(Салиха еш нәрсеге түсiне алмай, жүк әкелушiлерге қарап тұрып қалады. Сызғановамен есептесiп олар да кетедi). –Апа-ау, сiзге не болған?
САЛИХА. Бiздiң үйге бiреу-мiреулер көшiп кеп жатқан жоқ па осы?
СЫЗҒАНОВА. Сiз менен бiр түрлi күдiктенетiн сияқтысыз. Бiр айдай жалғыз тұрамын деп әбден үркек боп қалғансыз-ау шамасы?
САЛИХА. Ендi еш нәрсе ұқпағаннан кейiн…
СЫЗҒАНОВА. Апа, сiздi жалғызсырамасын деп сонау жақтан әдейi келiп отырмын. Әлi бiраз бола тұрамын. Не, қуанбайсыз ба бұған?
САЛИХА (ойлы). Неге қуанбайын. Қуанамын ғой. Қуанып тұрмын…
* * *
Сол көрiнiс. Салиха хабарландыру жазып отыр. «Жiбi түзу ерлi-зайыпты адамдар болса пәтерге жiберемiн». Сызғанова келедi. Қолында базарға шығатын сөмкесi бар.
СЫЗҒАНОВА. Апа, не жазып отырсыз?
САЛИХА. Хат қой.
СЫЗҒАНОВА. Кiмге?
САЛИХА. Әскердегi немереме.
СЫЗҒАНОВА (сәл абдырап). Iм-м.. А-а.. Қиналсаңыз мен-ақ жазып берейiн. Сiз айтып отырыңыз.
САЛИХА. Алла разы болсын. Өз сөзiмдi өзiм жаза аламын.
СЫЗҒАНОВА. Сонан соң, апа, Ресей жақтан мен де хат алдым. Олар да аман-есен екен. Сiзге сәлем айтып жатыр.
САЛИХА. Кiм ол? Ә-ә, әлгi проводник күйеуiң бе?
СЫЗҒАНОВА. Иә.
САЛИХА (немқұрайды). Сәләмат болсын.
СЫЗҒАНОВА. Айтпақшы, олар келгелi жатыр екен.
САЛИХА (оқыс таңдана қарап). Е, жай ма?
СЫЗҒАНОВА. Апа, сiз шынымен адамдарды жатырқап қапсыз. (Күледi). «Апам жалғызсырап жүр екен, келсеңдер қуанып қалар»,–дегем өткен жолы телефонмен сөйлескенде. Ол балаларды да ертiп келсе, бәрiмiз у-шу, мәре-сәре боп қалмаймыз ба?
САЛИХА. Әрине, әрине. Бiрақ, бұрын оларды танымаушы ем… Қалай болар екен!..
СЫЗҒАНОВА. Танысасыз, апа. Құдаңыз жаман адам емес. Бұрын ретi келмедi, ендi араласармыз. Ол келсе қарап жатпас. Мына үйдiң сырттағы сарайдың кеткен жерлерi көп екен, соларды жөндейдi ғой.
САЛИХА. Иә! Бұл үйдi де жөндейтiн кез кеп қалды. Төре соңғы кезде сырқаттанып жүрдi де, үйге қарайлай алмады ғой. Ал, Төре демекшi, сен келгелi берi бiраз күн болды, ағаңның атын аузыңа алмайсың ғой. Осы сен шынымен соның қарындасысың ба?
СЫЗҒАНОВА (күлiп, Салиханы кеп құшақтайды). Ой, апа, сiз бала сияқтысыз! Немене, табан астында менi танымай қалдыңыз ба?
САЛИХА. Түрiң ұқсауын ұқсайды ғой. (Күрсiнiп). Сөзiң де дұрыс, бiрақ, мейiрiмiң басқа сияқты ма, қалай!
СЫЗҒАНОВА. Туған ағамды неге жақсы көрмеймiн, оны неге ұмытайын! Бiрақ, оны айта берсем сiзге ауыр бола ма деп қорқам.
САЛИХА. Өзiң бiл! Бауыр сенiкi ғой.
СЫЗҒАНОВА (сәл үнсiздiктен соң). Апа десе, үй кiтапшаларыңыз қайда?
САЛИХА. Ол не, ол?
СЫЗҒАНОВА. Домовая книга! Не, ондайды естiмеп пе едiңiз? Паспорттарды тiркеп, шығарып жүретiн кiтап бар емес пе, сол!
САЛИХА. Ә-ә, иә-иә!.. Болатын. Төре сол кiтаппен анда барып, мында барып шапқылап жүретiн, әйтеуiр. Қайда жатқанын қайдам. Иә, ол неменеге керек?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24