өзгертіп). Неге? Қалайша? Жаңадан салынып жатқан екі лабораторияның біреуін қысқартсын деген қайдан шыққан? Жо-жоқ болмайды. (Секретарь қыз кіреді. Ректор «кетіп қалма» дегендей қолымен ишара жасайды). Институт арнайы мамандар ғана дайындайтын мекеме емес — ғылым ошағы. Лабораториясыз ғылым тереңіне бойлау да мүмкін емес. Келісілген! Келісілген! Совминнің қаулысы да бар. Ақшаны Казсовпроф төлейді. Енді оны бұзуға Финанс министрлігінің правосы жоқ. Жарайды. Министр өзінде ме? Онда ертең өзім кіріп шығамын. Сау болыңыз!
РЕКТОР (трубканы қоя салып). Иә, не жаңалық бар?
СЕКРЕТАРЬ. Жаңа Камалиев телефон соғып еді…
РЕКТОР (орнынан тұрып). Иә, не дейді?
СЕКРЕТАРЬ. Бір сағаттан соң келемін деді.
РЕКТОР. Міне, тамаша! Рақмет саған, қалқам. Ол келген соң… Ғылымда бір адамның өзі қандай күш екенін білесің бе? Бір адам деген көп нәрсе тындырады, өте көп нәрсені! Бара бер, кісілердің кіруіне рұқсат. Қыз шығып кетеді. Жарық сөнеді. Телефон шырылдайды. Жарық қайта жанады. Ректор жалғыз.
РЕКТОР. Иә, тыңдап тұрмын… Не дейді! Бала қысылып жатыр! Дәрігерлермен сөйлестің бе?.. Қой, жылама, жылама… Мен қазір… қазір барамын… Сабыр ет… Трубканы қоя салып, есікке жүгіреді. Есікке жете беріп, кілт тоқтайды. Сағатына қарайды. Кейін қайтып, әрі-бері тез-тез жүреді.
РЕКТОР (өзіне-өзі). Қазір, қазір ол келеді. Енді не істеу керек!.. Ол есік тұтқасын әлденеше барып ұстайды. Шыдамсызданып терезе алдына барады. Жарық сөніп, қайта жанады. Жарық қайта жанғанда, Профессор кіріп келе жатады. Ректор оны есік алдында күтіп алады. Екеуі аз-кем үнсіз қалады.
РЕКТОР. Сәләматсыз ба?
ПРОФЕССОР (жан-жағына қарап). Кабинетің кең екен… (Креслоға барып отырады). Жағдайың жақсы ма?
РЕКТОР. Рақмет, жаман емес. Сізді бір жаққа жүргелі жатыр деді ме?
ПРОФЕССОР. Иә.
РЕКТОР. Қай жаққа?
ПРОФЕССОР. Саған оны айтудың қажеті жоқ.
РЕКТОР (күліп). Япыр-ай, сіз мені әлі студент деп ойлайсыз ғой деймін.
ПРОФЕССОР (болар-болмас езу тартып). Жо-оқ… Студенттің терезесі күн жаққа қараған осындай кең кабинеті болушы ма еді?
РЕКТОР. Мен сіздің зілді әзілдеріңізді, көңіліме алмаймын. Сіздің мінезіңізді…
ПРОФЕССОР. Турасына бір-ақ көшейікші… Мені неге шақырдың?
РЕКТОР (оның қарсы алдына кеп отырады). Дұрыс-ақ. Айта алмай отырғаным да сол еді. Біз сізді институттың биология кафедрасына шақырамыз. Ал сіз… сіз келуге тиіссіз…
ПРОФЕССОР. Басыма күн туғанда маған жасап отырған жақсылығың ғой?
РЕКТОР. Жоқ! Олай ойлай көрмеңіз. Сіз маған емес, басқаға керексіз.
ПРОФЕССОР. Інім! С-солай де! Айтшы, осындай асқақ сөздерді қайдан жаттап ала қоясыңдар және қашан ұмытасыңдар осы. Мен бұлай үйретпеп едім ғой.
РЕКТОР. Шәкірт қанша биік өрлесе де, ұстазының алдында аласа. Мүмкін, сізді көрген соң көмейімде кептеліп тұрған көп сөз ретті-ретсіз шашырай шығып жатқан шығар. Өзіңіз тәрбиелеп, өзіңіз жеткізген басқа шәкіртіңіз жасамаған жақсылықты мен жасап, жалған азаматтыққа ие болып қалайын деген ойдан аулақпын. Оған имандай сеніңіз.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27