СЫЗҒАНОВА. Әнеугүнi, сiз жоқ кезде үйге милиция келiп…
САЛИХА. Милиция?! Иә, ол неғып жүр?
СЫЗҒАНОВА. Сiз мұнда тiркелмегенсiз, үш күннен артық тұруға қақыңыз жоқ деп ұрысып кеттi.
САЛИХА. Құданың құдiретi! Қанша жыл тұрғанымда бiр келмеген милиция едi, ол қайдан жүр?
СЫЗҒАНОВА. Бiлмеймiн!.. Үй кiтабын iздеп-iздеп таба алмай қойғанбыз. Тапқан кезде келерсiз деген. Бүгiн шақырған күнi едi.
САЛИХА. Төреханның портретiнiң артында тұр ғой….
СЫЗҒАНОВА (Төреханның портретiнiң алдына келедi. Сол кезде қабырғадан оның елесi тағы көрiнедi). –Кешiр, ағатайым, кешiр… (Салиха кiтапты алып бередi).
САЛИХА. Iздеп жүргенiң мынау ма?
СЫЗҒАНОВА. Иә, иә! Қалай тез тауып ала қойдыңыз? (Үй кiтабын қолына алып, тез-тез ашып көредi). – Қызық екен! Мұнда сiздiң атыңыз да жоқ қой.
САЛИХА. Жоқ болса қайтедi екен?
СЫЗҒАНОВА. Қазiр заң қатал. Тұрып жатқан үйiңде мiндеттi түрде паспорт тiркелуi керек.
САЛИХА. Тiркелу-мiркелуiңдi бiлмеймiн! Осы үйдi соққан өзiмiз бе, өзiмiз. Ендi осында тұрмай айға ұшып кетуiм керек пе? Колхоздағы үйiмдi де тозып бара жатқан соң биыл сатсам ба деген ойым бар. Паспортты осында тiркеу керек деп Төре айтып жүрушi едi, өзi қайтыс болған соң қалды ғой жайына.
СЫЗҒАНОВА (өзiнен-өзi). Хабарлау керек пе, жоқ па?
САЛИХА. Колхоз жаққа бiр барып келу керек едi. Сен неге үндемей қалдың?
СЫЗҒАНОВА (толқып). Апа! Апа деймiн!
САЛИХА. Не болды? Шырағым-ау, табан астында саған не көрiндi?
СЫЗҒАНОВА. Егер… егер… үйге қайтсам ренжiмейсiз бе?
САЛИХА. Туһ, бiр жаман хабар айтқалы тұр екен десем! Қайта бер!
СЫЗҒАНОВА. Ал, егер… осында… сiзбен бiрге тұрам десем ше?!
САЛИХА. Ей, оның неменесiне алқынып айтасың? Тұрам десең тұра бер. Үй жетедi.
СЫЗҒАНОВА. Жоқ, уақытша емес, бiржола!
САЛИХА. Бiржола! Күйеуiң мен бала-шағаңды қайтесiң? Ей, осы сен бiр нәрсенi жасырып жүрген сияқтысың? Шыныңды айтсаңшы!
СЫЗҒАНОВА (Салиха сезiп қалған екен деп Сызғанова қатты абдырайды). Мен егер… шынымды айтсам… Егер шынымды айтатын болсам…
САЛИХА (қатты айғайлап жiбередi). Ей, не болды! Айтсаңшы!
СЫЗҒАНОВА. Кейiн апа! Қазiр… қазiр айта алмаймын!
САЛИХА. Төренiң қайғысы ендi арылып келе жатыр едi, ойламаған жерден сен килiгiп бәле болдың ғой! Немене, күйеуiң қуып жiберiп пе едi? Сол ма айта алмай тұрғаның?
СЫЗҒАНОВА (оған iштей сүйсiне, таңдана қарайды). Жоқ! Жо-жоқ!
САЛИХА. Ендi не? Әлде, өзiң басқа күйеуге шыққалы жүрсiң бе?
СЫЗҒАНОВА. Жоқ!
САЛИХА. Әй, ел тыныш қой?
СЫЗҒАНОВА. Тыныш.
САЛИХА. Бас аман ғой?
СЫЗҒАНОВА. Аман.
САЛИХА. Патша ауысқан жоқ қой?
СЫЗҒАНОВА. Жоқ.
САЛИХА. Ендi не көрiндi?
СЫЗҒАНОВА. Кейiн айтайыншы, апа!..
САЛИХА. Е, өзiң бiл!.. Ентiгiп бастаған өзiң! Айтпасаң қалауың бiлсiн (Тонын киiп, орамалын тарта бастайды).Қызық екен!
СЫЗҒАНОВА. Қайда жиналдыңыз?
САЛИХА. Сен де бармайсың ба? Бүгiн жұма ғой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24