М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

Бiздi кiм деп жүр ол, а?! (Есiктi ашып, сыртқа айғайлайды). Әй, солдат қарағым! (Сырттан оның жауап берген даусы естiледi). Берi кел, бермен! (Жiгiт келедi). Мынауың не, а?!

ТӨРЕХАН. Ақша.

САЛИХА. Жамбас пұл ма?

ТӨРЕХАН. Иә, жамбас пұл.

САЛИХА. Үйiне қонған адамнан ақша алған қай қазақты көрiп ең, ә? Айтшы, кәне? Мә! Мынауыңды қалтаңа сап қой.

ТӨРЕХАН. Япырмай, ыңғайсыз болар ма екен!..

САЛИХА. Ыңғайсыз ештеңесi жоқ. (Пауза). Көрпеңдi… сарайға төсеп қойдың ба?

ТӨРЕХАН. Жоқ. Май шам берсеңiз… Қап-қараңғы екен.

САЛИХА (оған ұзақ қарап). Келген кездегiдей емес, түсiң жылыған сияқты. Документтерiң дұрыс па?

ТӨРЕХАН. (күлiп).Дұрыс, дұрыс, апа! (Апасының сөзiне күлiп тұрған қызына қарайды). Мiне, көрiңiз! (Паспортын ұсынады).

САЛИХА. Болды, ойбай, болды! Жай айтқаным ғой. Келген адамның пашпұртын сұра деп көршiм айта берген соң… Үйiне келген адамнан дәкумент түгiлi «кiмсiң?» деп атын сұрамайтын қазақ емеспiз бе? Баяғыда бiздiң бiр әжемiз бiр топ адамды мал сойып, қонақ қып күтiп алып, аттанарда. «Үйде кiм болды деп айтайын, отағасылар?»–деп жөн сұраған екен. Сонда олардың iшiндегi ақсақалы. «Кешеден берi қабағыңыздың ашылмағаны бiр басқа, ендi бiздi танымай масқара қылдыңыз-ау, құдағи»,– деп ренжiптi. Сөйтсе, құдағиымның үйi деп жолдастарымен адасып түскен жолаушы екен дейдi. Е-е, сөйткен қазақ емеспiз бе, ендi кеп пашпұрт сұрап, жамбас ақы төлейтiн де болдық.

ТӨРЕХАН. Заман өзгердi ғой, апа.

САЛИХА. Заман өзгерген жоқ, адам өзгердi, адам! (Пауза). Ал, жарайды, сенi далаға қуғанымыз ұят шығар. Бiз қызымыз екеумiз бiр төсекке жатармыз, сен, мында, менiң орныма жайғас.

ТӨРЕХАН(толқып). Рақмет, апа! Көп-көп рақмет!

САЛИХА. Түнде қорылдамайсың ба?

ТӨРЕХАН (иығын қозғап). Қайдам… Кей-кейде қорылдайтын да әдетiм бар едi.

САЛИХА. Оның жаман екен! Жарайды, далада жатқан ұзын шыбықты әкеп қоярмын. Қорылдасаң сонымен түртiп жатамын. (Келген адам қарқылдап күледi. Қызы да, Салиха да күледi).

ТӨРЕХАН. Жарайды, ендеше, мен төсегiмдi қайта әкелейiн.

САЛИХА. Тоқта, иттiң тамағын ала кет. Тамақ әкеле жатқан адамды ол қаппайды. (Жарық өшiп, қайта жанады. Салиха мен Сызғанова көрiнедi).

САЛИХА. Сөйтiп, ол бiзде тұрып қалды. Жұмысқа орналасты. Бiр жыл өткен соң… менiң қызыма үйлендi. Аяғын сылтып басып жүрiп-ақ үйдiң де, даланың да тiрлiгiн бiр өзi бiтiретiн. Қабақ шытқанын бiр көрмедiм-ау, сабаздың. Бұрын әйелiм болған дейтiн сөз арасында. Соғыстан қайтып барса, басқа бiреуге тиiп кетiптi. Өзiнiң өмiрi бiр түрлi, жұмбақ секiлдi едi. Әкесiн баяғы бiр жылдары халық жауы деген бе, бiр күңгiрт жағы бар. (СЫЗҒАНОВА тiксiндi). Бiр адам бүкiл халыққа қалай жау болатынын қайдам, әйтеуiр, әкесiн ұстап әкеткен көрiнедi. Содан, жұрт бұған фамилияңды өзгерт деген бе-ей, тағы сондай бiр шатақтары бар.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24