Сол кісіден бір данасын алып көрерсіз. Жақсы, сау болыңыз. (Трубканы қояды). Кабинетке Әйелі, Баласы, тағы бір кісі – Әкесінің інісі кіріп келеді. Әйелін көрген кезде, ауруханада жатқан баласы есіне түсіп, Ректор орнынан ұшып тұрып, оған қарсы жүреді.
РЕКТОР. Не боп қалды? Баланың халі қалай?!
ӘЙЕЛІ. Жақсы, әлгінде ауруханаға барып келдім. (Артына бұрылып). Кіріңіз. Кабинетке жасы елу-елу бестердегі кісі кіреді. 6-7 жасар бала жүгіріп әкесінің орнына отырып, сурет сала бастайды. Ректор түкке түсіне алмай, қайран қалып тұр. Келген кісі Ректорға мойын да бұрмай, терезе жанындағы орындықка барып отырады.
РЕКТОР (Әйеліне). Оу, бұ не бұл? Неғып жүрсіңдер, қайдан жүрсіңдер?
ӘЙЕЛІ. Мына кісі, «кетемінші, кетемін» деп қиғылық салып жатыр. Кетіп қалса сен ренжи ме деп ертіп келдім. (Баласына). Маратик, нельзя папины вещи трогать! Сиди спокойно!
РЕКТОР. Иә, ағасы, жолыңыз болсын? Мұныңыз не?
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (қолын сермеп). Кетемін!
РЕКТОР. О-о! Ағай ашулы ғой өзі. Не боп қалды, неге асықтыңыз? Жаз айында Алматы маңы деген ешқандай курортқа бергісіз. Мен бір демалыс үйіне жолдама алып берейін. Жайбарақат демалыңыз.
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Керегі жоқ. Демалыс үйі дейді ғой. Болдым.
РЕКТОР. О-оу, сізге не болған. Бізге өкпеледіңіз бе?
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (кенет дауыстап). Осы сен маған бауырсың ба, жоқ па, соны айтшы?.
РЕКТОР. Жоқ. (Кісі селт ете қалады). Сіз маған бауыр емес, әкемсіз. (Кісінің көңілі орнына түседі). Әкемнің інісі болған соң әкемнен кем көрем бе?
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Ендеше, мына көрсеткенің не? Үйлеріңе келгеніме екі күн болды, екі күннен бері дастарқан басында мамыражай бір бас қоспадық. Түнде келесің, қатқақпен тағы кетесің. Екіауыз сөз айтуға зар болдық қой. Сені жетілдіргенде өстіп… бірауыз сөз айта алмай… үйіңде тобарсып отырып-отырып кету үшін жетілдіріп пе едік?
РЕКТОР. Еһе-е, міне, мәселе қайда жатыр! Сіз маған өкпелеген екенсіз ғой. Орынды, орынды. Кінәмді мойныма аламын. Бірақ, амал қанша, қызмет бабы солай ғой, аға-ау. Қазір қарбалас кез. Жақында қабылдау емтихандары басталады. Жұмыстан соң осында отырып біраз мәселелерді қараймыз. Өйтпесе тағы болмайды. Көктемгі егіс кезінде сіздерді де үйден таппаймыз ғой.
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Өйтіп, бипаздамай-ақ қой. Бәрің майда сөйлеп үйренгенсіңдер әбден. Ініме барам деп көкірегім көрік боп, мақтанышым ішіме сыймай келсем, бұлар… сөйлескісі келмейді.
РЕКТОР. Неге олай дейсіз, аға-ау. Сөйлескім келмей жүргендіктен емес қой, оны неге түсінбейсіздер? Әрі, сізді осында бірер ай демалуға келді деп ойлағанбыз.
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Менің деміме жететін ауа ауылда да бар. Екі күнге жарылып кете жаздағанымда бір ай қайтып шыдамақпын. (Пауза). Ал, ана үшеуін қайтеміз?
РЕКТОР. Қайсы үшеуін?
ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (келініне қарап қойып). Әні, бұл үйіне кім келіп, кім кетіп жатқанын да білмейді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27