Бұл өзгертпейдi. Қойшы, әйтеуiр, бiраз қиыншылық көрiп, соғысқа өзi сұранып кетедi. Қазбалап сұрамайтынбыз, бiлсе қызым бiлген шығар, менiң бiлетiнiм осылар ғана.
СЫЗҒАНОВА. Мына үйдi Төрехан салды деп есiтiп ем, рас па?
САЛИХА (сәл ойланып). Рас емегенде! Бiр жыл ауыр жұмысқа араласпай денсаулығын түзеп алғандай болған соң, екi бiлектi сыбанып тастап кiрiстi ғой, сабазың. Жұмыстан келе кiрiседi, содан түн жарымы ауғанша бiр тынбайды. «Төре-ау, қойсаңшы, денсаулығыңды тағы бұзып аласың ғой», – дейтiнбiз екеумiз екi жақтан. Жоқ! Көнбейдi. «Сумаңдаған өлiмнiң арасында жүрiп. «шiркiн, тап қазiр мына автоматты тастап, әйел, бала-шағаңа арнап үй салып жатсаң ғой деп армандайтынбыз. Сол арман орындалды, апа, неменеге шаршаймын!»–деп күлушi едi.
СЫЗҒАНОВА. Iм-м… Одан бала қалған жоқ па?..
САЛИХА. Жоқ. Қалмады. Сонысы жанға батады… Жақсының ұрпағын көргенде араны ашылып кететiн құдайдың ауруы бар шығар, сiрә. Одан да босқа жарбаңдата бермей, мына бiз сияқтыларды алып, соларды қалдырса қайтедi.
СЫЗҒАНОВА. Ал, қызыңыз?..
САЛИХА (сұрақтың көбейгенiн ұнатпай). Қызым!.. қызым қалай болушы едi! (Даусын көтерiп, зiлдi). Өлдi! Не болсаң о бол дедi де, менi қан жылатып, өлдi де кеттi!
СЫЗҒАНОВА. Қ… Қалай?
САЛИХА. Босана алмай өлдi!.. (Жылайды. СЫЗҒАНОВА да көзiн сүртедi). –Төре үш күн бойы төсектен тұрмай жатып қалды. Мен қайбiр жетiстi дейсiң, сол кездi ойласам әлi күнге шейiн есiм ауытқып кетедi. (Пауза). Төре содан қайтып үйленген жоқ. «Әлi үмiтiң бар, рұқсат»,–дедiм. Бiр күнi айтты. «Апа, туғалы берi құдай менi мазақ қып келе жатыр. Құдайға мазақ болғаным жетедi. Жасаймын дегенiн жалғыз өзiме жасай берсiн. Басқа бiреудiң тағдырын араластырып нем бар. Онымен жалғыз шайқасып көрейiн»,–дедi. Сонан үйленбедi ғой. Ауырып қайтыс болғанша екеумiз бiрге тұрдық.
СЫЗҒАНОВА. Япыр-ау… Қызық болды ғой өзi… Қалай болар екен! Сұрамай-ақ қойғаным дұрыс болар ма едi!.. САЛИХА (түсiнбей таңданып). Қызым-ау, саған… саған не болды?
СЫЗҒАНОВА. Жай… Әшейiн. (Басын ұстап). Қаным таситын сырқатым бар едi…
САЛИХА. Ойбай, онда демал! Әңгiмемен басыңды қатырған шығармын әбден! Кел, мында жата ғой.
* * *
Сол баяғы көрiнiс. Үйдегi мебельдер басқаша қойылған.
СЫЗҒАНОВА. Апа, апа, мұнда келiңiзшi! Мына шкафтың осы тұрысы ұнай ма сiзге? Апа, қайда жүрсiз? (Салиха келедi. Түртiнектеп әлдененi iздеп жүр. Жан қалталарын қағып, ыдыстарды көтерiп, астын қарап қояды).
САЛИХА. Құданың құдiретi, жер жұтып кеткен бе? Кеше ғана осы жерде жатқан сияқты едi?
СЫЗҒАНОВА. Не iздеп жүрсiз, апа?
САЛИХА. Үстелдiң үстiнде жатқан бiр жапырақ қағаз бар едi, сен бiр жаққа байқамай тастап жiберген жоқсың ба?
СЫЗҒАНОВА. Iм-м, әлгi, пәтерге кiсi жiберемiн деген қағазыңыз емес пе?
САЛИХА. Иә-иә! Сен барда жақсылап жаздырып алайын деп ем.
СЫЗҒАНОВА. Бөтен бiреулердi үйiңiзге жiберiп қайтесiз?..
САЛИХА. Ендi қалай? Әскерден немерем келгенше жалғыз тұрмақпын ба?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24