Құдай-ау, табалдырықтан аттағанда көздеріңді жұмып, құлақтарыңды бітеп аласыңдар ма? Ана үш бала ше? Біреуі менің ортаншым, екеуі өзіміздің ауылдан. Скләдші Бейсеннің қызы мен оправляйіш Қоспанның баласы. Алыс адамдар емес, жақындарың. Алдыңғы жылы барғанда көргенсің, үйінен дәм де таттың. Ректор бірден сұлқ түсіп, кабинетте әрлі-берлі жүреді. Әйел телефонға жармасып, бұрап жатқан Баласына ұрсып қояды. «Маратик». Ой, какой ты непослушный! Перестань!» — деген дауыс естіледі.
РЕКТОР (Әйеліне жақындап). Бұ не бұл? Өзіңнің келгенің былай тұрсын, кабинетке баланы неге ертіп әкелесің? Ұят емес пе? Екінші есіңде болсын, бұдан былай бұл жерге бірде-бір туыс, ағайынды ертіп әкелгеніңді көрмейтін болайын!
ӘЙЕЛІ. Оһ-о! Бұл өз туыстарына ғана дауыс көтере алады. Немене, кабинетіңді қызғанып тұрсың ба?
РЕКТОР. Бұл сенің аузыңнан шығатын сөз емес. Кабинетте мен отырғанмен, ол мемлекеттікі. Мұндай шаруаны үйде айтуға да болатын еді ғой. Сыртта көп адам күтіп отыр.
ӘЙЕЛІ. Ештеңе етпес, күте тұрар. Айтпақшы, ГорОНО-ға телефон соқтың ба?
РЕКТОР. Жоқ. Уақытым болмады. Қолым тисе ертең-бүрсігүні барып шығамын.
ӘЙЕЛІ (қайнағасына қарап қойып). Бұл ініңіздің бар тірлігі осы. Уақыт жоқ деген сөзді жаттап алған. Үй шаруасына көз қырын да салмайды. Ұршықтай үйіріліп, ертеден қара кешке дейін жалғыз өзім жүгіремін де жүремін. Ана ортаншы баламызды пионер лагеріне жіберу керек еді, бұл болса күнде ертеңмен жарты айдың жүзін қылды.
РЕКТОР. Енді бес-алты күннен соң мектептегі оқушылармен бірге өзі-ақ кетеді ғой, несіне асығасың.
ӘЙЕЛІ (таңданып). Вот тебе, сюрпри-из! Сен соны күтіп жүр екенсің ғой! Мектептерінің баратын лагері өзіміз күнде көріп жүрген мына тұрған жаман Қапал ғой. Көрші аудан! Баланы соған жіберуге қалай дәтің барады, қалай? Жоқ, саған сенсек далада қалады екенбіз. Телефоны қалай еді әлгі ұзын сарының? (Стол үстіндегі справочниктен тез-тез ГорОНО-ны іздей бастайды).
РЕКТОР. Оны қайтпексің?
ӘЙЕЛІ. Өзім телефон соғамын. Горздрав… Горфинотдел… Горплан… ГорОНО. Ә, міне, міне. Заведующий 33-97-64. (Справочникті жауып, телефон номерін ұмытып қалмас үшін екі-үш рет қайталайды). 33-97-64… 33-97-64… (Телефонға кеп, трубканы көтереді).
РЕКТОР. Қой деймін. Ұят болады!
ӘЙЕЛІ. Ұят ештеңесі жоқ. Есікке есік көрші тұратын ресторан зав. залының баласы «Артекке» кеткенде, ректордың баласы Қапалға бара ма! (Номерді тере бастайды. Ректор асығыс басып келіп, оның қолындағы трубкаға жармаса бергенде, Әйелі «тыныш» дегендей саусағын көтеріп қояды).
ӘЙЕЛІ. Бұл ГорОНО ма екен? Сәләматсыз ба, сіңілім. Бастық өзінде ме екен? Жалғай қойшы, қалқам. (Пауза). Сәләмат па, құрдас? Танымай тұрсың ба? (Сықылықтап күледі). Көптен бері көріспей кеткен соң телефон соғып тұрғаным ғой. Аман, аман. Жұмысында ғой. Ерте кетеді, кеш келеді. Амандасамыз да, қоштаса береміз. (Тағы күледі). Иә-иә… Қазір жұмыс қауырт боп жүр. Оның үстіне ғылыми жұмысы тағы бар. Бір минут қолы бос емес.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27