Бiз оның бұл жақтағы өмiрiн мүлде бiлмеймiз ғой.
САЛИХА. Е-е, ол бiр алтын адам едi ғой. Соғыстың бiткенiне екi жыл болған кез. Қызым тұрмысқа шыққан соң екi күннен кейiн күйеу баламыз майданға аттанған. Сол бойы қайтпады. Менiң екi ұлым да оралмады. Сонан соң жалғыз отыра берiп не iстеймiн деп қызымның қолына, осы үйге көшiп келдiм. Ол кезде бұл құрқылтайдың ұясындай ғана кiшкентай там болатын. Бiр-бiрiмiзге сүйеу боп тұрып жаттық. Бiр күнi… (Жарық сөнедi. Жарық қайта жанғанда, бiрi iс тiгiп, бiрi ұршық иiрiп отырған САЛИХА мен қызын көремiз. Есiк тақылдайды. САЛИХА барып есiктi ашады. Ол кезде бұл сәл жастау. Үйге шинельдi жiгiт кiредi).
ТӨРЕХАН. Сәлеметсiз бе, апай! Түн iшiнде мазалағаныма кешiрiңiз. Егер рұқсат болса, бүгiнше қонып шықсам. Жамбас пұлын төлеймiн.
САЛИХА (оған сенбей).Жоқ… Бiз үйге кiсi қондырып жан бағып жүрген адам емеспiз. Бәлеге қалар жайым жоқ…
ТӨРЕХАН. Ол қандай бәле?
САЛИХА. Оны мен қайдан бiлейiн! Өткен жолы сен сияқты құдайы қонақтың бiрi қонған үйiн түгел бауыздап кетiптi.
ПЕРУЗА. Апа, ол әңгiменi айтып қайтесiз. Жоқ болса, жоқ десеңiзшi.
САЛИХА. Иә, жоқ айналайын! Басқа үйлерге барып көр!
ТӨРЕХАН. Япырмай, тағы қай үйдi мазалайын. Жарайды, тым болмаса, сарайларыңызға жата кетейiн, бiр жаман көрпе бере салыңызшы. Қорықпаңыз! Менiң де сiздер сияқты шешем, әйелiм болған! (Iс тiгiп отырған Перуза оған көз тоқтатып қарап, Салиха сәл жұмсарады).
САЛИХА. Жарайды. Түсiң жылы бала екенсiң… Перуза, анау сандықтың үстiндегi көрпе мен жастықты бере қойшы. Сарайға жатам десе жатып шықсын. Иттi есiктiң алдына әкеп байлап қоямын ғой.
ПЕРУЗА. Апа-а!
САЛИХА. Әй, сен немене, көрiнген бiреуден бет моншағың төгiлiп шыға келдiң?!
ПЕРУЗА (келушiге естiртпей).Ұят қой, апа! (Көрпе мен жастықты алып бередi).
САЛИХА(жiгiтке). Мынаны сарайға алып бара бер. Мен иттiң тамағын алып шығайын. (Жiгiт қалтасынан ақша алып, бiлдiрмей ғана стол үстiне қояды да, көрпе-жастығын көтерiп шығып кетедi).
ПЕРУЗА (қайта кiрген апасына).Апа, сiз одан ақша алмақсыз ба?
САЛИХА. Жоқ-ә, құдай-ау! Әскерден қайтып келе жатқан байғұстың ақшасын тонап не көрiнiптi!
ПЕРУЗА. Сiздiң де күйеу балаңыз бiр күнi өстiп жетiп келсе!.. Оны да сiз сияқты бiр кiсi дәл қазiр үйiне қондырмай сарайына қуып шығып жатқан шығар-ау…
САЛИХА. Құдай… құдай сақтай гөр! (Көзiне жас алады).
ПЕРУЗА. Апа сiзге не болды?
САЛИХА. Менiң құлыным… Менiң құлыным қай жерлерде жүр екен десеңшi!.. (Перуза iнiсiн емес, шешесiнiң алдында күйеуiн айтып отырғанына ыңғайсызданып қалады).
ПЕРУЗА. Қара қағаз деген кейде қателесiп келе бередi дейдi ғой, апа! Олар да кеп қалар.
САЛИХА. Айтқаның келсiн, ботақаным!
ПЕРУЗА (стол үстiндегi ақшаны көредi). Апа… апа, мынаны қараңызшы. Әлгi солдат ақша тастап кетiптi.
САЛИХА. Ақша?!(Көредi). Ұят-ай! Мына тәңiр жарылқағыр шынымен жамбас пұлын төлептi ғой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24