СЫЗҒАНОВА (шошып). Немерем? Төреханнан бала қалған жоқ деп едiңiз ғой?
САЛИХА (күлiп). Кенже баламнан ұл қалған! Сол келедi (Ол әлденеден күдiктенiп, ойланып тұрып қалады). Иә, сол келетiн едi! (Әдейi даусын көтере сөйлейдi).
СЫЗҒАНОВА (өзiн-өзi ұстап). А-а, иә-иә! Есiтуiм бар… Қалай, шкаф жақсы жерде тұр ма екен, апа?
САЛИХА. Иә. Жақсы жерде тұр. Жарасып тұр!
СЫЗҒАНОВА. Сiз бiр нәрсеге ренжiп қалдыңыз ба, апа?..
САЛИХА. Сен неге апа, апа дей қалдың? (Кекесiндi түрде). Менiң немерем! Есiтуiң бар екен ғой, ә?!
СЫЗҒАНОВА. Иә, есiтуiм бар…
САЛИХА (оған жақтырмай қарап). Сол немеремнен хат келмей қойды.
СЫЗҒАНОВА. Жазады ғой, жазады. Қолы тимей жүрген шығар.
САЛИХА (өзiн-өзi ұстай алмай кенет айғайлап). Жоқ! Барғалы берi хат жазған жоқ! Бiр де бiр рет хат келмедi.
СЫЗҒАНОВА (бәйек боп). Ойпырмай, онысы несi екен! Апа, демалыңызшы! Отырыңызшы, мында. Қазiр, қазiр шәй қояйын.
САЛИХА (отырады). Шәйдiң керегi жоқ. (Қолына бiр суреттi алып қарап). Қарғаның валетiндей едiрейiп қасында тұрған мынау бiреу кiм?
СЫЗҒАНОВА. Ол – сол ғой…
САЛИХА. Кiм ол – сол?
СЫЗҒАНОВА. Күйеуiм.
САЛИХА. Бiлем күйеуiң екенiн. (Төренiң портретiне қарайды. Жалпы олардың портреттерiнiң көрiну, көрiнбеуi шарт емес). Шiркiн, жiгiт деп Төренi айтсаңшы! Қарашы, қас, мұрын, көз! Келбет десең, келбет, жанарында ақыл деген тұнып тұр? Адам баласына жақсылық қана ойлайтын жiгiттiң түрi емес пе?..
СЫЗҒАНОВА (түсiнiксiз). Иә, әрине…
САЛИХА (Сызғанованың күйеуiнiң суретiне қайта қарап, жақтырмай ернiн тыжырайтып). Бiр жерден айлық ала ма өзi?
СЫЗҒАНОВА. Әрине, әрине! Саудамен айналысады.
САЛИХА. Солай де… Әлгi… әлгi қағазды бiр жаққа тастап жiбердiң бе? Есiк қағылады.
СЫЗҒАНОВА. Неменесiн асығасыз, апа? Мен әлi бiраз болам.
САЛИХА. Сонда… қанша уақыт?
СЫЗҒАНОВА. Қазiр бәрiн де түсiндiрем. (Есiк қағылады. Ол барып есiктi ашады).
ЖҰМЫСШЫ. Бұл Сызғановтардың үйi ме?
СЫЗҒАНОВА. Иә, иә.
САЛИХА. «Иә»-сi несi? Сызғановтар деген кiм тағы? Ондай адам бұл жерде тұрмайды. Мұнда… Майдановтар тұрады. Майданов Төре!
ЖҰМЫСШЫ. Екеуiңiздiң қайсыларыңызға сенемiз?
СЫЗҒАНОВА (залға). Майданов! Құдай-ау, бұл фамилияны естiмегелi қай заман. Бұл менiң де фамилиям едi ғой… (Қабырғадан ағасының сұсты елесi жалт етiп көрiнедi де жоқ болады. Сызғанова теңселiп тұрып қалады. Сонан соң есiн жияды). Апа, бұлар менi iздеп жүр. Сонан соң менiң фамилиямды айтып тұр. Кiре берiңiздер. (Екi-үш жiгiт үйге үлкен-үлкен тай кiргiзе бастайды. Салиха таңданғаннан аңқиып тұрып қалады).
САЛИХА. Әй! Мына жүк кiмдiкi?
СЫЗҒАНОВА. Менiкi, апа. Абайлаңдар, жiгiттер!
САЛИХА. Мұның бәрiн қайтпексiң?
СЫЗҒАНОВА. Керектi заттарым ғой. Мұны ас үйге кiргiзе салыңдар.
САЛИХА. Азғана күнге бола осыншама жүктi әкелiп қайткелi жүрсiң? Саған керектi нәрсе осыннан да табылады ғой.
СЫЗҒАНОВА. «Түстiк өмiрiң болса, кештiк дүние жи» деген, апа. (Бейғам күлген болады).
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24