институт даңқын шығара аламын.
РЕКТОР. Ол да жаман емес. Институттың атын төбелеспен де шығарып жүргендер бар. Сонымен, бұйрық ертеңгі күннен бастап беріледі. Жұмыс сағат сегізден.
ПРОФЕССОР (есіктің тұтқасын ұстаған бойы кері бұрылып). Ол жөнінде қосымша хабарласамын.
РЕКТОР. Күтемін.
ПРОФЕССОР. Айтпақшы, бір сағаттан соң телефон соғып, балаңның жайын білемін. Сау бол.
РЕКТОР. Рақмет, сау болыңыз. Профессор шығып кетеді. Секретарь қыз отырған қабылдау бөлме көрінеді. Қыз жоқ. Іштен Ректор шығады.
РЕКТОР (жан-жағына қарап). Япыр-ау, қайда кетіп қалады? Осындай қысыл-таяң кезде бұл да орнында отырмайды. Қайда жүреді екен, ә! (Алақанын соғып). Қап! Осы кезде сырттан Секретаръ қыз асығыс кіріп келеді.
РЕКТОР. Қалқам-ау, қайда кетіп қалдың? Менің асығыс екенімді білесің ғой.
СЕКРЕТАРЬ. Иә, білем… Сіз шыққанда машина дайын тұрсын деп… Шофер жігітті асханадан әрең тауып келдім.
РЕКТОР (оған жақындап, арқасынан қағады). Ә… ә… рақмет. Былай болсын. Биология кафедрасының мұғалімдері жиналса, бес-он минут күте тұрсын. Мен барам да қайтып келем.
СЕКРЕТАРЬ. Жарайды.
Ректор асығыс басып шығып кетеді. Жарық сөнеді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Шымылдық әлі ашылған жоқ. Оның ар жағынан сөйлеп тұрған адамның даусы анық естіледі. 1-
ДАУЫС. Өткен жолғы математика пәнінен жазбаша емтиханның қорытындысы шығарылды. Бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда абитуриентке қойылатын талап жоғарылап, олардың білім дәрежесін бағалауда көп әділдік бар. Алайда, қабылдау комиссиясының жауапты секретары ретінде кейбір жазбаша жұмыстарға қойылған бағаның сол жұмысқа қаншалықты сай келетінін тексеріп қарағанымызда, біршама кемшіліктерді аңғардым. Шымылдық ашылады. Ректордың кабинетіндегі бес-алты адам түгел көрінеді. Ректор мен басқа кісілер тыңдап отыр. Қабылдау комиссиясының жауапты секретары сөйлеп тұр. Шымылдық ашылып жатқанда, сөз тоқтамайды. …Оның ең бастысы бағаны асыра қоюшылық. Мына бір жұмысты алайық. (Қолына абитуриенттің жазбаша жұмысын алады). Мұнда берілген үш есептің екеуі дұрыс шығарылмаған. Бірақ, тексеруші мұғалім «жақсы» баға қойыпты. «Өте жақсы» деген бағаға ие болған жұмыстардың бәрі ректорат пен секретариатта қайта қаралатынын білген кейбір жолдастар мұны елеусіз кете берер деген оймен әдейі «төрт» қойған.
РЕКТОР. Қол қойған кім?
ЖАУАПТЬІ СЕКРЕТАРЬ. Қол қойған экзаменатордың өзі де осында отыр. (Шеткі кісіге қарайды). Мына қол сіздікі болар?
ШЕТКІ КІСІ (жұмысты қолына алып, үңіле қарайды). Иә, қол менікі. Бірақ…
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Демек, сіз бұл баланы танисыз.
ШЕТКІ КІСІ. Мұныңыз жала! Қатарынан жүздеген жұмысты тексергенде адамның қателесіп кетуі де мүмкін.
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Екеуі де дұрыс шығарылмаған есепке қателесіп «төрт» қоятыныңыз қызық екен.
РЕКТОР. Менің жауапты секретарьға қоятын бір сұрағым бар. Айтыңызшы, әр баланың жазба жұмысы шифрланып, ол шифр жауапты секретарьдың сейфінде сақтаулы тұрады. Ол құпияны бұл кісілер сонда қалай шешкен?
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Баланың жазуынан таниды.
ШЕТКІ КІСІ (орнынан тұрып). Керек десеңіз, мен өз қолымды өзім танымай қала беремін.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27