РЕКТОР. Жарайды, жарайды, ақсақал. Ол жағын көре жатармыз. Әзірге сау болыңыз! (Қолын ұсынады).
ШАЛ (абдырап, оның қолына қалпағын ұстатады). Ойбай, алжыған деген осы. Сөйт, қалқам, кел, әбизәтілні кел. Хатшы қыз келіп, тілдей қағаз тастап кетеді.
СЕКРЕТАРЬ. Профессор Камалиевтің үйінің телефоны.
РЕКТОР (шығып бара жатқан оны тоқтатып). Маған ешкімді жібермей тұра тұрыңызшы. Босаған кезде өзім хабарлаймын.
СЕКРЕТАРЬ. Жарайды (Шығып кетеді).
РЕКТОР. Солай, ақсақал, уақыт боп жатса, дәм бұйырса бара жатармыз. (Балаға қарап). Ал сен… Ойланатын кезің жетті. Екінші тәртіп бұзсаң инстиуттан шығарып жіберем деп қорқытпаймын, ол жаза ешқайда қашпайды. Азамат болуға ұмтылу керек. Ертеңгі бүкіл болмысың, бүкіл дәрежең мен ақыл, парасатың, мәдениетің қазірден бастап қаланады. Адамның бүкіл табиғаты, болмысы өзіне ғана байланысты емес, оны қоршаған ортаның мінез-құлқына сай қалыптасады. Сүйегің қатып, сақалың солғанша әкеңе салмақ сап, әкеңнің табысын, әкеңнің беделін шаша берме. Оған да тыныштық керек. Сендердің, студенттердің мен үшін бәрі бірдей, бәрі қымбат. Алайда, осында бір студент бар, өзі жетім өскен, әке-шешесінің кім екенін де білмейді. Сол жігіттің… жарайды, мен ол жағын айтып жатпай-ақ қояйын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — ойланатын кез жетті. Жеткен жоқ, өтіп кетті, бірақ, әлі де кеш емес. Бұл жерде тұрып, «жарайды» деп уәде бермей-ақ қой, өзіңмен-өзің оңашада кеңес. Ал, сау болыңыздар.
ШАЛ. Рақмет, рақмет, қарағым, ақылыңа. Не тілесең, тілегіңе жет. (Баласы екеуі шығып кетеді). Ректор ойланып әрі-бері жүреді. Телефонның қасына кеп тоқтап қолына Секретарь әкеп берген тілдей қағазды ұстап біраз тұрады. Сонан соң креслоға отырып, телефон дискісін асықпай айналдыра бастайды.
РЕКТОР. Сәләматсыз ба? Профессор Камалиевтің пәтері ме екен? О кісіні телефонға шақырып жібермейсіз бе? Қайда кеткен дейсіз? Билет алуға?! Қайда? Қашан жүреді? Ә-ә, ертең бе? Жарайды, жарайды, біраздан соң тағы хабарласармын. Кешіріңіз. (Трубканы орнына кояды. Ой үстінде).
РЕКТОР (өзіне-өзі). Ертең жүреді. Ерте-ең… (Қоңырауды басады. Секретарь қыз кіреді).
РЕКТОР (қағаздан басын көтеріп). Қарағым, Камалиевқа өзің телефон соғып тұршы. Үйіне келсе маған хабарла. Кетіп қалмасын. Өте қажет едіңіз де. Кісілер кіре берсін.
СЕКРЕТАРЬ. Жарайды (Тық-тық басып шығып кетеді). Телефон шырылдайды.
РЕКТОР. Иә, мен сізді тыңдап тұрмын. Ә-ә, сәләматсыз ба, сәләматсыз ба, Виктор Федорович! Жақсы, жақсы! Биылғы конкурс көп болатын түрі бар. Кейбір факультеттерде бір орынға әзірдің өзінде 7-8 баладан келеді. Әлі де тапсырады ғой. Әрине, әрине, баланың көп болғанына не жетсін. Біріншіден, ол – институт беделінің артқаны, екіншіден, білімді жастарды іріктеп, таңдап алуға мүмкіндік береді. Жо-жоқ, Виктор Федорович, ондайға жол бермейміз. Оған сене беріңіз. Экзамен қабылдайтын мұғалімдердің құрамы дейсіз бе? Мен осыдан екі күн бұрын жібергенмін. Оны қалай алмағансыз. Мүмкін, әбден мүмкін. Министрдің өзінде жатқан шығар.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27