РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Ол да тез үйреніп кетті.

РЕКТОР. Сонымен?!

СТУДЕНТ. Жер бетіндегі ғұлама адамдардың миын осы жолмен сақтап қалуға болады. Бірақ… оның қауіпті жағы да көп.

ПРОФЕССОР (студентке тесіле қарап қалған). Иә, иә… (Тез-тез жүріп кетеді. Жұдырығын алақанына соғып, Ректор мен Студентке кезек қарап, қайта жүреді). Міне!.. Басталды! Бұл ғажап! (Екеуіне жалт қарап). Білесіңдер ме, бұл — биология саласындағы үлкен бетбұрыс. Мұны әлі зерттеу керек, мұны мұқият зерттеу керек! (Студенттің қасына кеп ұзақ тұрады). Қазір қайда тұрасың?

СТУДЕНТ. Пәтерде.

ПРОФЕССОР. Ә-ә! Иә-иә. Айтқан екенсің ғой. Оған төлейтін ақшаны қайдан алып жүрсің? Айт шыныңды!

СТУДЕНТ. Күндіз… Жұмыс істеймін. Үй әктеймін, еден сырлаймын.

РЕКТОР. Іһм. Неге аулыңа қайтпай жүрсің, қазір каникул ғой.

СТУДЕНТ. Баратын жерім жоқ… Өзіммен бірге оқыған балалардың үйіне барып едім, мен танитын ешкім қалмапты. Пауза. Бәрі қимылсыз қалған.

СТУДЕНТ (орнынан тұрып). Мен… кетейін.

ПРОФЕССОР. Қазір бар да пәтер иесімен есептес.

СТУДЕНТ. Қ… қалай?

ПРОФЕССОР. Біздің үйде тұрасың. Тәжірибе жасайтын атжалмандарыңның бәрін институт лабораториясына көшіреміз (Ректорға қарайды).

РЕКТОР. Мен толық қосыламын.

СТУДЕНТ. Япыр-ау… мен…

ПРОФЕССОР. Болды! Қарсыласпа! Мына мақаланы үшеуміз отырып кеңінен талқылаймыз. Сонан соң баспаға береміз! Бұл мақала – біздің биология ғылымының даңқын шығаратын мақала болады!

СТУДЕНТ. Сіз… Сіз шын айтып тұрсыз ба? Шынымен-ақ, бұл сіз мақтағандай жаңалық па?

ПРОФЕССОР (көзінің жасын сүртіп, оны кеп құшақтай алады). Шыным… Құдай шыным! Біз үлкен жаңалықтың табалдырығында тұрмыз!

РЕКТОР (телефон дискісін бұрайды). Алло, бухгалтерия ма? Степан Сергеевич, бұл мен ғой. Институтқа салынып жатқан жаңа лабораторияның қаржысынан екі жүз сом ақша бөліп, документін кассаға түсіріңізші. Жо-жоқ, маған емес. Студентке. Иә-иә, студентке! Ондай заң болмаса жасап көрейік. Өзім қол қоям. Документті ме? «Ғылыми мақсат үшін» деп толтырыңыз. Түстен кейін алатын болсын. Жақсы. (Трубканы қояды).

РЕКТОР (студентке қарап). Түстен кейін келіп ақшаңды ал да, пәтеріңе төле. Қалғанын керегіңе жаратарсың. (Күліп). Бұл сенің ғылымдық болашағың үшін берілген аванс.

ПРОФЕССОР. Рақмет саған, көп-көп рақмет!

РЕКТОР. Білесіз бе, мен сізді қызғанып отырмын.

ПРОФЕССОР. Не үшін?

РЕКТОР. Сіз басқа шәкірт тауып кеттіңіз. Мен далада қалдым.

ПРОФЕССОР (күліп). Шәкірт ешқашан далада қалмайды. Ұмытылса ұстаздар ұмытылады. Телефон шырылдайды.

ПРОФЕССОР (қағаздарды жиыстырып). Ал, біз кеттік. Сау бол.

РЕКТОР (трубканы көтеріп жатьт). Жақсы, жақсы. Сау болыңыз. Ойласу керек болса, барлық уақытта дайынмын. Профессор мен Студент шығып кетеді.

РЕКТОР. Алло, мен тыңдап тұрмын. Иә, не өзгеріс бар? Температурасы қандай? Жақсы болған екен. Өзімен сөйлестің бе? Өзімен сөйлестің бе деймін? (Күлімдеп). Иә, не айтты? Міне, тамаша. Енді сауығып кетер. Хат келді? Артектегі тентек сарыдан ба? Не жазыпты? Е-е! Жағдайлары жақсы екен. Түстен кейін ауруханаға барғаныңда тентек сарының хатын ала бар.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27