Тамаша ғылыми еңбек! Авторы— біздің кафедраның студенті! Ол ғалым болады, үлкен ғалым болады! Жо-жоқ, сен маған қарама, ана қолжазбаны оқып көрші!
РЕКТОР (күлімсіреп). Бұл жұмыстың шет жағасымен таныспын.
ПРОФЕССОР. Не дейді? Қалайша?
РЕКТОР. Ол студентті үлгіре алмағаны үшін институттан шығарып жібере жаздағанбыз.
ПРОФЕССОР. Мүмкін емес, мүмкін емес!
РЕКТОР. Мүмкін болып қалуы да ғажап емес еді. Сол еңбекпен таныс болған соң ғана арашалап қалдық.
ПРОФЕССОР. Дұрыс болған екен. (Әлдене есіне түсіп, ойланып қалады.)
РЕКТОР. Сіз доцент…
ПРОФЕССОР. Тоқта, тоқта! Иә. иә… Мен ол доценттің докторлық диссертациясының жобасымен танысып шыққанмын. Есіме бұрын қалай түспеген? Не деген ұқсастық!
РЕКТОР. Сол доцент бұл жігітті институттан шығарудың жағында болды. Бұл сырды сізге бірінші рет айтып отырмын.
ПРОФЕССОР. Міне, мәселе қайда жатыр! Сонда ол шынымен өз шәкіртінің еңбегін!.. Ақылға сыймайтын нәрсе!
РЕКТОР. Сіз ол студентті қалай тауып жүрсіз?
ПРОФЕССОР. Бүгін өзі іздеп келді. Оқып шыққан бетте осында келіп отырмын.
РЕКТОР. Ол қайда?
ПРОФЕССОР. Осында. Қазір шақырып келемін. (Есікті ашып, оны ішке шақырып алады. Үстінде жұпыны киімі бар, ұяң жігіт ішке кіреді.)
РЕКТОР. Отыр. (Ол шеткі орындыққа жайғасады.)
ПРОФЕССОР. Айтшы қалқам, мына жұмысты басқа біреулерге оқытып па едің?
СТУДЕНТ. Иә.
ПРОФЕССОР. Кімге?
СТУДЕНТ. Ректор ағайға… Сонан соң өз мұғаліміме. Ректор мен профессор бір-біріне карайды.
РЕКТОР. Екі еңбектің бір-біріне ұқсас болуы да мүмкін-ау. Ғылым тарихында ондай фактілер аз ба?
ПРОФЕССОР. Мүмкін? Әйтсе де, күдігім мол. Оның бұған қарсы болуының төркіні осында жатқан сияқты. Есіңде болса айтшы, бұл мақаланы қашан жаздың?
СТУДЕНТ. Тәжірибе жасағаныма төрт жыл болды. Ал, мақаланы жаза бастағаныма үш жыл.
ПРОФЕССОР. Немене, немене?! Тәжірибе! Қайда, қалай?
СТУДЕНТ. Өзімнің… пәтерімде. Үй иесі онша жаман адам емес. Кәрі шал мен кемпір. Кішкентай да болса, бөлек бөлмем бар. Тәжірибе жасау үшін қосымша лыпа салып алғанмын. Кемпір мен шал менің атжалмандарыма бас-көз боп жүреді.
ПРОФЕССОР. Атжалмандар? Сен тәжірибені соларға жасап жүрсің бе?
СТУДЕНТ. Иә. Жер бетінде адамның дегеніне көнбейтін мақұлықтың бірі — атжалмандар. Мен тәжірибені олардан бастағанды жөн көрдім. Ақыры дегеніме көнетін болды.
ПРОФЕССОР. Сонда қалай?
СТУДЕНТ. Әлгінде айттым. Атжалман сырттан берілетін сигналды қабылдамайды. Мен оларды аш ұстадым. Тамақ берер алдында қоңырау соқтым. Бірақ, олар осы шартты бұйрықты ұзақ уақыт қабылдамады. Мен тәжірибені қайталай бердім. 678 рет қайталадым. Сол кезде барып қоңырау үніне атжалман келетін болды. Қоңырауға үйренген атжалманның миын алып, қолға үйренбеген мүлде жабайы атжалманға салғанымда, ол шартты рефлекске өте тез үйреніп кетті. Қазір олардың көпшілігі қоңырауды әртүрлі соғу арқылы тамақ ішуге ғана емес, жата қалып аунауға, екі аяқтап тұруға үйреніп қалды. Оны меңгерген соң алғашқысының миын басқаға салдым.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27