РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Қайдағы бір әумесер студентке бола… мені, доцентті!..

РЕКТОР. Айтпақшы, сол «Әумесер» студенттің ғылыми мақаласының толық түрімен танысып шықтық. Камалиев екеуміз. (Доцент селт ете түседі). Үлкен жаңалық бар екен. Әрине, ол тәжірибенің адам баласына пайдалы да, пайдасыз да жақтары болуы мүмкін. Оның төңірегінде талай-талай таласты пікірлер туары анық. Бірақ, студенттің дарынды екенінде, одан болашақта үлкен ғалым  шығатынында дау жоқ. Ол мақаланы редакциялап шығып, баспаға ұсынуды жоспарлап отырмыз.

ДОЦЕНТ. Баспаға?!

РЕКТОР. Иә-иә, баспаға. Оның тәжірибе жасап жүрген атжалмандарын институт лабораториясына көшірмекпіз.

ДОЦЕНТ. Сту… студентке лаборатория ма?

РЕКТОР. Не таңданатыны бар? Бүгін студент, ертең аспирант. Бүрсігүні аты әйгілі ғалым.

ДОЦЕНТ. Жастарға көрсетіп жатқан әкелік қамқорлық! Жоғары жаққа солай деп ақпар бересіз ғой.

РЕКТОР. Жоқ. Ешқайда да ақпар бермейміз. Студенттің ғылыми жұмысын онан әрі жүргізу үшін Финанс министрлігінен қосымша ақша сұраймыз.

ДОЦЕНТ. Солай деңіз… Жақсы, жұмыстарыңыз сәтті болсын.

РЕКТОР. Рақмет. Өзіңізге де соны тілеймін. Өйткені, ол жұмыс сіздің кафедраңыздың жемісі боп есептеледі. Жарық сөнеді. Жарық қайта жанғанда, Ректордың кабинеті көрінеді. Ректор екі қолын артына ұстап, терезеге қарап тұр. Сәлден соң бұрылып, әрлі-берлі жүре бастайды. Әлденеге қатты күйінулі. Есіктен профессор Камалиев пен баяғы Шеткі кісі кіреді. Ректор оларды байқамай, терезе алдына кеп тұрады.

ПРОФЕССОР (бірінен соң бірі). Сәламат па? Сәламатсызба?

РЕКТОР ұрылып). Ә, сәлематсыздар ма? Келіңіздер, отырыңыздар. Не жаңалықтарыңыз бар?

ПРОФЕССОР. Естідің бе?

РЕКТОР. Иә. Естідім. Министрліктің өзінен телефон соқты.

ШЕТКІ КІСІ. Япыр-ау, бұл деген… бұл деген масқара ғой, жала ғой!

ПРОФЕССОР. Иә! Осындай масқара әрекеттер адамның қаншалықты уақыты мен күш-қуатын зая кетіреді десеңізші!

ШЕТКІ КІСІ. Жоқ, оны бұлай қалдыруға болмайды. Барамыз, бәріміз барып, мән-жайды ұғындыруымыз керек!

РЕКТОР (езу тартып). Керегі жоқ. Әуре болмаңыздар. Одан еш нәрсе өнбейді.

ПРОФЕССОР. Мәселеңді қашан қараймыз депті?

РЕКТОР. Ертең сағат онда. Жоғары оқу министрлігінде. (Профессорға). Жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?

ПРОФЕССОР. Жаман емес. Машинкаға бастырғанда 63 бет болды. Ертең өзіңе оқытуға әкелем.

РЕКТОР (күліп). Бәлкім, ертең мен ректор боп қызмет істемеспін.

ПРОФЕССОР (паузадан соң). Сен бәрібір ғалымдықтан түспейсің.

РЕКТОР (дауыстап күліп). Ә-ә, солай деңіз! Рақмет! Есік ашылып, тасырлай басып «заошник» келеді.

«ЗАОШНИК». Кешіріңіздер… жиналыс болып жатыр ма еді?

ШЕТКІ КІСІ. Бұл ректордың кабинеті ғой, неге рұқсатсыз кіресің?!

«ЗАОШНИК». Асығыс кетіп бара жатыр едім… Сәлем беріп кетейін деп… Кешіріңіздер (Кетуге ыңғайланады).

РЕКТОР. Кел, кел. Шәкірттің еркелігіне не жетсін. Үй ішің аман ба? Ақсақалдың халі қалай?

«ЗАОШНИК». Жаман емес. Сізге сәлем айтып жатыр.

РЕКТОР. Сәләмат болсын. Өзің қалайсың?

«ЗАОШНИК». Сізге мың да бір рақмет, аға. Оқуды бітіріп, қызмет істеп жатырмын.

РЕКТОР. Не қызмет?

«ЗАОШНИК». Автоклуб меңгерушісімін.

РЕКТОР. Автоклуб?!

«ЗАОШНИК». Иә, бұрын да сонда істегем.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27