдеқалай тамақтардың қалдығын сала бастайды). Өзiң қанша күнге келдiң?
СЫЗҒАНОВА. (қабырғадағы Төрехан мен Сызғанованың портретiне қарап тұрып). Iм-м… Бiраз күнге… Сiздi жалғызсырамасын деп…
САЛИХА (оған таңдана қарап қалады). Көсегең көгерсiн, қалқам. (Пауза). Жалғызсырап жүргенiм рас едi. Несiн жасырайын, шақырып ала қоятын жақын туыстар да шамалы.
СЫЗҒАНОВА. Ендi қам жемеңiз. (Күледi). Мен де сiзге алыс емеспiн, апа.
САЛИХА. Не, демалыс алып келiп пе ең?
СЫЗҒАНОВА. Иә, ендi сiздi жалғызсыратпаймыз.
САЛИХА. О, айналайын! Бәсе, адамдардың бәрi бiрдей тас бауыр емес қой!.. Өткен күнге несiн ренжиiн, ендi естерiң кiрсе болғаны… Қазiр ана иттiң тамағын берiп келейiн, сонан соң жақсылап тұрып әңгiмелесемiз. (САЛИХА шығып кетедi. СЫЗҒАНОВА стол үстiндегi САЛИХАНЫҢ жазып қойған хабарландыруын оқиды. «Жiбi түзу ерлi-зайыпты кiсiлер болса пәтерге жiберемiн»).
СЫЗҒАНОВА. Қызық екен!.. (САЛИХА кiредi). Бiреу-мiреулердi пәтерге жiбермексiз бе?
САЛИХА. Иә, айтпақшы, аяқ жағына көшенiң атын жазып қоя салшы. Мен жазам дегенше қысыр тайынша бұзаулар.
СЫЗҒАНОВА (жалтарып). Кейiн жазармын. Әзiрге Төреханның жайын айтыңызшы.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24