РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Бізді де дәл өстіп (Жұртты көрсетеді) адамдар күтіп отыр. Ал, сіз қайда асығасыз? Төрт-бес минут кешіксеңіз ештеңе етпейді (Кіріп кетеді).

ШАЛ (орнына отырады). Бір минөт демей, төрт-бес минөт деп шынын айтқанына шүкір.

СЕКРЕТАРЬ. Қазір сіз кіресіз. Сонау жерден әуре болмай-ақ балаңыздың өзін жібермедіңіз бе?

ШАЛ. Е-е, айналайын-ай, ошақтың үш бұты алты айшылық жол боп отырған шағымда голайт еткелі келді деп пе ең? Төрт балам бар еді, біреуі дәл өзіңдей қыз бала, былтыр күзде тұрмысқа шықты. Екі балам боп, мен боп мына біреуін заошно оқуға іліндіріп ек, бұ бала жыл да шығып қала береді. Былтыр өзі кеп документтерін жөндеп кеткен, биыл — «бармайыншы, бармаймын» деп жанына жуытпай қойды. «Ұяламын» дейді. Бұл бәле төбелескенде ұялмайды да, кісімен сөйлескенде бетінен қаны тамып шыға келеді.

«ЗАОШНИК» (ашуланып). Біз түнде төбелескенбіз…

ШАЛ. О, мәлжуба-ас! Ақылының жетіп тұрған жерін қарашы-ей, мұның? Түнде ұялмайды екенсің ғой. Ендеше, ректорыңмен де түнде сөйлес!.. Айт, аға де, түн болса ұялмаушы ем де!

СЕКРЕТАРЬ (күліп төмен қарайды). Ата, сәл ақырын сөйлесеңіз.

ШАЛ. Ой, Алла-ай, осыны адам қылам деп жүргенде ауылдағы мәгәзінді тонап кетіп, түрмеден бір-ақ шығарар ма екен. Жұрттың алақаны қышыса, мұның жұдырығы қышиды. Орныма ана кемпірді тастап кетіп едім, қарауыл қараймын деп жүріп өзін-өзі атып алмаса не қылсын. Жасы қырықтардан енді асқан, көзінде көзілдірігі, қолында портфелі бар тағы бір кісі паңдана кіреді. Отырғандарға көңіл де бөлмей, Секретарьға жақындайды.

2-РЕКТОР. Сәлематпысың, айналайын?

СЕКРЕТАРЬ. Сәлематсыз ба?

2-РЕКТОР (бармағымен былғары есікті нұсқап). Мына бастығың өзінде отыр ма?

СЕКРЕТАРЬ. Сізді келді деп айтайын ба?

2-РЕКТОР. Жо-жоқ, әуре болмай-ақ қой, жұмысыңа кедергі келтірмейін. Ішінде біреу бар ма?

СЕКРЕТАРЬ. Бір кісі кіріп кетіп еді.

2-РЕКТОР. Әлгі… үлкен орындардан емес пе?

СЕКРЕТАРЬ. Жоқ, бір құрылыс мекемесінің бастығы.

2-РЕКТОР. Бастығыңмен сөйлесетін бірауыз шаруам бар еді, (есікке қарай жүреді) айтып шығайын. (Кіре береді).

ШАЛ (орнынан ұшып тұрып). Оу, шырағым-ау!.. 2-ректор күлімсіреп басын изеп, бір саусағын көтеріп кіріп кетеді.

ШАЛ. Бұл да бір саусағын көрсетті ме осы? Демек, бір сағат десеңші.

СЕКРЕТАРЬ. Басқа институттың ректоры ғой. Біздің Ректормен бірге оқыған.

ШАЛ. Е-е, солай де! Япырай, шығып кетпей тұрғанда екеуінің көзінше сөйлессем қайтер екен, ә? Бұл жер көнбесе мынаны (баласын түртіп) соларға өткізер ме едім.

«ЗАОШНИК». Ох, гений нашелся! Бұл гуманитарный, а там технический!

ШАЛ. Өй, гуманитар болмай құрып қалғыр! Саған бәрібір емес пе? Ректор отырған кабинет көрінеді.

РЕКТОР (бірінші келген кісіге қарап). Солай, ренжімеңіз. Мен сізді сыйлаймын, бұдан былай да сыйласуға дайынмын. Бірақ, мұндай ұсақ-түйек нәрсеге бола әуре боп қайтесіз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27