ол жағын қазбалаудың қажеті жоқ (Секретарьға қарап). Әлгі жұмысты өзіне қайтып беріңіз. (Секретарь оған жұмысты ұсынады).
РЕКТОР. Бағаны түзегенде қалай түзейтінін өзіңіз білесіз ғой. «Исправленному верить». Сонан соң қолыңызды қоясыз. Шеткі кісі жұмыс пен қаламсапты қолына алып, түзеуге батылы жетпей мүдіріп қалады.
РЕКТОР. Дұрыс, дұрыс. Сол жерге. Енді маған беріңіз. Міне, әділдік деген осы. Бірақ, сұрап алған әділдік. Өмірде қол қоймай-ақ түзейтін қателіктеріміз көп.
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (Ректорға). Кешіріңіз, сіз бүкіл қателік пен кемшілік осымен жойылып біткендей риза сияқтысыз ғой.
РЕКТОР. Оныңыз рас. Өйткені, математика пәнінен бұдан былайғы сынақтың бәрін осы кісілер қабылдайды. Әділдік пен туралықты сейфке қамап ұстамайтынымызға сенгім келеді. (Секретарьға). Басқа қандай мәселелер бар?
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (таңданып). Біз бір-ақ баланың бағасы жөнінде айттық. Басқасы толып жатыр.
РЕКТОР. Бәрі осы сияқты ма?
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Імм… Әрине…
РЕКТОР. Арнайы пән бойынша комиссияның председателімен бірігіп тексеріп, қорытындысын маған бір-ақ әкелерсіз. Секретарь қыз кіреді.
СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Сізді Жоспарлау комитетінің председателі телефонға шақырады. (Шығып кетеді).
РЕКТОР. Алло. Сәлематсыз ба? Жаман емес. Түстен кейін бе? Жарайды. Уақыт табайын. Рақмет, рақмет! Дәл сағат үште барамын. (Трубканы қояды).
РЕКТОР (отырғандарға қарап). Мұғалімдер корпусын салу жөніндегі ұсынысымыз қабылданыпты. Сағат үште Госпланда болуым керек.
ОТЫРҒАНДАР. Жақсылық хабар екен. Үйсіз жүрген жас мұғалімдерден сүйінші сұрау керек екен ғой. Кәрілер де зиян шекпес…
РЕКТОР. Ал, жолдастар, мәжілісті соза бермейік. (Шеткі кісіге қарап). Сіз ренжімеңіз. Жұмыстың аты – жұмыс. Мен сіздің жағдайыңызды жақсы білем. Оқу бітіргенше, оқу бітіргеннен кейін де, өз бетіңізше ешкімнің көмегінсіз жетілдіңіз. Ешкімнің көмегінсіз диссертация қорғадыңыз. Сондықтан да ешкімге тәуелді емессіз. Бірақ, өз басыңыздағы қасиетті басқаға егу керек қой. Осы отырған бәріміздің де, кем дегенде, екіден, үштен туысымыз бар. Институт бойынша есептегенде, қанша болады? Бәріміздің мақсатымыз біреу-ақ, ол — білімді, адал, іскер азаматтар даярлап шығару. Білімі төмен абитуриенттің бағасын көтеріп, қолтығынан демеп, институт бітіргенде не болады? Оған асыра баға қойып жатқанда-ақ біз оның көңіліне әділетсіздіктің ұрығын қоса сепкенімізді неге ұмытамыз? Бәріңіз ғалымсыздар, аттарыңыз көпке әйгілі, бірақ институт қабырғасында педагог екенімізді әрқашан есте ұстай бермейтініміз қалай? (Пауза). Әзірге сау болыңыздар. Бәрі орындарынан тұрады.
ШЕТКІ КІСІ (Ректорға қарап). Қазіргі адамдарда не көп, ақыл көп қой. Сіздің ақыл айтпай, ақтарыла кеңескеніңізге ризамын. Сау болыңыз! Ризалық білдіргендей бәрі жылы қоштасып шығып кетеді.
РЕКТОР (Жауапты секретарьға). Енді не мәселе бар?
ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Әдебиет пәні бойынша, Сіздің араласуыңыз аса қажет болып тұр.
РЕКТОР. Жарайды. Секретарь қыз кіреді.
СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Сіздің Ректор досыңыз келіп тұр еді. Кірсін бе?
РЕКТОР. Келсін деңіз. 2-ректор кіреді. Жауапты секретарь шығып кетеді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27