РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Оқысын. Бауыры ғой. (Күледі). Кім, кім дейсің? ГорОНО-ның  бастығы? Иә, ол маған неге келеді? Мәссаған! Япыр-ай, сен де қарап жүрмейді екенсің, емтихандарына түк те қатысым болған жоқ. Рас, рас. Енді маған сенбейсің бе? (Есіктен ГорОНО-ның бастығы кіріп келе жатады). Жарайды, айтқан кісіңнің өзі де кіріп келе жатыр. (Трубканы кояды). О-оу, сәлематсыз ба? Келіңіз, келіңіз!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Япыр-ай, бір қалада тұрсақ та шаруамыз болмаса жолықпайтын боп барамыз-ау. Сәлематсыз ба, дені-басыңыз сау ма? (Қол беріп амандасады).

РЕКТОР. Рақмет. Өз денсаулығыңыз қалай? Кемпір-шалыңыз аман ба?

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Шүкір. Аман-есен.

РЕКТОР. Отырыңыз.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, рақмет. Мен сіздің уақытыңызды алмайын. Осы жерден қайтамын. Тек, өзіңізге келіп, рақметімді айтып шығайын деп едім.

РЕКТОР. Иә, не үшін?

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Айтуын айтып алып, соным бекер болды-ау деп өзімнен-өзім қатты қысылып жүр едім. Сөзімді жерге тастамапсыз. Інішегім төрт емтиханның төртеуінен де үздік деген баға алыпты. Сізге көп-көп рақмет!

РЕКТОР. Төрт пәннің төртеуінен де?!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә. Төртеуінен де.

РЕКТОР. Қабілетті бала екен. Жара-айды!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Е, қанша қабілетті болғанмен… Сіз болмасаңыз. (Күледі).

РЕКТОР. Мен ол баланың емтиханына бірде-бір рет араласқан емеспін.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Япыр-ай, әзіліңіз шынға бергісіз-ау сіздің. (Күледі).

РЕКТОР. Жо-жоқ, мен анығын айтып отырмын.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Жарайды, жарайды. Мен сіздің уақытыңызды алмайын. Рақмет. Сау болыңыз! (Күлген бойы шығып кетеді. Ол шығып бара жатып Доцентке соқтығысып қала жаздайды).

РЕКТОР (күдіктеніп). Иә, сіз қайдан жүрсіз?

ДОЦЕНТ. Імм, мен жай… Үш айлық демалыс сұрайын деп едім… Докторлық диссертация жазуға…

РЕКТОР. Әкеліңіз арызыңызды…

ДОЦЕНТ (сасқалактап). Ә… ә… Мен әлі жазған жоқ едім. Принципін келісейін деп…

РЕКТОР. Імм. Принципін деңіз. Докторантураға келесі жылдың күзінде барам деп жүр едіңіз ғой. Сол арызыңыз менде жатыр.

ДОЦЕНТ. Ғылыми жоспарларымның өзгеруіне байланысты сізбен сөйлесейін деп едім. РЕКТОР. Жоспарыңыз дайын ба?

ДОЦЕНТ. Ауызша айтсам ба екен, әлде…

РЕКТОР. Жазбаша түрде әкеліңіз.

ДОЦЕНТ. Жарайды, жарайды. Келесі дүйсенбіде әкеп берейін.

РЕКТОР. Солай етіңіз. Сонан соң, Ректорға кірмей тұрып сөйлесетін сөзді де, кірісетін жоспарды да дайын етіп алу керек. Егер шын ойыңыз болатын болса!..

ДОЦЕНТ. Менің сөзіме күдіктеніп отырсыз ба?

РЕКТОР. Неге? Сенемін, сенемін! (Астарлап). Сенгенде қандаа-ай!..

ДОЦЕНТ. Сіз ешкімге сенбейсіз. Өз адамдарыңызға ғана сенесіз.

РЕКТОР. Өз адамдарым?! Олар кімдер?

ДОЦЕНТ. Осындағы төрт-бес кісі. Айталық, профессор Камалиев. Жаңадан келген менің бастығым!.. Өткен жолы бүкіл кафедра мұғалімдерінің алдында менің беделімді төгіп, қатаң сөгіс бердіңіз. Мен оны ұмыта алмаймын.

РЕКТОР. Ұмытпағаныңыз дұрыс. Сонда әділетсіздікті қайталамайтын боласыз.

ДОЦЕНТ. Әділетсіздік? Ол қандай әділетсіздік?

РЕКТОР. Жасаған әділетсіздік адамның өзіне ешқашан байқалмайды.

ДОЦЕНТ (күйінген боп). Япыр-ай, не боп барады бұл!.. 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27