РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Сіз өз жолдастарыңызды орынсыз ғайбаттамаңыз.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Мен ғайбаттап тұрған жоқпын, шындықты айтып тұрмын.

ОРТАДАҒЫ ЕГДЕ КІСІ (шіреніп). Секретарь жолдас!.. Тырнақ астынан кір іздеп, біреуге қойылған бір баға үшін ректордың кабинетінде қызыл кеңірдек болмай-ақ қойсақ қайтеді. Басқа да қыруар жұмыстарымыз бар ғой осы. Бәлкім, (Шеткі кісіге карап қойып) бұл кісі қателессе қателескен де шығар, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бір қателігі үшін, тіпті, ары кеткенде, біреудің бағасын сәл көтермелеп қойғаны үшін институттың белді кадрларының беделін түсіруге болмайды ғой.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Оныңызға қосыламын. Бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Бірақ, бұл қателік боп қана қояр ма екен? Және менің қолыма түскен осындай жұмыстардың жалғыз екеніне кім кепілдік бере алады? Көзге түспегені қаншама.

ОРТАДАҒЫ КІСІ (есінеп болып). Егер жұрттың бәріне бұлайша күдікпен қарай беретін болсақ, арамыздағы бірлік пен сенімнен жұрдай болармыз.

РЕКТОР. Оныңызға қосыламын. Әбден дұрыс айтылған сөз. Сенім болмаған жерде бірлік пен береке жоқ. Қабылдау емтиханы не бары бір ай. Ал, біздер қалған уақыттың бәрінде бірге болуымыз керек. Осы бір айда он бір айға деп сақталған сыйластығымызды сарқып алсақ, ары қарай қалай өмір сүрмекпіз. Адам баласының алар биігі, ақыл-ой мен білім дәрежесі өз табиғатына, өз қабілетіне ғана емес, қандай ортада, кімдермен қарым-қатынаста болғанымен де өлшенеді және сонымен қалыптасады. Алдымен осыны ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, әрбір жұмыс шифрланып, сейфке салынып, кілті бір адамға ғана тапсырылып қойылған. Шындап келсек, бұл әрбір парасатты азаматтың жанына қатты батуға тиіс! Бұл — өзімізге өзіміздің сенбеуімізден.

ОРТАДАҒЫ КІСІ. Адамнан гөрі сейфке көп сенеміз.

РЕКТОР. Солай етуге жағдай душар етеді. Ал, адамға сену әлдеқайда ардақты болар еді. Бірақ, амал нешік, жанымызды қанша азаптағанымен осы сейфке тағы жүгінеміз.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (сейфті жауып жатып). Қалай болғанда да, адамға деген сенімнен айрылмауымыз керек, жолдастар!

ОРТАДАҒЫ КІСІ. «Я верю в людей! — проговорил секретарь тщательно закрывая свой сейф». (Селкілдеп күледі). Бәрі күледі.

РЕКТОР. Иә, шындығында да, бұл күлкілі жай, жолдастар. Егер сеніміміз мықты болса, қыруар артық жұмыстан арылған болар едік қой. (Шеткі кісіге қарап). Сіз, шыныңызды айтыңызшы, сенім деген осыдан басталсын, әлгі жұмысқа «жақсы» деген бағаны шынымен қателесіп қойдыңыз ба? Жасырмаңыз.

ШЕТКІ КІСІ (қипактап). Ұзақ отырған соң кісі шаршайды дегендей…

РЕКТОР. Шаршадыңыз ба, шаршаған жоқсыз ба, қателестіңіз бе, әдейі қойдыңыз ба әлгі кінәңыз үшін қатал шара қолдансам мені ешкім сөкпейді. Фактінің аты – факт. Бірақ, мен ондай шараға жүгінбеймін. Бұдан кейін де жүгінбеймін! (Отырғандар оған мойын бұрады). Иә, солай. Бірақ сіз шыныңызды айтпадыңыз. Сенбей отырғанымды өзіңіз анық біліп отырсыз.

ШЕТКІ КІСІ (ұзақ қиналып). Рас еді…

РЕКТОР. Міне, бұл шындық. Біздің күдігіміз рас боп шықты. Танысыңыз ба, жақыныңыз ба,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27