РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

2-РЕКТОР. Амансыз ба? (Сүлесоқ қол беріп, креслоға жайғасады).

РЕКТОР. Рақмет. Жаман емес. Өз жағдайың қалай? Аң аулауға бардыңдар ма?

2-РЕКТОР. Бардық. Саған қарағанда жұмысымыз тым аз болған соң бардық.

РЕКТОР. Олжалы оралған боларсыңдар?

РЕКТОР. И-иә!.. Менің саған келген шаруам аңшылық хикаясын баяндау емес.

РЕКТОР. Иә? 2-РЕКТОР. Алдымен сені құттықтап қоюыма рұқсат ет.

РЕКТОР. Немен?

2-РЕКТОР. Профессор Камалиев сияқты ірі ғалымды өз жағыңа тартуыңмен.

РЕКТОР. Мен оны өз жағыма тартқан жоқпын. Қызметке шақырдым.

2-РЕКТОР. Іһм… Солай де. Ал, сен оның менімен сыйыса алмағанын, менің үстімнен жоғары орындарға шағым түсіргенін білесің ғой?

РЕКТОР. Білемін.

2-РЕКТОР. Сен соны біле тұрып, оны өзіңе паналатып отырсың?

РЕКТОР (орнынан ұшып тұрып). Па-на-ла-тып? Мұның ойлы азаматқа тән сөз емес. Бір кездегі өзіңнің ұстазың жөнінде, ғылыми жетекшің жөнінде бұлай деуге аузың қалай барады? Сен оның алдында өмір бақи борышты екеніңді білемісің?

2-РЕКТОР. Мені тап солай басқа да мұғалімдер оқытқан болар еді.

РЕКТОР (әрі-бері жүріп). Бәрібір сен сол алғашқы ғылыми ұстазыңа борышты болуға тиіссің. Ол сені ғылым ордасына жетелеп жүріп енгізді. Ал, Камалиевтің саған қандай еңбегі сіңгенін басқа-басқа, мен жақсы білемін ғой. Керек десең, ол сенің кандидаттық диссертацияңның тең жартысын жазып берді. Сен үшін ол кезде құдай жоқ, құдай — Камалиев болатын. Өзіңді жетілдіріп, өзіңді адам еткен ұстазды енді кеп кеудеден итеріп отырсың.

2-РЕКТОР (орнынан тұрады). Сені білмеген екенмін. Іштегі зіліңді жалған әділдікпен жасырып жүрген екенсің ғой. Түсінікті! Осы институттың ректорлығына кандидатураңды ұсынған адамның кім екенін ұмытып қалдың ба?

РЕКТОР. Бұл қызметті маған Орталық Комитет сеніп тапсырған. Және мен сол сенімді ақтау үшін күресемін.

2-РЕКТОР. Міне, гәп қайда жатыр! Демек, сен менің достық ниетіме о бастан сенбеген екенсің ғой!

РЕКТОР. Сенген кездерім де болған. Ол кезде сен бұдан гөрі әділ болатынсың.

2-РЕКТОР. Жара-йды. (Тез-тез жүреді. Кілт тоқтап). Айтпақшы, саған тапсырған екі баланың екеуі де документтерін қайтып алыпты. Неткен масқара! Сенің әділдік принципіңнің алғашқы жемісі болар деп ойлаймын.

РЕКТОР. Мүмкін!..

2-РЕКТОР. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ», деген рас-ау деймін, қалай ойлайсың? Мұндай мақалды білуші ме ең?

РЕКТОР. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мақалды да білем.

2-РЕКТОР. А-а, солай де! Түсінікті, түсінікті. Сау бол! Көріскенше күн жақсы болсын. (Иіле сәлем беріп, шығуға беттейді)

РЕКТОР. Сау бол. Айтпақшы, қабылдау емтихандары жақында бітеді. Аң аулап қайтуға уақыт табылып қалуы мүмкін.

2-РЕКТОР. Мылтық ұстай білмейтін адаммен аңға шығу қауіпті ме деп қорқамын.

РЕКТОР. Мейлің. (Күліп.) Мылтықты қалай ұстауды да үйренерміз. 2-ректор шығып кетеді. Профессор Камалиев кіреді. Қолында бір бума қағазы бар. Асығыс.

ПРОФЕССОР. Білесің бе, неге келгенімді? Білмейсің, ә, білмейсің! (Ректордың алдына қағаздарын қояды.)

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27